«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЙЕЛ БОСАНҒАНДА БІРГЕ БОЛУ ҚИСЫНДЫ МА?

Қашанда қарапайым мінезімен ерекшелене білген қазақтың келіндері бұрын ымжымсыз, ешкімге білдірмей-ақ талай сәбиді өмірге әкелетін. Толғағы қысқан кезде ғана перзентханаға жиналып, я болмаса үйде де босана беретін, шіркін, қазақтың қарапайым әйелдерінің шыдамдылығын айтсаңызшы! Қазіргі жас келіндерге бұл бұрынғының сарқыншағындай болып көрінеді. Өйткені, олардың өмірге деген көзқарасы басқаша. Дөп басып айта алмағанымызбен, осыдан 5 жылдай уақыт бұрын “босанғанда серік болу” деген ұғым біздің қоғамда да пайда бола бастады. Яғни, әйел өмірге сәбиін әкелген сәтте оның қасында акушерлерден басқа күйеуі немесе жақын адамдарының бірі бола алады. Бұл, әрине, талап емес, бірақ, қалауыңыз болса, дәрігерлер қолдап, қарсылық білдірмейді. Әлемдік мәдениет пе, әйтеуір, әйелдің босануына енген осындай жаңашылдық жайында оқырмандарымыз қандай ойда екен, тыңдап көрейік.

Дариға, 32 жаста:  

– Мен үшінші баламды босанған кезде қасымда абысыным болды. Көмегі көп тиді. Толғақ қысқан кезде қасыңда жақын адамыңның болғаны жақсы. Су әперіп, жүріп-тұрған кезде қолдау көрсетеді. Денеңе массаж жасайды. Осының барлығы денең ауырып, өзің әрең қозғалып тұрғанда өте қиын болып көрінеді. Өйткені, адамнан адам тууы оңай емес. Және оны балалы болған әйелдер ғана жақсы түсініп, айтқаныңды екі етпей істеуге тырысады. Сол жағынан алғанда қолдаймын.

Айдос, 37 жаста:

– Тұңғышымыз өмірге келгенде әйеліммен бірге перзентханаға бардым. Алдын ала дайындықтан бірге өтсек те, дәл сол кезде әйелімнің қиналғанына қарап, алғашқыда өзім сасқалақтап қалдым. Бірақ кейін бар күш-жігерімді жинап, қолымнан келгенше көмектесуге тырыстым. Шыны керек, ондай жерге әйеліңмен бірге бару үшін үлкен психологиялық дайындық керек. Әйтпесе, өзіңе де дәрігерлердің көмегі керек болып қалуы әбден мүмкін.

Ғалия, 46 жаста:

– Бала тууды Алла Тағалам әйелдерге ғана жазған. Бұл келіншектер үшін сөзбен айтып жеткізе алмайтын қиын сәт. Бұрындары үлкен әжелеріміз толғақтың қысқанын бірден қырық жерден сүйегіңнің сынғанымен теңейтін. Осындайдан кейін өмірге сәби әкелудің оңай еместігін өзіңіз ойлай беріңіз. Жаның қысылып, бір аяғыңмен жерде тұрған кезіңде қасыңда күйеуіңнің болғанынан да дәрігерлердің көмек бергені дұрыс. Өркениетті елдерде осылай істейді екен дегенімізбен, сынды сәтте серіктес толғағыңды жеңілдетер нақты көмек бере алмасы айдан анық.

Динара, 37 жаста:

– Толғақ қысқан кезде қасыңда күйеуің болса, баланың өмірге келуі қаншалықты қиын және жауапкершілігі үлкен екенін көзімен көріп, түсінеді. Баласын бауырына басып, мейірлене иіскеген кезде әкелік сүйіспеншілігі оянып, осындай ең үлкен бақытты сыйлағаны үшін жан жарын одан сайын құрметтей түседі. Бұдан кейін де баланы тәрбиелеу, оны азамат етіп қоғамға қосу сияқты аса жауапты жұмыстарға зайыбымен бірге қатысып отырады. Әйтпесе, біздің ер-азаматтардың еті әбден үйреніп алған. Өзің перзентханаға барасың, босанасың, содан кейін үйіңе келесің. Әкелері тек құндақтаулы сәбиді қолдарына алып, иіскегенде ғана бақытқа бөленеді. Ал оған дейін әйел адамның қанша бейнет көргенін ойлайтындары аз. Бала – анаға да, әкеге де ортақ. Сондықтан да шарананың шыр етіп өмірге келген сәтінде әйелдің қасында күйеуінің болғаны дұрыс.

Дайындаған

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp