Солтүстік Қазақстан облысының соттары еліміздегі он жеті соттың ішінде жұмыс сапасы бойынша көш бастап тұр. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында айтылды.
Жиында облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов алдымен Елбасының “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауы жайлы сөз қозғады.
– Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміздің қол жеткізген жетістігі аз болған жоқ. Әсіресе, сот төрелігін ұйымдастырудың сапасы біршама артты. Елбасы былтырғы жылы Астанада өткен судьялардың VII съезінде біздің алдымызға азаматтардың сот төрелігіне сенімділігін арттыру, құқықтық сауаттылығын жоғарылату, келісімдік рәсімдердің тиімділігін түсіндіру сияқты бірқатар міндеттер қойған болатын. Сонымен қатар ол жаңа Жолдауда да ел қауіпсіздігі, азаматтар құқығын қорғаудағы тиімді тетіктер жайлы айтты. Судьялар жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жоюға көмектесетін мүмкіндіктерді табу да – алдағы күнге қойылған тапсырмалардың бірі. Бүгінде өңірлік сот ұжымдары Елбасы Жолдауында белгіленген тапсырмаларды тиімді орындауға кірісіп кетті. Арнайы өткізілген іс-шаралар Жолдауда жүктелген міндеттердің оң шешімін табуына көмектеседі деген сенімдемін, – деді ол.
Жұмыстың сапасы маманның еңбек өтілі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Бүгінде 20 жылдан артық жұмыс істеген судьялардың саны 15-ке жетіпті. Сондай-ақ, биыл 8 судья мен “Б” корпусындағы 190 маман кешенді аттестаттаудан өтпек.
Өңірімізде дауды сотқа дейін реттеуге зор көңіл бөлініп отыр. Олардың ішінде татуластыру, медиация және ең алғаш өңірімізде жүзеге асқан партисипативтік рәсім бар. Өткен жылы татуластыру рәсімін қолдану бойынша 1796 азаматтық іс қаралыпты. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 1198 іске көп.
Соңғы үш жылда өңірімізде азаматтық істер әділ әрі сапалы қаралуда. Айта кеткен жөн, аудандық 20 соттың 13-інде шығарылған үкімдер істі жоғары инстанцияда қарау кезінде өзгертілмеген. Талап-арыздарды қараусыз қалдыру деңгейі де төмендеген.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.