Адамның шын қазынасы иманмен, мейірімділікпен, тәрбиелі балаларымен өлшенетін болса, бұл санатқа алдымен Нәсиевтер әулетін енгізген жөн болар. Өйткені, оның бәрі – осы отбасы мүшелерінің бойында кездесетін тамаша адами қасиеттер.
Әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы әрі тәрбиешісі десек, бір әулеттің отағасы – Қажымұрат Нәсиев осындай жан. Ол – сонымен қатар ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған ұлағатты мұғалім.
Болмысында тәлімгерлік қасиеттің ұшқыны жоқ адам ешқашан ұстаз бола алмайды. Қажымұрат Нәсиұлы өмір бойы тынымсыз еңбектеніп, уақытты нақтылап, нәтижелі жұмыс істеді. Соның арқасында халық алдындағы беделі өсіп, мектеп ұжымын басқарды.
К.Ушинский атындағы Петропавл педагогика институтының тарих және педагогика бөлімін бітірді. Нағима апайымызбен институттың 4-курсында отбасын құрған ол білім саласы мен мәдени өмірін дамытуға атсалысамын деген жалынды жігермен туған ауылына қайта келді. Олай дейтін себебім, ол 1965-1969 жылдар аралығында Петропавл педагогикалық училищесін тамамдап, Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң ауыл мектебінде еңбек еткен еді.
Еңбек жолын мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде жалғастырып, жаңа қызметі бойынша білімін жетілдіру курсынан өтіп жүргенде, Қажымұрат Нәсиевті сол кездегі аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі В.Крайнов шұғыл түрде шақырып, Бостандық орта мектебінің басшысы қызметін ұсынады. Ол басқару тәжірибесінің аздығын айтқанымен, аудан басшылығы жас кадрға сенім білдіреді. 1975 жылдан бастап мектеп директоры болып тағайындалған ол, осы жауапты жұмысты табаны күректей 28 жыл атқарды.
Кейін Петропавл қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қызметке ауысқанның өзінде білім мекемелерімен тығыз байланыста болды. 2006-2011 жылдары Астана қаласының білім басқармасына бас маман болып ауысып, жаңа астанамыздың білім жүйесінің қалыптасуына өз үлесін қосты. Құрметті демалысқа сол жерден шықты.
Қажымұрат ағамыз зейнеткерлік демалыста болса да, бойынан сол бір жастық жігердің ұшқыны жылдар өтсе де әлі сөнбегенін сөзбен емес, нақты істер арқылы көрсетуде. Астана қаласында жарық көрген “Ауылым – алтын бесік” атты кітабы – осының айқын дәлелі.
Иә, ол ұлағатты ұстаз ғана емес, өз отбасының мәуелі бәйтерегі. Қажымұрат ағай зайыбы Нағима апайымыз екеуі – бір қыз, екі ұл өсірген бақытты жандар. Бүгінде қызын – қияға, ұлын ұяға қондырған олар немере сүйіп, ата-әже бақытына кенелуде. Оларды ауылдастары “ұстаздар әулеті” дейді. Нағима Хамитқызы Бостандық орта мектебінде 29 жыл тарих пәнінен дәріс берді. Астанаға қоныс аударғанда елордадағы жүз жылдық тарихы бар беделді оқу орны – Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда ұстаздық жұмысын жалғастырды. Бұл оқу орындарында да оның оқушылары республикалық, халықаралық және Астана қаласында өткен олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары болды.
Тұла бойы тұңғыштары Назым Қажымұратқызы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті гуманитарлық факультетінің деканы болса, екінші ұлы Мүсілім зайыбы Әсемгүлмен бірге Астана қаласының №58 мектебінде ұстаз. Ал көпейлері Сырым – Білім және ғылым министрлігінде бөлім басшысының орынбасары.
Отбасының мызғымас беріктігі мен тұрақтылығы біздің әрқайсымыздың қолымызда. Осылайша Нәсиевтер әулетінен ұшқан ұл-қыздардың бойына сіңген ізеттілік, қайырымдылық, адалдық олардың ата-аналарының ұрпақ алдындағы ұлы міндетін орындай білгенінің көрінісі болса керек. Қоғамымызда ұл-қыз тәрбиелеп жатқан иманды ата-аналар мен ұяда дұрыс тәрбие көрген ұрпақтар мемлекетіміздің болашаққа нық қадам басуының іргетасы болмақ.
Нұржан АСКАНДИРОВ,
Бескөл орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Қызылжар ауданы.