«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ЕҢБЕККЕ ЫНТАЛАНДЫРАДЫ

“Tikeleı baılanys” айдарының кезекті қонағы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мәулетбаева “Soltústіk Qazaqstan” газетінің электронды поштасына және “WHATSAPP” желісіне келіп түскен оқырмандардың сауалдарына жауап берген болатын. Бүгін осы сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Жанар БӘКИЕВА,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Мемлекеттің басты байлығы – ана мен бала ғой. Біздің елімізде көпбалалы отбасыларға қандай қамқорлық көрсетілуде?

– Мемлекет тарапынан ана мен баланы қолдауға, көпбалалы отбасыларға қамқорлық көрсетуге ерекше мән беріліп отыр. Мәселен, Қазақстанда демографиялық жағдайды жақсарту мен бала тууды ынталандыру шаралары аясында бірнеше мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. Биыл жәрдемақы түрлерінің мөлшері біршама өсті. Мемлекет қамқорлығын сезінген жандар біздің облысымызда да аз емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен былтыр елімізде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың табыс көлемі екі есеге артты. Атап айтқанда, тұрмысы төмен отбасылардың мүшелері жұмыспен қамтылып, көптеген азаматтар жаңа мамандыққа ие болды. Әлеуметтік қолдаудың аталмыш түрі аз қамтылған тұрғындарға төленетін үш төлемді жүргізуді жолға қойды, яғни аз қамтылған отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балаларға және көпбалалы отбасыларына берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы болып үш түрге бөлінді. Бұл көмекке ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен мөлшерде табыс табатын азаматтар ие. 2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша өңірімізде атаулы әлеуметтік көмек 4131 аз қамтылған отбасыға тағайындалды. 4088 отбасыға (18644 адам) 935,1 млн. теңге жәрдемақы төленді. Соның 1017-сі – көпбалалы отбасы. Бір отбасыға төленген жәрдемақының орташа мөлшері 79 900 теңгені құрады. Биыл өңірімізде көпбалалы отбасыларға арналған жаңа пәтерлер салынады. Жыл соңына дейін осы санаттағы 226 отбасы қоныстойын тойламақ. Аудандар бойынша да әкімдерге тапсырма беріліп, бүгінде баспанаға мұқтаж отбасылардың тізімі жасалуда.

 

Манарбек ИСИН,

Тайынша ауданының тұрғыны:

– Көпбалалы аналарды қолдаудың нақты қандай түрлері бар? Бұл мәселе бойынша қосымша ақпаратты қайдан алуға болады?

– Жоғарыда бұл сұраққа жауап бердім. Дегенмен, толықтыра кетейін, көпбалалы отбасыларды қолдауға биыл ел қазынасынан 365 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бүгінде әлеуметтік саланы жаңғыртуға қатысты кешенді бағдарлама жасалып, оған мемлекеттік жәрдемақы, әлеуметтік төлем, жұмыспен қамту шаралары мен салық салу кезіндегі жеңілдіктер еніп отыр. Қазіргі кезде әлеуметтік қолдау отбасылардың 5 санатына көрсетілуде, яғни 1 жасқа дейінгі баласы бар аналарға, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға, аз қамтылған отбасыларға, асыраушысынан айырылған және балаларды қамқорлыққа алған отбасыларға қолдау жасалады. Тағы бір көңіл аударарлық жайт, барлық әлеуметтік төлемдер жыл сайын инфляция деңгейіне қарай индекстеледі. Бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақының көлемі отбасындағы сәбидің санына байланысты. 2019 жылы бірінші, екінші, үшінші балаға арналған жәрдемақы 95 950 теңгені құрады, ал төртінші және одан кейінгі балалар туғанда 159 075 теңге төленеді. Соңғы үш жылда осы жәрдемақының сомасы 38 пайызға өсті. Сонымен бірге, Қазақстанда бала бір жасқа толғанша әлеуметтік қолдау қарастырылған. Бұл төлем еңбекпен қамтылған және жұмыс істемейтін аналарға беріледі. Егер де баланың анасы жұмыс істемесе, онда бала өмірге келген сәттен бастап бір жасқа толғанға дейін жәрдемақы тағайындалады, сондай-ақ, бұл төлем ай сайын беріледі. Бұған қоса, әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың түрлі бағдарламалары жүзеге асырылуда. Мемлекет көпбалалы аналарға ерекше назар аударып отыр. “Алтын алқа”, “Күміс алқа” наградаларымен марапатталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, “Ана даңқы” І және ІІ дәрежелі ордендеріне ие болған көпбалалы аналарға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл жәрдемақы өмір бойы беріледі, яғни зейнетке шыққаннан кейін де тоқтамайды, сондай-ақ, табысына қарамай тағайындалады. Атаулы әлеуметтік көмекті алуға ниетті отбасылар болса, олар өз мекенжайы бойынша тұрғындарды жұмыспен қамту орталықтарына немесе жергілікті әкімдікке келіп, өтініш беруі тиіс.

 

Жансейіт ӘБІЛҚАСОВ,

Мамлют ауданының тұрғыны:

– Тұрмыс деңгейі төмен азаматтарды еңбекпен қамтудың жаңа бағдарламасы бар деп естіп едім. Сол туралы айтып берсеңіз.

– Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан аспайтын отбасылар аз қамтылғандар санатына жатады. Мұндай отбасыларға бағытталған атаулы әлеуметтік көмек түрлері ақшалай жәрдемдесу және жұмыспен қамту болып табылады. Тұрмыс деңгейі төмен, бірақ еңбек етуге жарамды отбасылардың мүшелері қайта даярлаудан өткен, әлеуметтік жұмыс орындарына тұрған және жұмысқа орналасқан жағдайда ақшалай қаражатқа ие болады. Ал шартсыз ақшалай көмек жасына, денсаулық жағдайына, мүгедектігіне, 7 жасқа дейінгі баланы және мүмкіндігі шектеулі жанды күтуіне байланысты жұмыс істей алмайтын алмайтын азаматтарға беріледі. Бағдарламаның осындай жаңашылдықтары “Өрлеу” жобасы аясында тәжірибеге енгізіліп, өзінің тиімділігі мен оң нәтижесін көрсетіп отыр. Мәселен, былтыр өңірімізде 668 тұрмысы төмен отбасына қолдау көрсетіліп, үш мыңға жуық адам ақшалай көмекке ие болды. Сонымен қатар еңбекке қабілетті аз қамтылған азаматтардың саны облыс бойынша 19,8 пайызға қысқарды, жобаға қатысушылардың жан басына шаққандағы табысы 4,1 есеге артты. Атаулы әлеуметтік көмектің игілігін, әсіресе, ауыл тұрғындары көруде. Тұрақты жұмыс орны бар, алайда, аз қамтылғандар қатарына жататын 230 отбасы жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылықтарын өрбіту мақсатында біржолғы әлеуметтік көмекке ие болды. Мемлекет берген қаражатқа олар ірі қара, қой, жылқы, шошқа және құс сатып алды. Әлеуметтік қолдау көрсету әдісі өзгертілген уақыт ішінде көптеген отбасылар тұрмысын түзеп алды десек, қателесе қоймаспыз. Атап айтқанда, бірегей жәрдемақы тағайындалып, кедейлік жағдайдан шығу жоспары әзірленді. Атаулы көмек алушылардың жауапкершілігін нығайту жұмыстары да бір ізге қойылды. Жәрдемақы мен гранттар өз кәсібіңді ашып, қосалқы шаруашылықпен айналысуға, жеке үй шаруашылығыңды жүргізуге мүмкіндік береді. Осылайша, бірреттік әлеуметтік көмекке 352 отбасы ие болды. Соның ішінде Айыртау, Аққайың, Жамбыл, Қызылжар және Уәлиханов аудандарында тұратын 15 ерлі-зайыпты жеке кәсібін ашып, екі отбасы техникалық қызмет көрсету орталығын, тағы екеуі жиһаз жасауға кірісті. Екі қолға бір күрек тапқандардың ішінде ара шаруашылығына ден қойғандар да бар. Бүгінгі таңда 352 отбасы жеке қосалқы шаруашылықты өрбітіп отыр. Мал және құс шаруашылығын дамыту бойынша өз жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болғандар мемлекет берген мүмкіндікке дән риза.

 

Шәміл АХМЕТОВ,

Айыртау ауданының тұрғыны:

– Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткерлердің жан басына шаққандағы орташа табысы қалай есептеледі?

– Атаулы әлеуметтік көмекті алуға үміткер тұлғаның жиынтық табысын анықтау өтініш жасалған кезде ұсынылатын құжаттардың және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтердің негізінде жүргізіледі. Отбасының жиынтық табысына белгіленген уақыт ішінде ақшалай немесе заттай нысанда алынған тұрғын үй және атаулы әлеуметтік көмектен, сондай-ақ, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді іс-шараларына қатысу шеңберінде мемлекеттік қолдаудан басқа табыстың барлық түрлері қосылады. Жан басына шаққандағы орташа табыс әлеуметтік көмек тағайындау үшін өтінішті берген тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеледі.

 

Марал ҒОСМАНОВА,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Мемлекет тарапынан өзiм сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау зор. Мүгедектер арбасына таңылғаныма бір жарым жыл болды. Жыл сайын бір рет материалдық көмек аламын. Одан басқа емдеу-сауықтыру орындарына тегін жолдама беріле ме?

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды емдеу-сауықтыру орындарына жөнелту мақсатында бюджеттен 85 млн. теңге бөлiнген. Былтыр 702 адамға жолдама берiлсе, 1362 азаматқа протез-ортопедиялық көмек көрсетiлді. Биыл конкурстық рәсімдер аяқталған соң, тамыз айынан кезек бойынша облыс тұрғындарын шипажайларға жөнелтпекпіз. Ұлы Отан соғысының ардагерлерi мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көлiк қызметi де қарастырылған. Олар үшiн тегiн “Әлеуметтiк такси” жұмыс iстейдi. Бұл мақсатқа қала бюджетiнен 9,5 млн. теңге бөлiнген. Осы уақытқа дейiн аталған қызмет түрiн 4,5 мың адам пайдаланды.

 

Жанат ЖАЙЛЫБАЕВА,

Жамбыл ауданының тұрғыны:

– Зейнетақым дәрi-дәрмек сатып алудан қалмайды. Сондықтан әлеуметтiк қорғау орталығынан көмек сұрап едім. Өтiнiшiм жерде қалмады. Оларға айтар алғысым шексiз. Келінім ұлым о дүниелік болғаннан бері балаларға бас-көз болып біраз жылдан бері үйде отыр. Жалғызбасты әйелдерге қандай жеңілдіктер бар?

– Көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарды жұмыспен қамтуға бағытталған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Биыл аз қамтылған отбасылардан шыққан және Ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті балды жинай алмаған 729 бала ұйымдарда өндірістік тәжірибеден өтетін болады. Ал арнайы кәсіптік білімі жоқ азаматтар үшін қайта даярлау қысқамерзімді курстары қарастырылған. Яғни кез келген азамат біздің мекемеге өтініш білдіру арқылы 3 айдан 6 айға дейінгі аралықта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білімін жетілдіре алады. Жыл басынан бері бұл бағдарлама нәтижесінде 148 азамат мамандық иесі атанды. Аталмыш санаттағы азаматтар 505 мың теңгеге дейінгі көлемде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие бола алады. Сондай-ақ, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға жұмыс орындары ұсынылуда. Олар тігінші, шағын бұйымдарды жинақтау, диспетчер, кондитер және бухгалтер мамандықтары бойынша қысқамерзімді курстарда білімдерін толықтыру құқығына ие.

 

Әлия ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Баламның мүмкіндігі шектеулі. Өздігінен жүріп-тұра алмайды. Біз жәрдемақыдан басқа қандай көмек түріне ие бола аламыз?

– “Қазақстан Республикасындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы” Заңға сәйкес аталмыш санатқа жататын азаматтар оңалтудың жеке бағдарламасы шеңберінде шипажайлық ем-доммен, техникалық қосымша құралдармен және арнайы қозғалыс заттарымен қамтамасыз етіледі. Осындай жеңілдіктерге ие болу үшін мүмкіндігі шектеулі азаматтар немесе олардың заңды өкілдері жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне келіп, өтініш білдіру қажет. Бұл мәселелерді біз Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық органдарымен бірлесе отырып шешеміз.

 

Мұрат МАКИН,

Айыртау ауданының тұрғыны:

– Жергілікті әкімдік мамандары аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде олардың қора-қопсысын, мал-мүлкін тексеруге құқылы ма?

– Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың табысын арттыру шараларының бірі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету және азаматтарды жұмысқа тұрғызу болып табылады. Әлеуметтік қолдаудың бұл түрін ұсыну қолданыстағы заңнамалар негізінде жүзеге асырылады. Бүгінде осы талаптар ескеріле отырып, мемлекет қолдауын қажет ететін аз қамтылған азаматтар қатарын анықтау мақсатында қосымша учаскелік комиссиялардың қоғамдық институты құрылды. Оның құрамына жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық ұйымдардың, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік және құқық қорғау салаларының өкілдері кіреді. Комиссияның негізгі міндеті атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде уәкілетті органдарға жәрдемдесу, көмекке мұқтаж отбасылар мен азаматтардың материалдық жай-күйін зерттеу. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудан басқа комиссия мүшелері кедейлікпен күрес жүргізеді. Жұмыспен қамту, оқыту, қайта даярлау, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және тағы басқа міндеттерді орындау осы топқа жүктелген.

Дайындаған

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp