
Билікте жүрген азаматтар арасында әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси салаларда өнімді еңбегімен көзге түскендер баршылық, ал өңірдің мәдени-рухани өмірінде айшықты қолтаңбасымен ерекшеленіп, есімдері ел есінде сақталған тұлғалар тым аз, саусақпен санарлық қана. Арада 70 жыл сынаптай сырғып өтсе де, облыстық партия комитетінің идеологиялық мәселелер жөніндегі хатшысы болған Ілияс Омаровты солтүстікқазақстандықтар әлі күнге дейін пір тұтады. Кейін осы қызметтің тізгінін ұстаған Әнуарбек Шмановтың ұлттың жоғын түгендеп, орысы ормандай өлкеде қазақы қалыпты орнықтыру жолындағы тындырымды істері ұмытылған жоқ. Облыс әкімінің орынбасары болып көп істемесе де шалт қимылды, кесек мінезді Қуат Есімхановтың аты аңыздай естіледі. Бұлар алдымен ұлт болып қалудың күретамыры руханияттан, мәдениеттен, ұлттық қайнардан бастау алатынын жан-тәнімен сезініп, халық үшін қалтқысыз қызмет ете білді. Әрқайсысының рухы биік, иманы күшті жеке-дара құбылыс болып қалғаны да сондықтан. Осындай тектілердің жолын қуған рухани шәкірттерінің бірі – Ерік Есімұлы Нұрақаев десек, асыра айтқандық емес. Оның өмір жолына үңілетін болсақ, мамандығы экономист бола тұра, саналы ғұмырының көп бөлігін қазақ мәдениеті мен әдебиетін, тарихи құндылықтар мен мұраларды жаңғыртуға арнап, өшпес із, өзіндік соқпақ сала білгенін аңғару қиын емес. Оның іскерлік, азаматтық, адамгершілік болмыс-қасиеттерін айғақтайтын мысалдар аз емес.
2012 жылдың қоңыр күзі болатын. Бірде оппозиялық топтар мен серкелердің сөзін сөйлеп, жергілікті билікті ара-тұра табадағы май құсатып шыжғырып алатын Құдайберген Шәжімбаев ағамыз телефон соқты. Әңгіме барысынан ұққанымыз мынау: Қазақстанға танымал кинорежиссер, “Алжир”, “Жансебіл” сияқты классикалық кинотуындылардың авторы Аяғанның 60 жылдық мерейтойы атаусыз қалатын түрі бар көрінеді. Облыс әкімінің, оның орынбасарының, ішкі саясат басқармасының атына хаттар жолданғанымен, өңір деңгейінде атап өту жөніндегі өтініш қолдау таппай қалған. “Тығырыққа тіреліп, не істерімді білмей отырмын. Алматы, Астанадан қызметтестері, жолдастары, ақын-жазушылар, отбасы келмек. Хабарланып қойылған”, – дейді ол шарасыз күйде сөйлеп. Мұның алдында Құдекеңнің, тіл жанашырларының бас болуымен Аяғанға облыс орталығындағы көшеге, Явленка ауылындағы қазақ мектебіне есімі беріліп, жерлесіміз жайлы жұртшылық әжептәуір біліп қалған еді. Есіл ауданына әкім болып тағайындалған Еріктің батыл бастамаларына сырттай сүйсініп жүретінмін. Сол арада телефон шалып едім, жолығып кетуімізді сұрады. “Облыс неге өткізбейді? Соның құзырындағы шара емес пе?”, – деп сұрамақ түгіл емеурін де білдірмеді. Басқа біреу болса, “жоғарының рұқсатынсыз қиын ғой” дегендей қипақтап, жалтақтар ма еді? Жалпы, уәдеге берік, сертке нық адамның ішкі рухани байлығы мен жан әлемін бір тілдескеннен ұғуға болатын сияқты. Не керек, межелі күні ұзын-ырғасы он бір мәдениет марқасқасы өңірге ат басын тіреп, күтіп алу бастан-аяқ тап-тұйнақтай атқарылды. Гипстен жасалғандықтан мүжіліп, сиқы қашқан мүсін жаңаланып, мүйіс жәдігерлермен толықтырылды. Бұл мақсат үшін аудандық бюджеттен екі миллион теңге бөлінді. Меймандарға кәделі сыйлықтар ұсынылып, басқа да мезіреттер жасалды. Мұндай мәрттік кез келген шенеуніктің қолынан келе бермесі анық. Қазіргі мемлекеттік қызметшілердің кейбіріне іскерлік, әдептілік, мәдениеттілік жетіспейді, тағы бірі жоғарыға жалтақтайды. Ұғынықты ұсыныс-пікірлерді жүре тыңдайды, елеусіз қалдырады.
Иә, Сәбит, Ғабит, Сафуан шыққан құнарлы топырақта туып, олардың шығармаларын, ауыз әдебиеті жауһарларын жастанып өскен, отбасында, мектепте ұлттық тәрбие алған оның тегіне тартпауы, тұла бойындағы бұла күшті елдің руханиятын өркендетуге арнамауы мүмкін еместі. Ерік 1982 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітіріп, экономист мамандығын алып шығады. Кейін Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын тамамдайды. Еңбек жолын Тимирязев ауданы Хмельницкий кеңшарында бастап, Есіл, Ақжар ауданының, Петропавл қаласының әкімі, облыс әкімінің орынбасары лауазымдарына жоғарылатылады. Бес жылдай “Қазпошта” АҚ-ның облыстық филиалына жетекшілік етті. Қазір облыстық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы қызметін жемісті атқаруда.
Ерік Есімұлының азаматтық болмысын айғақтайтын кезі Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқан кезеңмен тұспа-тұс келіп, қай қызметте жүрсе де адамшылық асыл қасиетінен айныған емес. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойды. Сеніп тапсырылған жұмыстың бәрін жанын салып атқарды. “Жиенқұлға келгенде шықпайды үнім” деп ақын Сара айтпақшы, бәзбіреулер екіұдай сәтте қай жаққа шығарын білмей дағдарып қалса, Ерекеңе діттеген ойын ақырына дейін айтып қалатын күрескерлік қасиет тән. Осы мінезі кейде басына таяқ болып тие жаздаған сәттер де болды. Белгілі дипломат, кәнігі саясаткер Тайыр Мансұров 2004 жылы желтоқсанда әкімдік қызметке кірісімен мектептер, оның ішінде қазақ тілін оқыту сапасына, осы сала ұстаздарының жайына ерекше көңіл бөлді. Гранттар бөліне бастады. Кезекті селекторлық кеңестің бірінде Ақжар ауданының әкімі қызметінде жүрген Ерік Нұрақаевқа “қазақ тілі пәндерін оқытуда қандай проблемалар бар?” деген сұрақ беріліп, “бізде бәрі жақсы” деген жауап аймақ басшысын қанағаттандыра қоймайды. Сауал тағы да қойылып, жауап айнақатесіз қайталанды. Оның соңы аудан әкіміне сөгіс берумен аяқталды. “Жаңадан келген бірінші басшыға соқтығысқаны несі, сөз таластырғаны қалай?”, “Одан да қызметін ақырын ғана атқарып, жусаннан биік, бетегеден аласа болып жүре бермей ме” дескендер де, “Бәлем, сол керек, мансабыңның біткен жері осы” десіп қызғаныштың қызыл иті іштерін тырнағандар да табылды. Тайыр Аймұхаметұлының кадр танудағы, таңдаудағы сұңғылалығы, көрегенділігі сол, батыл мінезімен бірден назарына іліккен Ерікке көңілі толған болу керек, көп ұзамай өзіне әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасар етіп алды.
Манасшы, ақын Баянғали Әлімжановтың “Смағұл ішкен у” атты деректі поэмасының басты қаһарманы ретінде Ерекеңнің бейнеленуі тектен-тек емес. Ол туралы кейіпкердің өзін сөйлетейік: “Ақжар ауданында әкімдік қызметте едім. Бірде қабылдауға ардагерлер кеңесінің төрағасы Берушіалла Кәрімұлы келді. Ауыл-аумаққа сыйлы ақсақал Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі Смағұл Сәдуақасов жайлы біраз мағлұмат бере келіп, сөзінің аяғын: “Туған мекенінде неге ескерткіш орнатпасқа? Сізге аманат. Мұны аудан тұрғындарының тілегі дегейсіз”, – деп қайырды. Дереу сол кездегі облыс әкімі В. Смирновқа хат жазылып, тиісті қаражат бөлінді. Еңбекшілдер ауданының әкіміне арнайы сәлем бере барып, бұйымтайымды айттым. Мәрт азамат екен, көп қылып мәрмәр тастар бергізді. Құрылысшылар бригадасын жіберді. Тәуелсіздік мерекесі күні ескерткіш салтанатты жағдайда ашылып, жұртшылықтың қошеметі мен қолдауына ие болды. Ескерткіш неге тұрғызылды, оған кім рұқсат берді деген секілді әңгіме туып, біраз қысымшылықтың жасалғаны рас. Себебін түсіндірген соң түсіністікпен қабылданды”.
“Soltústik Qazaqstan” газетінде жарияланған (2017 жылғы 10 тамыз) поэмадан үзінді келтірейік:
“Үзілгелі темір тәртіп Алаш елін құрсаған,
Қаhарманға назар салды салды-ау тұңғыш рет мұнша адам.
Үнсіз тұрған топты өзіне қаратып,
Сұрқы басқан үлкен бастық түс суытты әкімге:
“Смағұлдың тас мүсінін осы жерге қоюға,
Рұқсат берді кім саған?”
Әкім айтты: “Сәдуақасов осы жердің түлегі,
Бар қайратын Алаш үшін жұмсаған!”
Поэма былай аяқталады:
Биіктерге қанат қаққан қырандар,
Жете алмасын сендерге улы жыландар.
Ер қадірін, ел қадірін білетін,
Бар екенсің…
Көп жасаңдар, ұландар!”
Ерекеңнің ендігі бір арманы – кәсіподақтар үйі алдындағы алаңқайға Смағұлдың еңселі ескерткішін тұрғызу. Бүгінде “Қаhармандар” бірлестігінің жергілікті жердегі төрағасы ретінде осынау игі істің жүзеге асуына белсене кірісіп кетіпті. Белгілі мүсінші Қазбек Сатыбалдинді арнайы шақыртып, эскиздік нұсқа көз тартарлықтай етіп жасалыпты. Ұсыныс облыстық әкімдік тарапынан қолдау тапса, қаржылық жағынан кәсіпкерлер көмектеседі деген сенім мол. Оның күрескерлік ой-өрісі кең, таным-білігі мол азамат екенін жазушы-журналист Жақсыбай Самрат “Абылайдың ақ үйі” зерттеу кітабында былай сипаттайды: “Аталмыш кеңеске Ерік Есімұлы жергілікті шовинистік топтарға жататын, қазақтың аты шыққанынан үркіп тұратын, бұрынғы кеудемен озбыр болып келе жатқан кейбір шал-шауқандарды да шақырған екен. Солардың кейбірі баяғы әләуләйлімге басып, Қызылжарда Абылайдың ақ үйі болған емес, болды десеңдер, дәлелдерің қайда деп салды. Осы жерде Ерік Есімұлының мол қарымы көрінді. “Лениннің ескерткішін қала басы сайын салғанда оның сол жерде болған-болмағанын, туған-тумағанын ешкім де айтпайтын еді ғой, ал Абылайдың өз жерінде, өз қаласында болғанын дәлелдеу керек болды-ау сіздерге”, – деп салды ол”. Осы жерде мына бір оқиғаны айтпай кетуге болмас. Қаланың кіреберіс қақпасында “Петропавл” деген айшықты стелла көзге бірден оттай басылады. Кезінде бұл жерде ескі кириллица-славян қарпімен “Петропавловск” деп орысша жазылғанын, қоғамдық қарсылыққа қарамастан оны алып тастап, жаңалауға мұрындық болғанын біреу білер, біреу білмес.
Ерік Есімұлының көп жылғы жемісті еңбегі “Құрмет” орденімен, басқа да мемлекеттік марапаттармен атап өтілген. Жан жары Гүлнәр екеуі алтын асықтай төрт бала өсіріп, немере қызығын көріп отыр. Алпыс атты “талтүстің” асуына шаршамай-шалдықпай жетіп отырған көпшіл азамат, іскер басшы, ұтқыр ұйымдастырушы, адал достың жетер жетістіктері мол болғай!
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.