Қазіргі уақытта елімізде әр саланың дамуына айрықша назар аударылып, тың жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыру үшін жаңа міндеттер жүктеді. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, кемел келешек үшін баршамыз басты құжатта айтылған тапсырмалардың орындалуына атсалысуымыз керек.
Қазақстан Президенті қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударып, оларды шешудің тиімді тетігін қарастыруды тапсырды. Мемлекеттік тілді дамыту, жерді тиімді игеру мәселесіне қатысты орынды пікір білдірді. Халықпен кері байланыс орнатуда қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары екенін атап өтті.
Президентіміз әлеуметтік саланы да ұмыт қалдырмады. Тарихи құжаттың төртінші бағытында әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңінде ел бюджеті қоғамдағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс екенін жеткізді. Отан – отбасынан басталатынын ескерсек, отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру қажет. Бұл орайда бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық берген жөн. Өйткені, қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кесірінен қаншама отбасының шырқы бұзылып, балалар тағдыры тәлкекке түсуде. Жасөспірімдер арасында көбейіп кеткен суицидтің де алдын алу қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Өйткені, әлеуметтік сала маманы ретінде мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу олардың ата-аналарына қаншалықты қиын екенін білемін.
“Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек”, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін дамытуға кеңес берді. Бұл қамкөңіл балалар мен олардың қамқоршыларына жасалған үлкен көмек болар еді. Елінің ертеңін ойлаған әрбір азамат қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, мемлекетіміздің өрге қадам басуына өз үлесін қосуы керек.
Серік ТОҚЫМБЕТОВ,
жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімінің басшысы.
Шал ақын ауданы.