«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫЛЫҚТЫҢ АЙҒАҒЫ

 

Айыртау аудандық Ақан сері атындағы Мәдениет үйінде “Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” атты 25 жұлдызды күн акциясы аясында салтанатты шара өтті.

Аудан әкімі Ағзам Тастеміров барша айыртаулықтарды ел тарихындағы айтулы күнмен құттықтап, дамудың дара жолына түскен Қазақстанымызға өркендеу, әрбір отбасына игілік пен береке-бірлік тіледі.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов, еңбек ардагері Галина Степановская, Бірлестік орта мектебінің директоры Әнуарбек Махметов пен “Жас Отан” жастар қанатының мүшесі Светлана Журина да ұлы дала елі мен оның халқына құттықтауларын жолдады.

Олар “Тәуелсіздік” сөзінің аясына бүкіл қазақ халқының ерлігі мен өрлігі, батырлығы мен ақылдылығы, шешендігі мен көсемдігі сыйып кететінін тілге тиек етті. Тәуелсіздік үшін еліміздің қаншама ұлдары жанын құрбан етіп, қасық қанын қиды, ұшса қыран қанаты, шапса тұлпар тұяғы таларлықтай кең-байтақ жері үшін күресті, ұлан-ғайыр даласын жаулардан қорғап қалды. “Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Дербес ел болу үшін халқымыз қаншама белес-асулардан өтті, адам сенгісіз қиыншылықтарды бастан кешті?..” – деп, ел тарихының ауыр шақтарына көз жіберіп, осы күніміздің құны аса бағалы екенін, егемендігіміз бар байлығымыздың ең асылы екендігін тілге тиек етті.

Салтанатты шараның жалғасы облыстық филармонияның эстрада-симфониялық оркестрінің концертіне ұласты. Дирижер Сергей Имашбаев бастаған ұжым көрермендерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлап, 25 жұлдызды күннің алғашқы жұлдызын жағуға атсалысты.

Сахнамызда өнер көрсеткен филармония ұжымына аудан басшысы Ағзам Ахметжанұлы жүрек қылын шертер әсем әндері мен адам жанына жылылық сыйлайтын тамаша өнерлері үшін алғысын білдіріп, Алғыс хат табыс етті.

Мақпал ӘЛМАҒАНБЕТОВА,

журналист.

Суретті түсірген автор.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp