«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ КИІМНЕН ҰПАЙЫМЫЗ ТҮГЕЛ МЕ?

“Заман жаңа, түр жаңа, киім жаңа, кінәлама ерсі деп мұнымды, ана”, – деп Фариза Оңғарсынова жырлағанындай, бүгінгі таңда жастардың киіміне қарап, кейде таңғаласың. Батысқа бас иіп, мәнсіз сұлулықпен сәнденіп жүрген қыздар мен жігіттер айналамызда қаншама?! Бұл сонда ненің көрінісі? Ұлттық киімдерімізді ұлықтай алмай жүргенімізден бе, әлде төл мәдениетімізге деген сүйіспеншіліктен еліктегіш әдетіміздің басым түсіп жатқаны ма? Бірқатар оқырмандарымыз осындай сауалдар төңірегінде ой бөліседі.

Нұрдана, 28 жаста:

– Қазір ұлттық киімдер кеңінен таралуда. Балабақшада, мектепте, тіпті, жастар мен үлкендер арасында да ою-өрнегі салынған әдемі киімдерді киіп алғандарды бұрынғыға қарағанда жиі кездестіруге болады. Әсіресе, үйлену тойларында қалыңдық шетелдің үлгісіндегі емес, өзіміздің қазаққа тән қос етек көйлек киіп, кезінде ата-бабамыз бір үйір жылқыға бағалаған сәукелесімен тойдың ажарын аша түскенде мерейің бір көтеріліп қалады. Жиын-тойларда әжелеріміз оюлы қамзолын киіп, жеңгелеріміз басына арындай аппақ жаулық таққан кезде жүрекке ерекше қуаныш сезім ұялайды. Осындай жақсы көріністерден өнеге алсақ, ешкімнен ұтылмаймыз, керісінше, өзгелердің алдында ұпайымыз түгенделеді.

Сәуле, 46 жаста:

– Мен жеке кәсіпкермін. Осыдан бір жылдай бұрын ұлттық киім-кешек дүкенін аштым. Өкінішке қарай, жұмысым ойдағыдай алға баспады. Үйіп-төгіп қазақтың ұлттық киімдерін тіккізгенімізбен, сатып алушылар саны көңілден әлі де шықпай тұр. Қазекем ою-өрнегі көмкерілген киімдерді 22 наурызда, Жаңа жылда немесе балалары балабақша мен мектепте мерекелік шараларға қатысқан кезде ғана іздейді. Ал қалған уақытта ұлттық киімдерімізге деген сұраныс аз. Заман талабына сай болуды мақсат етіп, күнделікті киімдерге заманауи стильдегі элементтер қосуды да ойластырдық. Бірақ сонда да дүкенге келгендердің көбінің көңілдері Қытайдан, Бішкектен алынған көйлек-көншектерге ауып тұрады.

Гүлзат, 20 жаста:

– Ұлттық нақышта тігілген киімдердің қазір неше түрлісі бар. Бірақ осының барлығы жай жансыз жарнама ғана. Бұл жағынан алғанда Түркімен елінің тәжірибесінен үлгі алуға болатын сияқты. Оларда ұлттық киімге көп мән беріледі. Және біз сияқты мерекеде ғана киіп, сосын іліп қою деген жоқ. Яғни, өз ұлтыңның иісі шығып тұратын салт-дәстүрге сай киімдерді күнделікті жұмыста киіп жүру бойларына ана сүтімен дарыған. Өкінішке қарай, біздің қоғамда ондай түсінік әлі жоқ. Болған, бірақ соны жоғалтып алған сияқтымыз.

Сауалнаманы жүргізген

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp