Петропавл тұрғыны полицияға белгісіз қылмыскерлер гараж кооперативтерінің бірінде орналасқан гаражын тонағаны туралы арызбен жүгінген.
Қаскөйлер темір қақпаларды бұзып, «Дельта» маркалы мопедті ұрлап әкеткен екен. Шығын сомасы 305 мың теңгені құрады. Көзден таса жерде жасалған қылмыс куәгерлерін іздеп табу оңайға соқпаған. Қалалық екінші полиция бөлімінің қызметкерлері іргелес маңдағы бейнебақылау камераларының жазбаларын тексере келе, күдіктілерді анықтады. Арыздың келіп түскеніне екі сағат өтер-өтпесте қылмыскерлер ұсталды. Олар 1993 және 1987 жылдары туған қала тұрғындары болып шықты. Екеуі де бұрын мүлік ұрлағандары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, ал екіншісі есірткінің заңсыз айналымына қатысты сотталған. Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне енгізілді. Ұрланған мопед иесіне қайтарылды.