
Тарихтың жаңа жолын жазып, табалдырығымыздан аттаған 2016 жыл қазақ халқы үшін мерейлі мерекелерге толы болмақ. Биыл дүйім Қазақстан жұрты тағдырдың қымбат тартуы – тұғырлы Тәуелсіздік мерекесінің 25 жылдығын тойлайды. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде еңселі егемендікке арналған маңызды шаралар бастау алуда. Осындай шара Петропавлдағы Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театры алаңында да өтті. Жиынды ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов:
– Тәуелсіздік алғалы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатының арқасында халқымыз биік белестерге көтерілді. Егемен ел атанған ширек ғасыр ішінде еліміз құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде әлемге танылды. Еліміздегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісім әлемге үлгі болды, жетпістен астам халықаралық ұйымның белді мүшесі атандық. Соңғы бес жылдың ішінде ғана индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа кәсіпорындар құрылып, мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Ендігі міндетіміз – Тәуелсіздігімізді баянды етіп, “Мәңгілік Ел” атану. Әлемнің өркениетті елдері салған сара көшке ілесіп, дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін солтүстікқазақстандықтардың да қосатын үлесі зор деп ойлаймын. Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын өзінің өткеніне мақтанышпен және болашаққа деген сенімімен қарсы алады. Бірлігіміз бен берекеміз баянды, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгі болсын! – деді.
Содан кейін облысымыздың маңдайалды өнер ұжымдарының өнерпаздары патриоттық рухты оятатын әсем әндерді шырқады. Өңіріміздің 100-ге жуық өрені бір мезетте флешмоб биін биледі. Жастар аспанға ұшырған шарлар, отшашулар жиынның маңызын арттырып, көріктендіре түсті.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.