Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен әдеби-сазды кеш ақын, сазгер Жаяу Мұса Байжанұлының туғанына 185 жыл толуына орайластырылды.
Жаяу Мұса бала кезінен тағдыр теперішін көп көрген. Анасынан ерте айырылып, кедейлікте өмір сүрген ол еш қиындыққа мойымай, білім алуға бар күш-жігерін салған. Ол жас кезінен домбырада шебер ойнап, көптеген әндер айтып, күй тартқан. Болашақ дарын қобыз, домбыра, сырнай, скрипка тарту өнерінің де қыр-сырын меңгеріп, жетпіске тарта ән жазған. Бүгінгі күні бізге сазгердің қырық бес әні мен бес күйі жетіп отыр. Орыс пен қазақ тілдерін жетік меңгерген оның есімі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер ретінде де ел тарихында қалды. Өнерпаз Омбыдағы орыс мектебінде оқып жүргенде “Қыздар-ай” атты өзінің алғашқы өлеңін шығарды. Оның Жаяу Мұса деп аталуының өзіндік бір тарихы бар. Жігіт шағында Мұса сол кездегі әкімдердің, би-болыстардың парақорлығын әшкерелеп, елге тілі өткір, биліктен қорықпайтын азамат ретінде танылды. Әсіресе, Баянауылдың аға сұлтаны Мұса Шорманов пен оның інісі Мұстафаның зорлық-зомбылығын әшкере етеді. Атқамінерлердің жағымсыз қылықтары жөнінде Омбы генерал-губернаторына шағым жазады. Осы әрекеті үшін ағайынды Шормановтар оның жалғыз атын тартып алып, “жаяу” қалдырған екен.
Әдеби-сазды кеш барысында Жаяу Мұсаның өмірінен өзге де қызықты оқиғалар айтылып, Ақан сері атындағы облыстық филармония әншілері сазгердің танымал әндерін орындады. Сонымен қатар жиналған қауым ақынның шығармашылық еңбегі жайлы тың деректерге қанықты. “Жаяу Мұса Байжанұлы әндерін күні бүгінге дейін халық сүйіп тыңдайды. Ол шығармалары арқылы әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеп, махаббатты жырлады, туған жер табиғатын суреттеді. Әйгілі “Ақ сиса”, “Баянауыл”, “Сұрша қыз” сынды әндері қаншама уақыт өтсе де, халық жадында сақталып, әлі күнге дейін орындалып келеді”, – деді шараға қатысқан Марал Зейнел-Ғабиқызы.
Әйгерім СҰЛТАНОВА.