Бала – өмірдің мәні. Ең қымбатты, сүйкімді, мейірімді, кіп-кішкентай ғана сәбиіңді қолға алғанда бар алаңдаушылық пен қорқыныш бір сәтте сейіліп, тұла бойың қуанышқа бөленеді. Бұл – Жаратқан иеміздің әр анаға сыйлаған ерекше сырлы сезімі. Бар ғаламды нұрландырып, өмірге деген көзқарасты өзгертіп жіберетін ана болу құдіретін сезініп, сол арқылы қиындыққа құрыштай шыныққан Шолпан (аты-жөні өзгертілген) есімді бойжеткеннің басынан өткен оқиғасын қыз-келіншектерге сабақ болсын деген ниетпен оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Мен үйдің кенжесімін. Қазақы қалыпқа салып тәрбиелеген ата-анам еркелетсе де, еркіме жіберген емес. Мені қашанда қамқорлыққа бөлейтін бауырларымның ортасында жүріп бойжеттім. Мектепті ойдағыдай аяқтап, Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжге оқуға түстім. Ата-анамның үмітін ақтау үшін барымды салып оқыдым. Сабақтан бос уақытым болған кезде кітапхана, мұражайларға жиі барып тұрдым. Осылайша, рухани өмірдің мөлдір бұлағынан сусындап, әңгіме, өлең жаза бастадым. Осы оқу орнын қызыл дипломмен тамамдап, мұғалімдік мамандығым бойынша мектепке жұмысқа орналастым. Еңбек жолымды бастаған соң қос тізгінді қатар ұстау үшін жоғары оқу орнының сырттай бөліміне құжаттарымды тапсырдым. Менің мұндай талпынысымды ата-анам мен бауырларым да құптады. Сөйтіп, жұмыс та істедім, оқуымды да жалғастырдым.
Осылай жастық шақтың тамаша бір кезеңін бастан өткізіп жүрген күндердің бірінде достарыммен бір жиынға бардық. Сол жерде мен өзімнің болашақ жұбайыммен таныстым. Ол да қалада тұрады екен. Зауытта жұмыс істеп жүрген Мергенмен (есімі өзгертілген) кейін телефон арқылы сөйлесіп жүрдік. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ол мені кездесуге шақырып, өзінің сезімін білдірді. Біздің “махаббат қызық, мол жылдарымыз” осылай басталды. Мерген мен үшін өмірдегі ең жақын, ең қымбат адам сияқты болып көрінді. Ол кезде менің жұмыс орным қаланың шет жағында болатын. Осыны ескерген Мерген: “Саған күнде жүріп-тұру қиын, қыста тоңып қаласың, одан да менің қасымда жұмыс істесең ыңғайлы болады. Бірге барып тұрамыз”, – деп зауытқа аудармашы болып орналасуыма қол ұшын берді. Екеуміз бір жерде жұмыс істедік. Үш жылдан кейін Мерген мені анасымен, туған әпкелерімен таныстырып, үйлену туралы әңгіме қозғады. Мен де болашақ жұбайымды ата-анаммен, ағаларыммен таныстырып, құдалықтың болатын күнін белгіледік. Тойға дайындалып жүргенде мен бойыма бала біткенін сездім. Мұндай тосын жаңалықты ата-анама айтуға бата алмадым.
Мерген екеуміз ақылдасып, той өткен соң араға уақыт салып, айтамыз деп келістік. Сөйтіп, мен жұбайыммен оның анасының үйінде тұрдым. Ауылдағылар тойға дайындалғанымен енем мен болашақ жұбайым салт-дәстүрге сай жабдық өткізуге ешбір асықпады. Арада екі-үш ай өтті. Менің шыдамым таусылған соң күндердің күнінде енеме барлық жағдайымды айттым. Сол сәтке дейін менімен жап-жақсы араласып жүрген қария екіқабат екенімді естігенде бірден өзгеріп шыға келді. Ол өзінен-өзі ашуға мініп: “Сен менің баламды алдап жүрсің, біреуден екіқабат болып қалып, енді менің жалғыз ұлыма күйеуге шығып алуды жоспарлап қойған екенсің. Тойды өткізуге неге асығып жүргеніңді енді ғана түсіндім. Олай болмайды”, – деп бірақ қайырды. Болашақ анам деп сыйлап, оның алдын кесе-көлденең өтпей жүрген қариядан мынадай ауыр сөздер есту маған оңайға соқпады.
Сол түні мен таң атқанша көз ілмей, жылап шықтым. Ертесіне жол жүріп келген Мергенге бәрін айттым. Әңгіме арасында оның бойынан бір салқындық байқағандай болдым. Ол да анасының сөзін сөйлеп: “Мүмкін, шынымен де, солай шығар, кім білсін, үш ай жаз ауыл жақта болып келдің…”, – деген кезде жүрегімді біреу пышақпен тілім-тілім етіп, кескілеп жібергендей болдым. Әлі өмір есігін ашпаған құйтақандай ғана сәбиімізден Мергеннің осылай жалған сөзге еріп, жеп-жеңіл бас тарта салғанына сенгім келмеді.
Енді той туралы әңгіме өз жайына қалды. Күннен-күнге ішім шығып, домаланып келе жатқандықтан, үй-ге баруға бетім болмады. Содан не болса да, келер күннен бір жақсылық күтіп, енем мен болашақ жұбайымның сүйектен өтер сөздеріне шыдауға бел будым.
Мерген де “енді маған не қыласың?” дегендей, түнделетіп кетіп, үйге таң ата келетін ойын-сауық кештерін көбейтіп жіберді. Ол маған көңіл бөліп, қасымда болудың орнына, керісінше анасының сөзін сөйлеп, менің сол үйден кетуіме барлық “жағдайды” жасады.
Шыдамның да шегі бар емес пе? Бірде Мерген түннің бір уағында ішіп келді. Жүйкеме тиетін сөздермен анасының көзінше абыройымды айрандай төкті. Болмаған нәрселерді айтып, маған жала жапты. Мынадай қорлыққа шыдай алмадым. Ақыры құжаттарымды алып, үйден қашып шыққандай болдым. Кетуін кетсем де, сұп-суық далада қайда баратынымды білмей, дал болдым. Қалтамда ақшам да жоқ. Біраз жүріп, құрбыма телефон соғып, барлық мән-жайды түсіндірдім. Ол мені уақытша өз үйіне шақырды. Осылайша, іштегі шаранаға бар-жоғы бес ай болғанда туған әкесі бізді далада қалдырды. Күні кеше ғана мен үшін жанын беруге дайын тұрған болашақ жұбайымның шын мәнінде қандай адам екенін сол кезде ғана түсіндім.
Құрбымның үйінде бірнеше күн тұрып, еңбекақымды алған соң жатақханадан бір бөлме жалдадым. Қатты қиналдым. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым. Мерген екеуміздің үйге барған сәттеріміз, ата-анамызға үйлену туралы айтқан әңгімелеріміз есіме түскенде ұяттан өртеніп кете жаздадым. Ол менімен жай уақыт өткізу үшін жүрген екен. Сенімімді толығымен жаулап алу үшін осындай әрекеттерге барғандығын кейін ғана түсіндім.
Үйге бірнеше ай бойы барған жоқпын. Ата-анамның, бауырларымның көзіне көрінуден қалдым. Бір қалада тұрып, туған-туысымнан қашатын болдым.
Кімге не айтып, не түсіндіресің? Қалай болғанда да барлығына өзім кінәлі екенімді түсіндім. Мергеннің сөзіне алданып, той болмай тұрып, онымен бірге тұрмауым керек еді. Ақымақ басым, сол кезде неге соншалықты оған сендім екен?!
Ойымды да, барлық сана-сезімімді де махаббат жаулап алғандықтан, мен, шынымен де тұрмысқа шығып, сәбиімізді екеуіміз бірге өсіріп, бақытты отбасы боламыз деп ойладым. Бірақ өмірдің маған дайындап қойған тосын сыйы айналамда болып жатқан барлық нәрсеге көзімді ашты. Мен құдды бір қатты ұйқыдан оянып кеткендей сезімде болдым. Біреудің қолында қуыршақ болғанымды, енді бойыма біткен сәбиімді жалғыз өзім ғана өсіретінімді ойлағанда, құздан құлап өлгім келді.
Жүрекке түскен жара күннен-күнге ұлғая түсті. Жан дүниемді сыздатқан сырымды айтуға адам таппадым. Осылай тірліктен баз кешіп жүргенде бір күні кешке Астанада тұратын туған әпкем телефон соқты.
Шыдай алмадым, туған бауырымның дауысын естігенде еріксіз көзіме жас келді. “Қалың қалай, кенжетай?” – дегенде, барлық балалық шағым көз алдымнан көлбең ете түскендей болды. Мен ата-анамды, ағаларым мен әпкелерімді қатты сағынғанымды сонда барып түсіндім. Әпкеммен ұзақ әңгімелестім. Оған болған жағдайды айттым. Ақыл-кеңес сұрадым. Әпкем менің тезірек Астанаға жетуімді өтінді. “Алдымен кел, кейін көреміз. Сәтін салса, сені перзентхана жатқызып, арнайы толғақ шақыртатын дәрі-дәрмекпен босандырып аламыз. Салған екпенің нәтижесінде шарана іштен өлі туады. Сенің тіпті бала көтергеніңді де ешкім білмей қалады”, – деді ол.
Мен оның әңгімесін аяғына дейін тыңдамастан тұтқаны қоя салдым. Үстіме біреу мұздай суды құя салғандай болдым. Қаншама қиналып, тығырыққа тығылсам да бойымдағы баланы өз қолыммен өлтіруге дәтім бармады. Тіпті, ондай жантүршігерлік қастандық жайында ойлағым да келмеді.
Ең жақын деген адамның өзі осындай “ақыл” берген соң басқалардан не үміт, не қайыр?!
Салым суға кетіп жүргенін әйелдер кеңесіндегі дәрігер маман байқап, мені ашық әңгімеге тартты.
Бөгде адам болса да, оған декреттік демалысқа шыққан соң ақшамның таусылғанын, сол себептен де жатақханадан шыққалы жатқанымды айттым. Дәрігер мені ден қоя тыңдап, “Ана үйі” қоғамдық қорының мекенжайын, Петропавл қаласы бойынша үйлестірушісі Ғалия Балтабаеваның ұялы телефонын берді. Демалыс күндері Ғалия Қазезтайқызына телефон шалдым. Ол менің мәселемді тыңдаған соң: “Дүйсенбі күні қажетті құжаттарыңмен кел”, – деді. Осылайша, мен “Ана үйіне” орналасып, бұған дейін танымаған, білмеген адамдардың қамқорлығына бөлендім.
Баспана мәселесі уақытша болса да өз шешімін тапқан соң анама телефон шалып, екіқабат екенімді, жақында босанатынымды жеткіздім. Ол ренішін жасырмады. Жүрегіме тиетін сөздер айтып: “Әкеңнен, бауырларыңнан ұят болды. Сені осылай тәрбиеледік пе? Жұрт не дейді, бізді жерге қараттың ғой”, – деп жылап жіберді.
Анашымның айтқан сөздері жүрегімдегі жараға тұздай себіліп, өзегімді өртеді. Бір басыма жететін қайғы-мұңның қара бұлты қанша тырыссам да сейілмей қойды. Жадыраған жазым сары күзге айналып, күн өткен сайын солған жапырақтай жүдей түстім. Ешкімді көргім де, сөйлескім де келмеді. Жүйкем тозып, мынадай өмірден шаршап кеттім.
Айым-күнім жеткенде босанып, ұл тудым. Сәбиімнің салмағы өте кішкентай болды. Өмірге келгеніне ата-анасының қуанбағанын сезді ме, сәбиім де тынышсызданып, күн-түн демей жылай берді.
Іңгәлаған дауысын естісем де нәрестемнің қасына жақындамай қойдым. Қанша тырыссам да оны қолыма алып, құшағыма баса алмадым.
Іште мұз болып қатып қалған ренішті, өкінішті сәбиімнің шыр еткен жан дауысы да, дәрігер мамандардың ақыл-кеңесі де жібіте алмады.
Босанғаннан кейін “мен енді оған не бере аламын, үйім де, күйім де жоқ. Тастап кетсем, мүмкін басқа отбасында ата-ана мейіріміне бөленер…” деген жаман ойлардың мазалағанын жасырмаймын. Бірақ психолог маманның көмегінен кейін сәбидің еш кінәсі жоқ екенін түсіндім. Арада үш күн өткен соң ұлымды бірінші рет қолыма алып, мейірлене иіскеп, әкесінің күнәсін арқалап, балалар үйіне кетіп қала жаздаған кінәсіз періштемнен кешірім сұрадым.
Перзентханадан шыққан соң Мерген “Ана үйіне” келді. Ұлын қолына алып: “Маған ұқсамайды екен…”, – деген екі ауыз сөзін айтып, кетіп қалды. Оның сөздеріне мән бермеуге тырыстым. Енді ұлым екеуміздің бақытымыз үшін күрес жолында мықты болуға бекіндім.
“Ана үйінде” мен сияқты тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жас аналарға барша жағдай жасалатынына көзім жетті. Мейірбикеміз Раушан Нығметжанқызы сәбиді суға түсіруден бастап, бала күтіміне байланысты барлық нәрселерді үйретті.
Әр сәбиді бауырына басып, аналық кеңесі арқылы жүрекке жол сала білген Ғалия Ғазезтайқызы менің құжаттарымды жинап, тұрғын үй-құрылыс жинақ банкіне өтініш беруіме көмектесті. Одан қалды, сәбиіме алимет төлету үшін құзырлы органдарды жұмылдырып, Мергенді заң алдында жауапкершілікке тартқызды. Менің өмірімдегі ең бір қиын кездерде туғанымнан жақын болып кеткен жат адамдарға айтар алғысым шексіз.
Алты ай өткенде анам телефон соқты. Қал-жағдайымды сұрап, сәбиіммен үйге келуімді өтінді. Ата-анамның жүрегіндегі реніштің сейілгенін сезіп, қуандым. Сөйтіп, бір демалыста сәбиімді алып, туғандарыма қонаққа бардым.
Жетпісті алқымдаған әкем кездескенде не айтар екен деп қатты қобалжыдым. “Кенжем” деп еркелетіп өсірген әкем көп сөйлемеді. Қолымдағы баламды алып: “Міне, енді сенің өміріңнің бар мәні осында. Оны жақсы азамат етіп тәрбиеле. Пенде болған соң сүрінбейтін адам болмас”, – деді. Сол сәтте арқамнан ауыр жүк түскендей сезімде болдым. Әкемнен кешірім сұрап, құшақтап, өксіп-өксіп жылап жібердім…
Жақында Мерген “Ана үйіне” тағы келді. Бұл жолы есейіп қалған ұлымды көргенде, кескін-келбеттері аумай қалғанын байқап, өткен іске өкінгендей болды. Оның сәбиге деген көзқарасын байқағанда менен кешірім сұрар деп ойладым. Бірақ оның қатыгездігінде шек жоқ екен. Ол маған тура қарап тұрып: “Ұлымды маған бер, анам екеуміз өсіреміз, сен басқа қалаға кет”, – дегенде, ашудан төбе шашым тік тұрды. Мынадай сөздерден кейін оны ешқашан кеше алмайтынымды түсіндім. Сол күннен бастап онымен араласуымды пышақ кескендей тоқтаттым.
Қазір алиментке байланысты соттың шешімін күтіп жүрмін. Әкелікті мойындату үшін ДНК сараптамасын істеуге де рұқсатымды бердім.
Бұл, әрине, баламды әкесіне жіпсіз байлап қою үшін жасалып отырған қадам емес. Мен тек бір кезде өзіме жазықсыз жабылған жаланың жауабын қайтарғым келеді. Және осындай іс-әрекетім арқылы Мергеннің көзіне шөп салмағандығымды дәлелдейтінімді білемін.
Медициналық сараптама дайын болған соң анасы мен баласының маған тағы не айтары белгісіз? Қалай болғанда да оларға ұлымды бермеймін. Ол тек қана менің балам, менің көз қуанышым.
Сырттай оқуым биыл жазда аяқталады. Бәрі ойдағыдай болса, қызыл дипломға қол жеткіземін деп тырысып жүрмін. Ұлымның жарқын болашағы үшін жақсы оқып, жемісті еңбек еткім келеді.
Басымнан өткен осындай оқиға менің көп нәрсеге көзқарасымды өзгертті. Есейдім, еркелікті ұмыттым, өмірдің барлық сәтсіздігі бақытсыздық емес екенін түсіндім. Мінезімде аналық мейірімділікпен қатар қаталдық, қайраттылық пайда болды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жаралы жаныма жігер берген Роза Әлқожаның бір ауыз өлең сөзімен аяқтағым келеді.
Мен әлі тірілемін!
Бұрымды сілкіп тастап,
Өкініш парақтарын кеудемнен
жыртып тастап,
Сол сәтте дұшпандарым,
сесімнен үркіп қашпақ.
Мен әлі көрсетемін
Үміттің өлмейтінін,
Бар жұлдыз сөнбейтінін,
Бір Аллам берген қуат,
Бұғауға көнбейтінін!
Мен әлі жарқ етемін,
Ант етемін!
Жазып алған
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.