«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауларында бұқаралық спортты дамытуға айрықша назар аударып келеді. Президенттің халықтың кемінде 30 пайызы спортпен айналысуға тиіс деп тікелей міндет қойғаны да баршаға белгілі. Бүгінде бұл тапсырма біздің өңірде де жүзеге асырылуда.

Облыс орталығында бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалған десек, қателеспейміз. Дене шынықтырумен айналысуға ниетті қала тұрғындары стадиондардың, спорт залдарының, шағын футбол алаңдарының, тағы басқа 300-ден астам спорт нысандарының қызметін пайдалана алады.  

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен жергілікті жеке кәсіпкерлер 2014 жылы Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін мектептер мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында жасанды жамылғысы бар 15 шағын алаң салып берді.

Сондай-ақ, 2014-2015 жылдардың қыс мезгілінде қала аумағында 11 заманауи көпбейінді хоккей корттары салынды. Үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап №№17, 8 орта мектептерінің, ал Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның аумағындағы 2 шағын футбол алаңы қайта қалпына келтірілді.

Облыс орталығында жасанды жамылғы төселген шағын футбол алаңдарын салу үрдісі “Береке” шағынауданында жалғасын тапты. Күні кеше Ухабов көшесі, 27-үйдің және Чайковский көшесіндегі 13-үйдің ауласында жаңа футбол алаңдары пайдалануға берілді. Ал жыл басынан бері облыста 100 хоккей корты, 9 көпбейінді спорт алаңы іске қосылды.

Бүгінде 350 жерлесіміз спорттың бірнеше түрі бойынша еліміздің құрама командасының сапында өнер көрсетуде. Жыл басынан бері олар республикалық және халықаралық сайыстарда әртүрлі деңгейдегі 320 медальға ие болды. Ерік Хамзаұлының араласуымен “Қызыл-Жар СК” футбол клубының құрамы ауыстырылды, командаға жаңа футболшылар тартылды. Нәтижесінде “Қызыл-Жар СК” командасы биылғы футбол маусымының бірінші кезеңін өте сәтті аяқтап, бірінші орыннан көріне білді.

Петропавлда мұз айдыны бар Спорт сарайының құрылысы да аяқталуға жақын. Ол биылғы жылдың қазан айында пайдалануға берілуге тиісті. Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, жерлесіміз Александр Винокуровтың есімін беру ұйғарылған маңызды нысанда жеңіл атлетика алаңы, жабық мұз айдыны және велосипедшілер мектебі жұмыс істейтін болады.

Спорт жанкүйерлері, облыс басшылығының бастамасымен Петропавлда “Құлагер” хоккей командасы құрылғанынан да хабардар. Ал спорт мамандарын даярлау мақсатымен Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде “Спорт жаттықтырушысы” мамандығы енгізіліп, оған түскен 50 студент тегін білім алуда.

Қалалық Мәдениет және демалыс саябағында, “Қарасай” стадионында және Пестрое көлінің жағалауында орнатылған аспан астындағы тренажерлерді пайдаланушылар қатары да көбейіп келеді.

Жалпы, үстіміздегі жыл спорттық шараларға бай болғанын атап өткен дұрыс. Облыс бойынша 505 спорт шарасы өткізілсе, соның ішінде “Север” қысқы спорт мерекесі, облыстық “Ақ бидай” спартакиадасы, Денсаулық күні, қазақ күресі бойынша “Қызылжар барысы”, “Золотая шайба” шайбалы хоккей турнирі, олимпиадалық жүгіру күні бар. Қолға алынған бұл спорт шараларының арқасында тек облыс орталығының өзінде ғана бұқаралық спортпен күнделікті түрде айналысатындардың саны 23,8 пайызға өсіп, 46 мыңды құрады.

Данияр ЖОЛДАСБАЕВ,

қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бас маманы.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp