«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Күн шуағы қылаң беріп, жақсылықтың хабаршысындай болып терезеден бөлмеге енген кезде адамдардың бірі жұмысқа, келесілері сабаққа жинала бастайды. Мен де солардай таңмен таласа тұрып, сүйікті жұмысыма асығамын. Еш нәрседен қорықпай, болашаққа деген сеніммен әр таңымызды атырғанның өзі зор бақыт екен-ау!

Осылай басталатын әр күнімізді салмақты оймен саралар болсақ, кейде бейбіт өмірдің қадірін түсінбейтін сияқтымыз. Әлде, “Қолда бар алтынның қадірі жоқ” демекші, мән бермейтін болармыз. Осындай сәтте әлемнің кейбір елдерінде болып жатқан қантөгістер туралы көргенде бойымды үрей билеп, ішімнен “Аспанында құстар ғана ұшқан елімнің тыныштығы баянды болса екен” деген тілегімді қайталай беремін. Адам өзінің қысқа ғұмырында мәңгілік туралы ойлайды. Ал бүгінгі қоғамның тыныштық, бейбіт өмірді баянды ету жайын ойлап, қам жеуі, сол үшін алаң болуы – адамдықты, гуманистік арманды, мәңгілікті сақтаудағы тілегін аңғартады емес пе?!

Бүгінгі таңда барымызбен мақтана алсақ, ол тек тәуелсіз елімізде орнаған бейбітшіліктің арқасы. Егер қазақстандық қоғам ішкі дүрдараздыққа бой алдырып, сыртқы жаудың жемтігіне айналса, бүгінгі күніміз көз алдымыздан бұлбұлдай ұшары анық. Ал оның ақыры немен аяқталатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Сол себепті, мен бүгінгі күнімнің әр сәтін бақытқа балаймын. Алаңсыз орта білім алып, өзім қалаған заңгер мамандығына оқуға түстім. Тәуелсіз елдің тең құқылы жастары болғанымыз осыдан-ақ аңғарылады. Жүрегіміз қалаған мамандықты төрт жыл бойы меңгерген кезде “Не киеміз, не ішеміз?” деп басымызды ауыртпай, жастық шақтың қызық-қуанышына бөлендік. Ата-анамыздан бастап, оқытушыларымызға дейін бізге қамқоршы, жанашыр болды. Армандаған дипломға қол жеткен кезде мемлекеттік қызметшіге тиісті сынақтан өтіп, сот саласының маманы атандым.

Маған тәуелсіздік көптеген белестерді бағындыру мүмкіндігін сыйлады. Біз бойымыздағы қабілетімізді көрсетіп, тұлға болып қалыптасуымызға мүмкіндік алдық, соған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалды. Жағдай демекші, өткенде теледидардан Сириядан Германияға бас сауғалап барған жас жұбайларды көрсетті. Екеуі де жоғары оқу орнының студенттері екен. Болашаққа жоспар құрған жастардың бар арман-тілегі адыра қалды. Ендігі тілектері күнелту үшін екі қолға бір күрек табу ғана.

Осындай жайттарды көріп, естіген сайын тәуелсіз еліміздің іргесі мықты, шаңырағы биік болса екен деймін. Бұл тілегіміз баянды, арманымыз асқақ болуы керек сияқты. Себебі, арман адастырмайды деген пікірдемін. Бізден кейінгі ұрпақтың арманы аға буындікінен де биік болады. Олар өздеріне ұнаған тілдерді меңгеріп қана қоймай, оны жетілдіру үшін шетелдерге шығып, дамыта алады. Жалпы, елімізде балалардың қабілетін жан-жақты дамыту үшін зәулім спорт сарайлары жұмыс істейді. Ғылымға қызыққан жеткіншектерге арнап әр мектептің жанынан үйірмелер ашылған. Өскелең ұрпақтың алаңсыз өсіп, жетілуі үшін бар жағдай жасалған мемлекетті нығайтқан Елбасымыздың еңбегі орасан.

Еліміздің әр түкпірінде мемлекеттік бағдарламамен жаңа үйлер салынып жатыр. Қолжетімді баспана жас отбасылармен қатар мемлекеттік қызметшілерге, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілуде. Жаңалықтардан жақындарымыздан таныстарымыздың жаңа пәтер алғаны жөнінде сүйінші хабарды естиміз. Бұл да халықтың болашаққа деген сенімін нығайтады емес пе?!

Мен үшін тәуелсіздік – жарқын болашақ, көздеген мақсаттарыма қол жеткізу. Тәуелсіздік – еш нәрсемен салыстыруға келмейтін ұлы құндылық. Тек тәуелсіздігі бар ел ғана асқақ армандарын жүзеге асырып, жарқын өмір сүре алады.

“Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік”, – деген екен жазушы Әбіш Кекілбаев. Ендеше, баға жетпес асылымызды көздің қарашығындай сақтай білейік.

Әсемгүл ӘБІЛМӘЖІНОВА,

облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған

ауданаралық сотының жетекші маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp