Қазақстан Республикасы Президентінің “Орталық мемлекеттік органдардың басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының тұрғындармен есепті кездесулерін өткізу туралы” Жарлығына сәйкес жыл сайын барлық деңгейлердегі әкімдердің тұрғындармен есепті кездесулері өткізіліп келеді.
Аталған басқосулардың барысында елімізде жүргізіліп жатқан реформалар, өткен жылда тиісті әкімшілік аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, аумақты дамыту бағдарламасының өзекті көрсеткіштері бойынша жетістіктер, оларды одан әрі өркендетудің міндеттері мен негізгі бағыттары, аумақты әлеуметтік-экономикалық дамытудың басымдықтарын белгілеуде жергілікті бюджеттердің жобаларын жасау туралы тұрғындарға ақпарат беріледі.
Тұрғындармен есепті кездесулер облыстың барлық ауылдық округтерінде өткізіледі. Оларға бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері шақырылады. Осындай кездесулер кезінде облыс тұрғындары өздерін толғандыратын барлық сауалдарын қойып, ұсыныстарын, сын-ескертпелерін, талап-тілектерін білдіре алады. Азаматтардың қойған сауалдарына шынайы түсініктемелер беріледі. Бұл сауалдардың бәрі хаттамаларда тіркеледі, соған қоса қосымша зерттеуді талап ететін қаржы шығындары жайындағы сауалдар айрықша бақылауға алынады.
Тұрғындарға есепті кездесулердің өтетін жері мен уақыты туралы, сондай-ақ, азаматтардың көтерілетін мәселелерді талқылауға белсенділікпен қатысуын қамтамасыз ету үшін баспасөзде және ресми интернет-ресурстарда есепті кездесулердің кестелері және әкімдердің есепті баяндамалары жарияланады.
Барлық қордаланған проблемаларды барынша толық қамту үшін есепті кездесулер өтерден күні бұрын жалпы жұртшылықтың қолдары жетімді жерлерде тұрғындардың ұсыныстарын, сын-ескертпелері мен талап-тілектерін жинау үшін жәшіктер орнатылады. Жәшіктер орнатылатын жерлер туралы баспасөзде және ресми интернет-ресурстарда жария етілген. Одан әріде сын-ескертпелер мен ұсыныстар есепті кездесулердің барысында өз алдына бөлек айтылады.
Есепті кездесулердің қорытындылары бойынша азаматтардың айтылған сын-ескертпелері мен ұсыныстарын орындау жөнінде жоспарлар жасалып, олар міндетті түрде баспасөзде және ресми интернет-ресурстарда жарияланатын болады.
Есепті кездесулер екі кезеңде өтеді. Біріншісі – ауылдық округтер әкімдерінің округтің елді мекендеріндегі есебі, екіншісі – аудандар әкімдерінің ауылдық округтердің әкімшілік орталықтарындағы және Петропавл қаласы әкімінің қаланың шағынаудандарындағы есептері.
2015 жылы облысымызда 671 есепті кездесу өтіп, солардың барысында 1900 ұсыныс пен сын-ескертпелер айтылды, олардың 910-ы бақылауға алынды, 848-і немесе 93,2 пайызы орындалды. 2015 жылы орынды себептермен шешімін таппаған мәселелер үстіміздегі жылы қарастырылады.
Үстіміздегі жылы ауылдық округтердің және аудандардың әкімдері, қала әкімі 14 қаңтар – 11 ақпан аралығында есеп береді. Ал облыс әкімінің есепті кездесуі 24 ақпанда өтеді. Облыс бойынша толығымен барлық деңгейдегі әкімдердің 656 есепті кездесуі өтеді. Осы жиындардың барысында көтерілген мәселелерді шешу айрықша бақылауға алынады.
Мадияр ҚОЖАХМЕТ,
Солтүстік Қазақстан облысы әкімі
аппаратының басшысы.