«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ БАСЫЛЫМНЫҢ ОРНЫ — ТӨР

Қазақ халқының біртуар перзенті, ұлы ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың есімін иеленген ауданның жері құтты, табиғаты сұлу, тұрғындарының бірлігі мен ынтымағы жарасқан. Бір кездері сыңаржақ саясаттың салдарынан “депрессияға ұшыраған” аудандардың қатарына жатқызылып, қаражат “қалдық принципімен” бөлінген кездер де болған. Қолдан жасалған кедергілер мен жасанды қиындықтарды сан мәрте бастан өткергеніне қарамастан ел тәуелсіздігінен бергі жылнамасына көз жүгіртетін болсақ, адам мерейін тасытатын асулар мен жеткен жетістіктер атан түйеге жүк боларлық. Бүгінгі күні тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, облыстың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне лайықты үлес қосып келе жатқанын, жылды торқалы тартулармен аяқтайтынын статистикалық деректер айқын аңғартады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 4,8 есеге, негізгі капиталға салынған инвестиция 39,4 пайызға, өнеркәсіп 2 пайызға ұлғайған. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 23433,9 млн. теңгені құраған. Кен өндіруде, электрмен, сумен жабдықтау салаларында айтарлықтай өсім бар.

Бұған дейін бірнеше ауданға, облыстық деңгейдегі ірі мекемелерге жетекшілік етіп, іскерлік, ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен танылған Қайрат Пішенбаевқа алыс аудан тізгіні сеніп тапсырылғанына көп бола қоймаса да, жұртшылықты ортақ міндеттерге жұмылдыру жолындағы қажыр-қайраты мен табанды мақсаткерлігі бірден сезіледі. Қайрат Сәкенұлы жедел шешімін табуы тиіс мәселелерге байланысты облыс орталығына суыт аттанып кеткендіктен, бізді әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айгүл Жауарова жылы шыраймен қарсы алып, сұрақтарымызға толыққанды жауап беріп отырды. Әңгіме ұлттық баспасөзге, оның ішінде облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетіне жазылу жайына ойысқанда нақты мәліметтерді қолымызға ұстата қойды. “Адамдар сауатты, көзі ашық, оң-солын жақсы таниды. Мекемелердің таңдауларына қарай реттеліп, жазылу ерікті түрде жүргізіледі. Бұл мәселе Қайрат Сәкенұлының тікелей бақылауына алынған. Басшылар – өзіміз үлгі болып жазылып жатырмыз. Аудан тұрғындарының 90 пайызын қаракөздеріміз құрайды, біз үшін өңірдегі жалғыз қазақ басылымының орны айрықша”, – деді Айгүл Зендақызы.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Айтқазы Әубәкіров та баспасөзге жазылу науқанына кіріскендерін, мұғалімдер бірінші кезекте жергілікті басылымдарға таңдау жасап жатқанын, білім мен ғылымға ұмтылған жастар шоғыры қалыптасқанын тілге тиек етті. Аудан мектептері бірнеше жыл бойы бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша көшін бастап келеді. Биылғы көрсеткіштер де қуантарлық, екінші орынды иеленген. Сынаққа қатысуға тілек білдірген 101 оқушының 13-і “Алтын белгі”, осыншасы үздік аттестат иегері атанса, 75 түлек грант жеңіп алған. Тамаша жетістік! 24 мектепте, 2 балабақшада, 22 шағын орталықта 1400-дей адам жұмыс істейді екен.
“Ауданның бас санитар дәрігерінің шешіміне сәйкес 21 мектеп штаттық, 3 мектеп аралас режімде оқиды. Биыл инклюзивті білімді қолдау орталығы, логопункт ашылды. Аудандық бюджет есебінен 120 ноутбук, моноблок сатып алынды. Республикадан 176 планшет келді. Қосымша 150 дана ноутбук күтіп отырмыз. Соңғы бес жылда 12 мектеп қалпына келтірілді. Бұрындары жөндеу жұмыстарына 40 млн. теңге мөлшерінде қаражат қарастырылса, қазір 5 еседей көбейді”, – дейді Айтқазы Әлімбайұлы жаңалықтарымен бөлісіп.
Биыл “Дипломмен – ауылға!” және “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламалары бойынша ауданға 30 жас маман келіп, түпкілікті орнығыпты. Бала саны жетпегендіктен шағын ауылдардағы бастауыш мектептер түгелімен жабылған. 9 жылдық мектептің өзі – алтау ғана. Бірқатар елді мекендердің балалары Телжан мен Кішкенекөлдегі интернаттарда жатып оқиды. Бір қуантарлығы, ауданда орыс тілді мектептер жоқ. Әттеген-айы, 2747 баланың төрттен бірі аралас мектептердегі орыс сыныптарына барады. Түгелге жуығы өзіміздің қаракөздер!
Аудан әкімінің орынбасарлары Бағлан Сабыров және Дархан Бейсенбинмен әңгімелесіп отырмыз. Өздері жетекшілік ететін салалар төңірегінде біраз мағлұматтар берді. Екеуі де ауылдарды көркейту, адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту, жұмыссыздықты азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, сөйтіп жылды жемісті қорытындылау мәселелерін кеңінен қамтып, атқарылған істерді саралады, болашақты бағамдады. Күнгейден теріскейге көшіп келушілер қарасының молдығы көңіл тоғайтады. Нәтижелі еңбекпен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 50 баспана тұрғызу жоспарланған, жартысынан астамы бой көтеріпті. Қаражат республикалық қазынадан қарастырылған. Ауданға көшуге ниет етушілердің алды келіп, жергілікті жағдаймен танысып кетіпті. Жүктерін буып-түйіп, тас-түйін әзірленіп жатқандар аз емес. Қулыкөл, Қаратал, Береке ауылдарын таза сумен қамтамасыз ету мақсатымен 575 млн.теңге бөлініп, қаражаттың 95 пайызы игеріліпті. Қараша айының аяғында пайдалануға берілмек. Жасқайрат пен Тоспа арасындағы 30 шақырымдық жолды жөндеуге 390 млн. теңге қарастырылған. Тұтастай алғанда, жолдарды қалпына келтіруге 3,8 млрд. теңге бағытталатын болады. Аудан орталығындағы көшелер асфальтталып,округтерде балалар алаңқайлары салыныпты.
Оңтүстіктен келетін шағын және орта бизнес өкілдері жылыжай саласын дамытуға басымдық беріп, тұрғындарды жұмысқа орналастыруды өз міндеттеріне алыпты. Олардың бір тобы Аққұдық, Қарасу ауылдық округтеріне қоныстанбақ.
“Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың тікелей тапсырмасымен мал шаруашылығын, оның ішінде сүт фермасын көбейтуді қолға алып жатырмыз. Аудан орталығынан 200 шақырым қашықтықтағы Қулыкөлде Саян Мүбәрак жетекшілік ететін “Бүркіт” әлеуметтік-өндірістік кооперативі бар. Ел азаматының атқарып жатқан шаруалары ұшан-теңіз. 31 бас симменталь тұқымдас сауын сиырларды Германиядан әкелді. Қалған 65 сиыр жуық маңда жеткізіледі. Иесіз қалған ғимаратты қалпына келтіріп, сүт фермасына айналдырды. Мал сою қосынын ашты. Сенесіз бе, өңірде жоқ кірпіш зауытын салып, Ақмола мен Павлодардан түсетін тапсырыстың көптігі сонша, екі ауысымда өнім шығаруға тура келді. Тапсырыс беру үшін апталап кезекке тұрады. Балаларға күрес залын ашып, спорт жабдықтарын орнатып берді”, – деген Дархан Бейсенбинің бір сөзі бізді ойға қалдырды.
Бір мыңға жуық тұрғыны бар Қулыкөл ауылын ертеден білуші едік. Ең алғаш 2004 жылы жолымыз түскен. 1928 жылы ТОЗ-ға бірігіп, мал, егін өсірумен айналысқан. 1931-1932 жылдары аштыққа ілігіп, тұрғындары Сібір ауғанда ауыл қаңырап, бос қалған. 1934 жылы Қажытай Усин, Нұрғали Үкеев сынды азамататтар елдің басын қайта біріктіріп, бастауыш сынып ашқан. 1937-1938 жылдары “банды ұйымдастырды” деген жаламен көп адамдар атылып кеткен. Осында белгілі жазушы Сәкен Жүнісовтың әкесі Нұрмақ жаңа мектеп ғимаратын салуға бастамашы болған. Бұл қасиетті өңірден екі генерал, үш полковник, үш ғылым докторы, он ғылым кадидаты шыққан.
Ұлылықты ұлықтау, дәріптеу ұлт дәстүрі десек, рухани-адамгершілік, патриоттық сезімдердің ұясы, ордасы іспеттес Қулыкөл секілді қасиетті елді мекеннің экономикалық жағынан әлеуеттілер санатына енбей қалуы мүлдем түсініксіз. Мұнда барлық әлеуметтік нысандар қалыпты істеп тұр. Тиісті министрліктің өкілдері нендей талап қойды десеңші? Ауылға қатынайтын жол грейдер емес, асфальт болуы тиіс деп белден бірақ сызған. Алтын Орда дәуіріне жататын “Қызыл оба” ескерткішінің осы ауыл жанынан табылуының өзі неге тұрады? Облыстың киелі орындар картасы тарихи, көркемдік құны өлшеусіз жәдігермен толығып, жергілікті маңызды нысандар қатарын толықтырды. Археологтардың пайымынша, қорым Алтын Орда дәуіріне тиесілі. Яғни, ХІV-ХVІ ғасырларда салынды деген болжам негізсіз емес. Бұл жерде Жошы хан кезіндегі және одан кейінгі хандар мен төрелердің ұрпақтары жерленген деген қисын шындыққа келеді. Мазардың Сілеті өзені бойынан табылуы тың ғылыми жаңалық болумен қатар туризм саласын дамытуға да зор мүмкіндіктер берері сөзсіз. Жергілікті өлкетанушы Сағидолла Икенов Қулыкөл маңындағы “Қызыл оба” деп аталатын жер атауы қанды шайқастарды да аңғартады деген болжамды алға тартады.
Жері киелі, топырағы құнарлы ауданның шөбі шүйгін, суы мөлдір. Жазира даласы қандай кең болса, адамдары да сондай ақжарқын, еңбекшіл, ұйымшыл. Қажым Мусипов, Қибадат Оразалин, Шәрім Халықов, Федор Моргун секілді Социалистік Еңбек Ерлері, жазушы Сәкен Жүнісов, ғылымға зор еңбегі сіңген Ғайнидден Мұсабаев, Тұрсынбек Мәліков, Серік Негимов, Саттар Мәжитов секілді ғалымдар өсіп-өніп шыққан. Медицина ғылымдарының докторы Серік Тоқпанов – әлемге белгілі хирургтардың бірі. Жүрек және қан тамырлары ауруларына күрделі ота жасайды. Халықаралық хирург-гепатолог.
Сұхбатымыздың соңында Ақжар ауданында Марат Шәпенов, Дәуіт Құдияров, Қызылжар ауданында Анатолий Шушомоин, Петропавлда Жомарт Омаров, Ерлан Тоқшылық, Бақытжан Сәмиева, Елена Семидоцких секілді жанашырларымыз ұжымды, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды “Soltústik Qazaqstan”-ға жаздырту бастамасын қолдап, қаржылық қолдау көрсетіп жатқанын айттық. “Әрине, бұл хабар Сүйіндік Жолдасбаев пен Саян Мүбәрактің құлағына тисе, қарап жатпасы анық. Бұл бастамадан өзіміз де қалыспаймыз”, – деп әкімнің орынбасарларының сенімді үнмен қосарлана жауап бергені көңілімізді бір көтеріп тастады. “Жолдасбай-Агро” ЖШС-нің басшысы Сүйіндіктің есімі оқырмандарымызға жақсы мәлім. Осыдан екі жыл бұрын ауданның 90 жылдық мерейтойына арнайы ұйымдастырылған айтыста 12 жыр сүлейінің әрқайсысына сәйгүлік мінгізіп, шапан жапқан Атымтай жомарттығын жазған болатынбыз. Сүйіндік секілді ұлтжанды азаматтар басылым тиражының көбеюіне атсалысып жатса, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Саян Мүбәрак та бұл игі істен қалыс қалмайды деген ойдамыз.


Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретте (солдан оңға қарай): Кішкенекөл ауылдық округінің әкімі Сапар Сәниев, аудан әкімі Қайрат Пішенбаев және әкімдік қызметкері Махаббат Сүлейменова газеттің жаңа санымен танысуда.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp