«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕМ ЖАЙЛЫ ҮЗІК СЫР

Мен есімді білмеген шақта өмірден өткен әкем Есмағұл Ғабдоллаұлы туралы естелікті анам Бикен мен ағам Базаркеден көп естуші едім. Олардың айтуларына қарағанда, әкеміз жастайынан жетімдіктің, қиыншылықтың тауқыметін көп көріпті. Ол 1907 жылы қазіргі Шал ақын ауданындағы Балуан ауылында туған. Ауыл молдасынан хат таныған ол жастайынан түрлі тетіктерді ағаштан, темірден өз бетінше жасай берген. 1930 жылдың орта кезінде желмен жүретін екі пропеллерлі тракторды ағаштан жасапты. Естуімше, бұл трактор, тіпті, желге қарсы да жүрген екен. Шешем: “Әкелерің мені ауылымнан өз қолымен жасаған желге қарсы жүретін ағаш тракторға мінгізіп алып кетті”, – деп сол бір сағым жылдарын сағынышпен еске алып, әңгіменің тиегін ағытатын.

1930 жылы ашаршылықтың қиын-қыстау кезінде үйленген әке-шешем талай қиындықты қол ұстасып бірге еңсеріпті. Отбасымыз бұл жылдары Қорған облысындағы Лебяжі ауданында тұрған. Заманның қиын уақытында әкем ұжымшардың қойын бағып, отбасын асыраған екен. Үкімет жұмысымен қатар өзінің түпкі ойын жүзеге асыруды да ұмытпапты. 1940 жылдың аяғында мал басын санайтын есептегіш құралдың макетін жасауға кіріскен. Оның мұндай қадамға баруының себебі – мыңдаған қойды санау қиынға соққандықтан деп ойлаймын әрі оның үстіне мал басы жетпей қалса, басшылықтың алдында жауап беру керек. Жасаған макеті даяр болған соң әкем оны аудан басшыларына, содан кейін Қорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына көрсетеді. Облыс басшысы риза көңілмен оның арқасынан қағып, сыйақы және қаланың бір зауытына жолдама қағаз жазып берген екен. Содан қуанышы қойнына сыймаған ол есептегіш құралдың макетін Қорған қаласының бір зауытына апарып тапсырыпты. Бірақ зауыт басшылары бұл құралды керек қылмағандықтан, әкем оны бірден өзіміздің Қызылжар қаласындағы зауытқа беріпті. Алайда, біраз уақыт өткеннен кейін макетті қабылдаған басшы басқа қызметке ауысып, оның орнына келген кісі түк білмейтінін айтып, әкемді маңына жолатпаған көрінеді. Осылайша, көп уақыт бойы жасаған еңбегі халықтың игілігіне жетпей, жоғалып кетіпті. Десе де, қағаз жүзінде дәлелдер болмаса да, көпшіліктен әкеміздің өнертапқыш болғанын жиі естідім. Мәселен, ұлттық аспабымыз – домбыраны жасауға да қолы икемді болыпты. Осы жерде ел арасында домбырашылық, сырнайшылық өнерімен де танылғанын айта кеткім келеді.

Әкем бес ағайынды болған. Ол соғыс жылдары еңбек армиясында болды. Інісі Исқақ қан майданда хабар-ошарсыз кеткен. Ал ағасы Қали соғыс біткен соң елге оралмапты. Жоғалып кеткен ағасын іздеген әкем оны Ресейдің бір шахтасынан тапқан көрінеді. Заманның қиын кезі болса да, бауырмал іні ағасын жат жұртта қалдырмай, осылайша туғандарымен қауыштырыпты.

Елден Лебяжіге ерте кеткен әкемнің туған жерге деген сағынышы күн сайын ұлғая түсіп, 1967 жылдың көктемінде өз елі – өлең төсегі Балуанға көшіп келді. Бірақ туған жерге көшіп келгенімізге жыл толмай тағдырдың жазуымен әкем өмірден өтеді. Бұл ауыр қазадан кейін шаңырағымыздан шаттық кетіп, анамның қайғыдан қабырғасы қайысты. Сол кезде әкеммен сыйлас болған “құдайы көршілеріміз” жанымыздан табылып, жақсылық жасағанын содан бері елу жыл өтсе де, ұмытқан емеспіз.

Базарәлі БОРАНКИН.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp