Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мұғалімдер тарапынан келіп түскен өтініштер мен арыз-шағымдарға талдау жасады. Оның барысында ұстаздарды ең жиі мазалайтын мәселелердің бірі еңбекақыға қатысты екені белгілі болды. Мұғалімдер білім мекемелерінің есепшілері ай сайынғы еңбекақы табельдерінің уақтылы берілмейтініне, сұрақтарына толыққанды жауап ала алмайтындарына наразы. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастырып, педагогтарға арналған “Фаворит-чат” қызметін іске қосқанын айта кеткім келеді. Арнайы құрастырылған калькулятор арқылы әр мұғалім өзіне тиесілі еңбекақысын есептеп ала алады.
Ұстаз мамандығының беделін арттыру мақсатында елімізде көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған байланысты нақты тапсырмалар берген болатын. Соның бірі – мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігіне байланысты жалақыларын көтеру. Педагогтарға біліктілік санатын көтеру қағидалары Қазақстан Республикасы “Педагог мәртебесі туралы” Заңының 14-бабына сәйкес әзірленіп, мұғалімдерге біліктілік санаттарын беру тәртібі айқындалды. Соның бір кезеңі – арнайы ұлттық біліктілік тестін тапсыру. Нәтижесінде педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шебер біліктілік санаттарына ие болады және әр санатқа байланысты жалақыларына 30-дан 100 пайызға дейін үстемеақы қосылады.
2020 жылғы маусым-тамыз айларында өтініш білдірген Солтүстік Қазақстан облысының екі мыңға жуық ұстазы тестілеуден өтті. 14 қыркүйектен бастап тестілеу қайтадан жалғасын тапты. Сынақ барысында ұялы телефондарды, смарт-цифрлық аппараттарды, басқа да көмекші құралдарды пайдалануға тыйым салынған. Аудиторияларда тестілеу өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін және ереже бұзушылыққа жол бермеу мақсатында барлық компьютерлер бейнебақылаумен жабдықталған. Дегенмен, тестілеу кезінде ұстаздар арасында тыйым салынған заттарды қолдану фактілері анықталып, ереже бұзғандар емтиханнан шығарылып, алған нәтижелерінің күші жойылды. Осындай жағдай Петропавл қаласының, Айыртау, Мамлют, Шал ақын аудандарының ұстаздары арасында кездесті. Бұл мұғалімдер педагогикалық әдепті сақтамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Осындай әрекеттер ұстаз мамандығының абыройын түсіреді. “Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы” деген халық даналығы да осы бір қасиетті мамандық иесінің ұрпақ тәрбиесіндегі алатын орны ерекше екенін көрсетеді. Бүгінгі ұстаз – тәлім-тәрбие ісінен жалықпайтын, шығармашылығы мол, өз ісіне адал, парасатты азамат болуы тиіс. Өз ісімен, өмірлік ұстанымымен, ақыл-ойымен үлгі тұтар тұлға болуы шарт.
Ұстаздар тарапынан әлеуметтік желілерде көтеріліп жатқан мәселелердің тағы бірі – “Педагог мәртебесі туралы” заңда белгіленген қағидалардың бұзылуы. Атап айтқанда, мектеп әкімшіліктері мұғалімдерден басы артық құжаттар талап етуді әлі де тоқтатар емес. Әр мұғалімнің, сынып жетекшісінің, тәлімгердің жүргізетін құжаттарының тізімі Білім және ғылым министрлігінің №130 бұйрығында нақты көрсетілген. Бұдан артық құжаттардың талап етілуі заңсыз. Осындай шағымдар Ғабит Мүсірепов атындағы, Есіл, Жамбыл, Шал ақын аудандарының ұстаздарынан келіп түсті.
Тағы бір өзекті тақырып – мұғалімдердің өздерінің тікелей міндеттерінен тыс жұмысқа тартылуы. Мектептердегі жөндеу жұмыстарына қатыстыру фактілері де кездеседі. Мысалы, әлеуметтік желілер арқылы Шал ақын ауданының Крещенка орта мектебінің ұжымы жаңа оқу жылына дайындық кезінде мектепті күрделі жөндеуге қатысқаны белгілі болды. Осы дерек бойынша департаменттің бас маманы Баян Ахметова және облыстық білім және ғылым саласындағы кәсіподақ заңгері Әлия Тасымова ұжыммен арнайы кездесті. Әңгіме барысында мұғалімдер мектептің күрделі жөндеуіне өз еріктерімен қатысқанын айтқан. Департамент маманы мұндай жұмыс педагогтардың кәсіби міндетіне жатпайтынын айтып, ұстаздардың құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәліметтермен бөлісті. “Педагог мәртебесі туралы” заң нормаларының қолданылуына қатысты түсінік беріп, мұғалімдердің басқа да сауалдарына толыққанды жауап қатты.
Әлеуметтік желіде көтеріліп жатқан мәселелердің тағы бірі – педагогтар жыл сайын медициналық тексерістен өту үшін шығындарды өз қалталарынан төлейтіндігі. Бұл мақсатқа жұмсалатын қаражат жұмыс беруші тарапынан бөлінуі тиіс. Солай бола тұра, Ақжар, Жамбыл, Есіл аудандарында бұл мәселе департаменттің араласуынан соң ғана оң шешімін тапты.
Келіп түсетін шағымдардың басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың, білім бөлімдерінің өтініштерді сапасыз қарайтындығына қатысты. Бұл жағдай Мемлекет басшысының мемлекеттік органдардың халыққа ашық және жақын болуы туралы ұстанымына сәйкес келмейді. Нәтижесінде мұғалімдер сұрақтарына нақты жауап ала алмай, ғаламтор арқылы шағымдануға мәжбүр.
Мұғалімдердің шағымдары өңірдегі әріптестеріміздің білім саласына байланысты нормативтік-құқықтық актілердің көптеген тұстарын жете түсінбейтіндіктерін көрсетеді. Сондықтан әр ұжымда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілгені жөн. Әр құжаттың қолдану аясы елдегі білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін әрбір педагогқа егжей-тегжейлі жеткізілуі тиіс.
Педагогтардың құқығын қорғау, олардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау – біздің ортақ міндетіміз. Заңды негізге ала отырып, әріптестерімді, білім мекемелерінің басшыларын ашық диалог орнатып, осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырамын.
Айнагүл СҰРАҒАНОВА,
облыстық білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы.