Ұлылардан ұстаз туралы ұлағатты сөздер көп қалған. Поэзия пайғамбары, ақын Мағжан Жұмабаев: “Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі”, – деген екен. Өңіріміздегі таңдаулы білім ұйымдарының қатарындағы әл-Фараби мектеп-лицейін ерекше атауға болады. Бар білім-білігін, қажыр-қайратын келешек ұрпақтың саналы болуы үшін жұмсап жүрген ұлағатты ұстаз, аталмыш мектептің директоры Күлімкөз Смайыловамен сұхбатымыз мұғалімдердің жұмысын заман талабына сай бейімдеу төңірегінде өрбіді.
– Күлімкөз Қайырбайқызы, ұстаз беделі төмендеп кетті деген пікірлерді жиі естиміз. Сіз тәжірибелі педагог, іскер басшы-ұйымдастырушы ретінде осы ойға қосыласыз ба?
– Әлем мойындаған ғұлама ғалым әл-Фарабиге жүгініп көрейік: “Ұстаз мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек”. Олай болса, сынағанның жөні осы екен деп қара күйені баттастырып жаға беруге бола ма? Осындайда алғашқы еңбек жолымды бастаған албырт жастық шағым еске түседі. Осы білім ұясына басшылық еткенге дейін №23 мектепте, 35-ші гимназияда, №1 және “ЛОРД” лицейлерінде өмірлік тәжірибе жинақтадым. А.Макарченков. Р.Полищук, А.Слухаевский, Т.Ваховская секілді білім саласының корифейлерінің тәлімін, өнегесін алдым. Бұл кісілердің талабы, жаңашылдығы, мен сияқты жас мамандарға деген кісілік ілтипаты мен құрметі мамандығыма деген шексіз сүйіспеншілігімді қалыптастырды. Сол кездерде де оқу үрдісіндегі жасандылық, сапа емес сан қуушылық, 45 минут сабақты жеңіл-желпі өткізе салушылық, дайын жауап шеңберіндегі жаттандылық сияқты жаман дағдылар сын тезіне алынатын. Әр кәсіптің өз қиындығы бар демекші, маңдайымыз қаншама рет тасқа соғылса да, мамандығымызды мәртебе санадық, мақтан тұттық. Кейде мен өзімді бұл дүниеге ұстаздық миссиямды атқаруға келгендей сезінемін. Елге, Отанға қызмет басты ұстанымым болды. Қазіргі жастар өлшем ететін жалақы, ақша басты құндылық саналмайтын. Іштей бәсекелестік ширықтырды, ширатты. Мамандығыңа сәйкестігіңді дәлелдей алмасаң, нағыз масқара сол болатын. Шынайы білім беруге ұмтылдық. Менің мамандығым тарихшы болғанымен, орыс оқушыларына қазақ тілі пәнінен сабақ бердім. Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында оқулықтар да, әдістемелік құралдар да, кадрлар да қасқалдақтың қанындай қат. Жоқтан бар жасауға тура келді. “ЛОРД”-та жүргенімізде Ботагөз Ғалиева, Рахат Әзімбаева үшеуіміз дарынды балаларға арналған орыс мектептерінде қазақ тілін оқытудың тұжырымдамасын жазып шықтық. “Айтылым, тыңдалым, жазылым, оқылым” деген дағдылар енді енгізіліп жатыр ғой. Біз жаңаша білім мазмұнын сол кезде қолданған болатынбыз. Қазақ тіліне жүрдім-бардым, тіпті, мұрын шүйіре қарайтын оқушылардың қазір Абайды, Шәкәрімді түсініп оқитын дәрежеге жетуі – еңбегіміздің ақталғаны.
Былтыр педагог мәртебесін айқындайтын, педагогтың құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін және шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейтін “Педагог мәртебесі туралы” Заң қабылданды. Алайда, мұғалім мәртебесі, беделі өздігінен келмейді. Көп еңбектенуді, қажырлы іс-қимылды қажет ететін мамандық жеке тұлғаның білімі мен біліктілігіне қоса оларға қатыссыз бірқатар факторларға байланысты екенін ескермей және болмайды. Әлі де жас ұстаздардың қоғамдағы орнын жете бағалай алмай жатқан сияқтымыз. Олар үшін баспана – өте өзекті мәселелердің бірі. Мектептегі жас мұғалімдердің жартысына жуығы ғана пәтермен қамтамасыз етілген. Жаңа технологияның түрлерін қолданып, шәкірт жүрегіне жол табамын дегеннің өзінде әлеуметтік жағынан тәуелділік алға қарай ұмтылысын, құштарлығын кейін тартып тұрғандай әсер қалдырады. Мектептерде қазір ең аз жалақыны директорлар мен оқу ісінің меңгерушілері алады. Еңбек жолын енді бастаған жас маманның жалақысынан төмен. Бұдан кейін басшылық орындарға баруды ниет еткендердің, қарым-қабілеті келе тұра, үміті су сепкендей басылмағанда қайтеді? Бұл да ойланатын мәселе.
– “Педагог мәртебесі туралы” Заң демекші, онда мұғалімдерге қандай артықшылықтар берілген?
– Артықшылықтар дегеннен гөрі жеңілдіктер деген дұрыс болар. Мұғалімдер қауымы көп жылдар бойы әлеуметтік қамтылу жөнінен артта қалып келгені жасырын емес. Қаржы тапшылығы алға тартылып, бұған дейінгі жеңілдіктер алынып тасталды. Соңғы жылдары әділеттілікті қалпына келтіру бағытында біраз жұмыс тындырылды. Заңда педагогтың ерекше мәртебесі танылды. Бұдан былай кәсіптік міндеттермен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, атап айтсақ, заңда көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етуге, тексерулер жүргізуге, мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартуға тыйым салынды. Сондай-ақ, мемлекеттік білім ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтардың айлық жалақысын есептеу үшін бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі белгіленді. Адал еңбегі және өзінің кәсіптік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін көтермелеулер қолданылады. Мемлекеттік наградалар, оның ішінде “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” құрметті атағы беріледі. Осы атаққа ие болған педагог айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем алады. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерлерін даярлаған педагогқа үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлық мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. “Үздік педагог” атағын иеленушіге де сыйақы беріледі. Бірқатар әлеуметтік кепілдіктер де қарастырылған. Мәселен, педагогтың балаларына мектепке дейінгі ұйымдардан орындар бірінші кезекте беріледі. 2025 жылға қарай жарты миллионға жуық мұғалімнің жалақысы екі есеге өседі. Бүгінде ұстаздардың жалақысы еліміз бойынша орташа деңгейден төмен. Президенттің тапсырмасына сәйкес келесі жылдан бастап еңбекақы 25 пайызға ұлғаяды. Ұстазды артық жұмыс пен есепке жеккендерге 20 АЕК-тен 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырғандар да жазаланады.
– Сіз жетекшілік ететін білім мекемесі несімен ерекшеленеді?
– Біз сапалы білім беруде, нақты нәтижеге жетуде мұғалімнің орны бөлек екенін жақсы түсінеміз. Ұстаз өз ісіне сүйіспеншілікті баланың бойына дарыта алғанда ғана мамандығының нағыз білгірі атанады. Ұжымның алға қойған негізгі мақсаты – әл-Фараби идеяларын оқу үрдісіне енгізу, түрлі инновациялық тренингтер, басқа да идеялық-саяси, еңбек дәстүрлерінің әдіс-тәсілдері арқылы оқушының иманын, елге деген патриоттық сезімін ояту, тәрбиелі де парасатты, білімді, білікті ұрпақ өсіріп шығару, тұтынушылық пиғылдан арылту. Мектеп намысы үшін күрес – тәрбиенің басты нышандарының бірі. Ұлттық мектеп болғандықтан, ұлтжандылық бағытты жандандыруға, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінің жоғары деңгейде оқытылуына баса көңіл бөлеміз. Бұл орайда, Зәуреш Жиентаева, Гүлнәр Тасболатова, Айнагүл Қожина, тағы басқа идеялас, қанаттас, ниеттес әріптестерімнің оқыту мен тәрбиелеудің бірлігі ұстанымы қызықтырады. Біздің “өніміміз” – қоғамның жас мүшелері. Оларға жұмсалатын шығындарды инвестиция ретінде қарастыру керек. Жаңа заманға лайықты педагог кадрларын даярлау өздігінен келмейді. Олардың шәкірттеріне берген білім нәрі нақты іс-әрекеттерден көрінеді. Сонда ғана мұғалім еңбегі өтеледі.
Барлық еңбектес әріптестерімді Мұғалім күнімен құттықтаймын! Шығармашылық табыс тілеймін.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.