«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰТАРЫМЫЗ КӨП

Астана қаласында Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа қол қойылуын қуанышпен қарсы алғандардың бірі екенімді жасырмаймын. Қазақта “араласпаса ағайын да жат болады” деген тамаша қанатты сөз бар. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде бірлесе іс-қимыл жасау арқылы ғана қиындықтарды жеңетінімізді түсінетін мезгіл жетті. Сол себепті 170 миллион адамды біріктіретін әлеуеті зор тұтыну нарығына айқара жол ашылып, алып интеграция шеңберінде экономикалық, сауда-саттық байланысының жаңаша түзілім алатынына сенімдімін. Өзара достыққа, түсіністікке құрылған тату-тәтті көршілігіміз де одан әрі нығая түсетін болады. Меніңше, ортақ тиімділік қағидаттарына негізделген, түпкі мақсаты Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі тұрғындардың әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін жақсартуды көздейтін экономикалық ұйымнан саяси астар іздеудің еш қисыны жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысы көрші мемлекеттің Омбы, Түмен, Қорған өңірлерімен шектеседі. Одақ кезінен бергі сауда-саттық байланысымызды былай қойғанда ағайындарымыз, құда-жекжаттарымыз тұратындықтан, “ауылымыз аралас, қойымыз қоралас”. Қазір олардың жүріп-тұру, келіп-кету мәселелері әлдеқайда жеңілденіп, өздерін бір елде өмір сүретіндей еркін сезінеді. Мұны бір артықшылық десек, екіншіден, үйлестірілген экономикалық саясаттың арқасында тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысына мүмкіндіктер туады. Үш мемлекеттің Президенттері де территориялық тұтастыққа ешқандай нұқсан келмейтінін, саяси міндеттер қойылмайтынын, одақтың басты мақсаты бірыңғай рынок түзуді, экономикалық стратегиялық әлеуетті арттыруды, интеграциялық қарым-қатынастар көкжиегін кеңейтуді діттейтінін мәлімдеді.

Біздің кәсіпорын қазірдің өзінде еуразиялық экономикалық интеграцияның басымдықтарын айқын сезініп отыр. Сыртқы экономикалық байланыстарды жемісті жүргізудің арқасында жер қойнауынан қазып алынатын кварц құмы шикізат есебінде Қазақстанмен қатар жақын шетелдерде де қолданылады. Шыны керек, ел ішінде тұтыну көздерінің тапшылығынан дайын өнімдерімізді өткізе алмай тығырыққа тірелген кездеріміз кездескен.

Өндірісті жаңғыртудың мүмкіндіктері талмай қарастырылып келеді. Озық технологияларды қолданудың арқасында бәсекелестік қарымы арта түсті. Нәтижесінде Қазақстанмен қатар, Ресей Федерациясының да сапалық талғамына сай келетін өнімдер брендіне ие болдық. Еуразиялық экономикалық одаққа дейін-ақ кәсіпорынның өнімдері ерекше қызығушылық тудырған еді. Өндірістік аймақта темір жол тұйығы бар. Оны да тиімді пайдаланып, біраз адамға жұмыс тауып беріп отырмыз.

Бүгінгідей бәсекелестік жағдайында ашық экономикалық қоғамдастық құрып, игілігін көру идеясының авторы Елбасымыздың болғанын да мақтан тұтамыз.

Берік МАХМЕТОВ,

“Диорит-ЛТД” ЖШС-нің директоры.

 Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp