Азаттық таңы атқан күннен бастап қазақ тарихы жан-жақты зерттеліп, зерделенді десек те, Алаш қайраткерлері және олардың еңбегі туралы әлі де болса толық білеміз деп айта алмаймыз. Алаш арысы, Алашорданың Батыс бөлімі жетекшілерінің бірі Жаһанша Досмұхамедов сынды тұлғалардың саяси қызметі туралы көп айтылмайды.
Жаһанша Досмұхамедов – қазақ халқының көрнекті мемлекет қайраткері, жоғары білімді алғашқы заңгерлердің бірі, саясаткер, Алашорда үкіметінің өкілі, I-II Мемлекеттік Дума мүшесі. 1885 жылы Сырым ауданы, Бұлдырты ауылы, Тамды өзені бойында дүниеге келген. Әкесі Досмұхамед Жайық өңіріне аты мәлім дәулетті, көзі ашық кісі болған.
Жаһанша Досмұхамедов жастайынан етінің тірілігімен көзге түсіп, 1896 жылы ауыл мектебін бітіргеннен кейін Орал қаласындағы реальдық әскери училищенің дайындық класына қабылданды. Әскери дайындықпен қатар дүниәуи пәндерден сабақ берген Ескоев, Михайлов, Звябин, Глизенгер тәрізді мұғалімдерден тиянақты білім алып, үздік оқыды,сыныптан-сыныпқа емтихансыз көшіріліп отырды. Оның есімі әрдайым училищенің Құрмет тақтасына жазылатын. Сондай-ақ, ол мұндағы әуесқой драма үйірмесінің жұмысына, “Ревизор” тәрізді пьесаларды сахналауға қатысып, әдеби шығармаларды мәнерлеп оқумен көзге түсті. Бұл жерде Халел Досмұхамедов, Жалмұхамед Сүйінтұрұлы, Нұрғали Ипмағамбетов, Нұрғали Досбайұлы, Ғұбайдолла Бердиев, Шабһазкерей Күсепқалиев сияқты болашақ қоғам қайраткерлерімен араласып, осы топтың әсерімен алғашқы саяси-қоғамдық көзқарасы қалыптасты.
1904 жылы училищені бітіріп, 1906 жылы белгілі қоғам қайраткері, заңгер Бақытжан Қаратаевтың ақылымен Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түсіп, оны 1911 жылы үздік тамамдайды. Осы оқу орнында орыс және батыс ғалымдарының озық ойлы еңбектерінің ықпалымен заңдық-құқықтық қоғам жетістіктеріне көз жеткізіп, дамудың төменгі сатысында қалған қазақ үшін азаматтық-заңдық билік түріне көшудің аса қажет екендігін ұғынды. С.А.Андреевский, Н.П.Карабчевский, А.Ф.Кони, Ф.Н.Плевако, В.Д.Спасович сияқты Ресейдің атақты адамдарының өмірі мен қызметін зерттеп, сөз өнерінің қыр-сырын меңгерді. Оралға оралып, заңгер болып жұмысқа орналасты, жергілікті баспасөз беттерінде жер, ұлт мәселесіне қатысты батыл ой айтып, мақалалар жариялады. Бұдан кейін Орал генерал-губернаторы соңына түсіп, Том қаласына қызметке кетуге мәжбүр болды. 1911-1917 жылдары әуелі адвокат, кейін Том округтік сотының Каинск уезі бойынша прокуроры қызметтерін абыроймен атқарды.
1917 жылғы атышулы ақпан төңкерісінен бастап ол саясатқа батыл араласып, сол жылдың сəуірінде Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Əлібековтің ұсынысымен осы өлкеге келеді. Ол сол жолы Орал облыстық комитетінің бірінші қазақ съезін жинау жөніндегі жұмысына белсене қатысады. 1917 жылдың 19-22 сəуірі күндері аралығында Орал қаласында қазақтардың облыстық бірінші съезі өтті. Маңызды шараға дайындық жан-жақты жүргізілді және 800-дей делегат қатысты. Жайық қазақтары үшін өмірлік маңызы бар бірқатар қарар қабылданды, соның ішінде тұрақты Жайық сыртқы облыстық қазақ комитеті сайланды, жаңадан жергілікті басқару құрылымы белгіленді. Сонымен қатар Жаһанша Досмұхамедов Мәскеуде өтетін I Бүкілресейлік мұсылман съезіне делегат ретінде сайланды.
