Баламның құжаттарын алып, қалалық классикалық гимназияға барғанымда 2002-2003 оқу жылының алғашқы үш-төрт күні өтіп кеткен болатын. Дәлізде жолыққан мұғалім менің не үшін жүргенімді бірден сезіп: “Сіз ауылдан келдіңіз бе? Бізде орын толық, мына келесі көшедегі №6 қазақ орта мектебіне барыңыз. Ауылдан келгендердің бәрі сонда оқиды. Біздің мекеме – гимназия, мұнда ылғи жақсы оқитындарды ғана қабылдаймыз. Ауылдан “4″ пен “5-ке” оқып келгендер бізге келгенде 3-ке де үлгере алмайды”, – деп орысша-қазақша бастырмалатты да, “мен болдым” дегендей жөніне кетті. Баламды бұл мектепке беруге алдын ала келісіліп қойылған болса да, жаңағы сөздерден кейін мен не дерімді білмей, аңтарылып қалдым. Алдыңғы болған әңгімені құлағы шалды ма, жаныма екінші мұғалім келіп: “Тәтей, мен 7 “ә” сыныбының жетекшісімін, балаңыз менде оқитын болады”, – деді қараторы жүзінен мейірім нұры төгіліп. Өзі белінен төмен түсетін бұрымын тоқпақтай қып өріп, арқасына бос тастапты. Көзімнің алдына өзімнің алғашқы мұғалімім, марқұм Жамал Ақбұзауова елестеп кеткен еді сол сәтте. Ол кісі де ұзын қолаң шашын кейде осылай өріп қоятын. Ұстазымыздың шашына қызыққан біз жан-жағынан қаумалап, оның бұрымына қолымызды тигізіп, бір сипап өтсек, соған мәз болатынбыз. Көбіміз оған еліктеп, шашымызды қимай, өсіріп, “Кімнің шашы мұғаліміміздікіне жақындады?” – деп ұзындығын салыстыратынбыз.
Қолыма алғаш қалам ұстатып, әріп танытып, білім әлеміне сапар шеккізген алғашқы ұстазымды есіме түсірген бұл мұғалім Гүлжан Қасымова болатын.
Мен Гүлжан Бозжігітқызын білген жылдардан бергі уақытта оның бойынан өзінің мамандығына шын берілгендікті, алдындағы әр шәкіртінің адам болып қалыптасуына жанын салып, олардың қол жеткізген жетістіктеріне балаша қуанып, кемшіліктері болса соны түзеуге барын салатынына көзім жетті. Жоғары білімді, жоғары санатты, талай марапаттың иегері, республикалық “Жыл мұғалімі – 2000″, “Үздік сынып жетекшісі” байқауларының жеңімпазы Гүлжан Қасымова әл-Фараби бабамыздың: “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек”, деген сөзін жадынан шығарған емес. Ол әр оқушыны біліміне қарай бағалаумен қатар, оларды тәуелсіз еліміздің тұтқасын ұстар тұлға ретінде қабылдайды, әрқайсысының пікірі ол үшін құнды. Алдынан өткен әр шәкіртінің тек өзіне ғана тән ерекшелігін біледі. Әр оқушыға біреудің баласы деп емес, өз баласындай жанашырлықтай қарайтын Гүлжан Бозжігітқызының өзгеге ұқсамайтын осы бір асыл қасиетін ата-аналар да бағалайды. Сондықтан да бір кездері директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет істеп жүрген жерінен ата-аналардың сұрауы бойынша негізгі жұмысына қосымша сынып жетекшісінің міндетін де қоса атқарған кездері болғанын білеміз.
Ол 2006-2007 оқу жылында біздің балаларымыздың қанаттарын қатайтып, үлкен өмірге жолдама бергеннен кейін бастауыш буыннан келген сары ауыз балапандарды 5 сыныпқа қабылдаған болатын. Осыдан екі жылдай бұрын отбасысы Астанаға көшіп кеткенде Гүлжан Бозжігітқызы мектеп бітіруге таяп қалған сол балаларын тастап кетуге қимай, неде болса шәкірттерін үлкен жолға өзі аттандырып салмақ болып қалып қойғанын ерлік демей, не дейміз? Міне, нағыз ұстаз осындай-ақ болар!
– Қазіргі балаларым тіпті ыстық, олар өте ерке, мені жан-жақтан қоршап алады. Өздерін қимаймын. Қазір күнделігімнен қай күні не болғанын оларға күнде оқимын, кім туралы оқып отырғанымды өздері тауып алады. Оқушыларының барлығы бірдей жақсы оқитын сынып болмайды, бірақ тап мектеп бітіріп, нүктесін қояр сәтте әр баланың кішкентай да болсын еңбектерін көрсеткім келеді. 19 баланың әрқайсысы – бір-біріне ұқсамайтын жеке тұлға. Көп жағдайда көрінбей қалатын балалар болады. Сондықтан осы сыныпты алғанда алдыма әр баланы көшбасшы қылып қалыптастырсам деген мақсат қойған болатынмын. Бүгінде сол мақсатқа жеткен сияқтымын, – дейді Гүлжан Бозжігітқызы өткен жылдарын ой елегінен өткізгенде толқығаннан дауысы дірілдеп.
Ұстазға бұл шеберлік бірден келген жоқ. Онжылдық мектепті Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылында бітірген Гүлжан Бозжігітқызы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсуге ұпайы толмай қалғанда қуанбаса, ренжімепті. Өйткені, ол бала күнінде тележурналист болуды армандаған екен. “Оқуға түсе алмай, елге келген соң 1-2 жыл мектепте вожатый болдым. 1988-1989 жылдары облыстық теледидар ұжымында режиссердің көмекшісі қызметін атқардым. Ол кезде қалада қазақша сөйлейтін адам тапшы болғандықтан, арасында радиодан хабарлар оқып тұрдым. Менің бала күнгі арманым осылайша жүзеге асты. Бірақ бұл тірлігім әкеме ұнамады. Әкенің әр сөзіне құлақ асып өскен ауыл баласымыз ғой, сол кісінің ақылымен Петропавлдағы педагогикалық институттың қазақ филологиясына оқуға түсіп, 1995 жылы университет дипломын алып шықтым. Қазір әкеме сол үшін алғыстан басқа айтарым жоқ. Мен өзімнің мамандығымды сол кісінің арқасында дұрыс таптым. Тележурналист менің балалық қиялымнан туған дүние екеніне көзім жетті”, – дейді ол.
Гимназиядағы еңбек жолы да бірден ұстаздықтан басталмаған Гүлжан Бозжігітқызы зертханашы, кітапханашы, вожатыйлық қызметтерді атқарған. Ал мұғалімдік қызметін алты-ақ сағаттық жүктемемен бастаған білікті ұстаз өзінің қалыптасу жолында мектепте оқып жүрген кездегі ұстаздарының үлгі-өнегесін пайдаланған. Күні бүгінге дейін мектепте, өмірде педагогикалық жолының қалыптасып, тиісті арнаға түсуіне ықпалы зор болған ұстаздарын аса бір ілтипатпен еске алған Гүлжан Бозжігітқызы бойында жақсы қасиеттер болса, ол осы ұлағатты ұстаздарынан дарығанын айтты.
Жоғары білімді маман атанып, қолына дипломын алған сәттен бері еңбек етіп келе жатқан қалалық классикалық гимназия ең басты өмір мектебі болған. “Осы білім ошағында мұғалім ретінде қалыптасып, шыңдалдым. Сол кезде мектеп директоры болған Жангелді Тәжиннен ұйымдастырушылық қабілетті үйрендім. Ал директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Сабыр Әбілкәрімов оқушыларды да, әріптестерін де мақсаткерлікке, табандылыққа, жауапкершілікке тәрбиеледі”, – дейді ол.
Гимназия ашылған алғашқы кезде материалдық-техникалық жабдықталуы қазіргідей емес еді. Ол кез қиын жылдар болды. Барлық сабаққа қажетті дидактикалық материалдарды өздері қолдан әзірлеп әкелетін. Қазір соның барлығын өткен шақта еске алады. Алдыңғы басшылардың негізін қалап, істеп кеткен еңбегін бүгінгі директор Күлтай Ахметқызы өз деңгейінде ұстап, жетілдіріп келеді. Білім ошағында үйренемін, сапалы білім беремін дегеннің барлығына жағдай туғызылып, мұғалімдердің әдістемелік білімдерінің көтеруіне, оқушылардың ғылыми жобаларға қатысуына, олимпиадаларға тартылуына толық мүмкіндік туғызылған.
Гүлжан Бозжігітқызының биылғы түлектерінің ішінде де “Алтын белгіге”, ерекше аттестатқа үміткерлермен қатар, халықаралық, республикалық ғылыми жобалар мен олимпиадалардың, басқа да шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері бар. Олардың арасында Ө. Жолдасбеков атындағы математика пәнінен халықаралық ғылыми жоба байқауының жүлдегері Жалғасбек Мұсырман, Мәскеу қаласында өткен “Математикалық жобалау” ғылыми жобалар сайысының 3-орын иегері Данияр Асқаров, Байқоңырда өткен “Ғылым әлемін ашамыз” халықаралық байқауында физика пәнінен жүлдегер атанған Әлішер Өміртаев, орыс тілі пәнінен республикалық олимпиадада, қазақ тілінен Өскемен қаласында өткен Қ.Бітібаева атындағы халықаралық олимпиадада жүлдегер атанған Жұлдызай Жақыпова, Әлия Қамзина және басқалар бар.
Түлектерімнің жеңісі – менің еңбегімнің жемісі”, – дейді мұғалімдік мамандықты өзінің бақытына балайтын ұстаз Гүлжан Қасымова.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.