1917 жылы Мәскеуде көпес Асадуллаевтың үйінде өткен I Бүкілресейлік мұсылман съезінде Жаһанша Досмұхамедов ерекше белсенділігімен көзге түсті. Сол жиында ол Ресей мұсылмандарының кеңесі – Бүкілресейлік “Шуро-и-ислам” комитеті төрағасының орынбасары қызметіне ұсынылды. Осы сапарында Уақытша үкіметтің құрылтай жиналысы жөніндегі заң жобасын әзірлейтін айрықша кеңесіне мүше болып енді. 1917 жылдың жазында және желтоқсан айында өткен I және II Жалпықазақ съездеріне Орал қазақтары атынан делегат болып қатысып, Алашорда үкіметіне (Уақытша ұлт кеңесіне) мүше, “Шуро-и-исламға” II Жалпықазақ съезі атынан өкіл болып сайланды. 1918 жылғы сәуір айында Қазақ әскери үкіметі мен Орал Қазақ земство басқармасы әскери-саяси одақ жөнінде келісімшарт жасасып, бұл ұлттық құрылымды Жайық сыртына, қазақ ауылдары арасына көшіру жөнінде шешім қабылданды. Таңдау Жымпиты қалашығына түсті. Жаһанша Досмұхамедов 1918 жылғы мамырда Жымпитыда өткен ІV Қазақ Орал облыстық съезіне төрағалық етіп, Орал губерниясының Жайық сыртқы бөлігін біріктірген дербес әкімшілік – “Ойыл уәлаяты” Уақытша үкіметінің төрағасы болып сайланды.
Жаһанша Досмұхамедов 1918 жылы 8-23 қыркүйек күндері аралығында өткен Уфа кеңесіне де белсене қатысты. Кеңес күндері оның басшылығымен Уәлаят делегациясы Алашорда үкіметінің төтенше мәжілісін өткізіп, Ойыл уәлаяты үкіметін таратып, оның орнына бүгінде “Батыс Алаш орда” деген композит атау алған ірі әкімшілік бірлік – Алашорда автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімшесін кұру шешімін шығартуға қол жеткізді. Осылайша, Батыс Алашорда орталық Алашорда үкіметі тарапынан заңды түрде мойындалды және оның әкімшілік басқару билігі Бөкей, Ырғыз, Маңғыстау жеріне тарады.
1920 жылы қыркүйектің аяғында аталмыш мекеменің жолдамасымен Жаһанша Досмұхамедов Түркістан Республикасы Халық шаруашылығы Ортақ кеңесінің бөлімшесіне меңгеруші болып Ташкент қаласына жіберілді. Ол мұнда Түркістан Республикасы Орталық атқару комитеті Қазақ бөлімінің хатшысы міндетін қоса атқарды. 1922-1924 жылдары Ташкенттегі “Талап” мәдени-ағарту қауымының тапсыруымен “Жауыздық низамы” деген атпен қазақ тіліндегі алғашқы кеңестік Қылмыстық кодексті әзірледі. 1927 жылғы қарашадан бастап, 1929 жылға дейін Қызылорда қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылық банкінде заң кеңесшісі болып істеді, 1928 жылы қорғаушылар коллегиясына мүше болып қабылданды. 1930 жылғы ақпан айында Надежда Константиновна Колоссовскаяның шақыруымен Мәскеуге аттанды. 1930 жылғы қазан айында “Скотовод” басқармасында аға экономист болып қызмет атқарып жүрген кезінде Замоскворечье ауданындағы Шаболовка келте көшесіндегі өз үйінде тұтқындалып, Бутырка түрмесіне қамалды, кейінірек Алматыда жауапқа тартылды. 1932 жылғы 20 сәуірде үштіктің “1921 жылы Ташкентте Мұхамеджан Тынышпаевпен бірге астыртын ұйым құрды және кеңес өкіметіне қарсы шықты” деп айып таққан қаулысымен Воронеж қаласына бес жыл мерзімге жер аударылды. Воронежде жоғары оқу орындарында сабақ берді.
Жаһанша Досмұхамедовтың бұдан кейінгі тағдыры жөнінде бір-біріне кереғар ауызекі айтылып жүрген түрлі деректер бар. Бір мәліметтерге қарағанда, жаза мерзімін өтеп келген соң 1938 жылы қыста Мәскеудегі пәтерінен қазақстандық екі қауіпсіздік қызметкері шұғыл алып кеткен. Енді бір деректерде, бет-әлпетін өзгертіп, Қарақалпақстанда бой тасалап жүріп, Мәскеуге келген жерде ұсталады. Ал енді біреулер үйде сал болып жатқан күйінде Мәскеу түрмесіне қамалғанын айтады.
Жаһанша Досмұхамедов 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен ақталды. Жымпиты ауданында бір көшеге және Орал педагогикалық колледжіне Алаш арысының аты берілген.
Ақмарал ИБРАЕВА
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
СУРЕТТЕ: Ж.Досмұхамедов (оң жақта) Қырымда демалыста.