Тәуелсіздік күнінің қарсаңында мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін өңіріміздің біршоғыр азаматтары Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Осылардың қатарында “Дарынды балаларға арналған музыкалық-эстетикалық бейіндегі өнер колледжі – мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің” оқытушысы Юрий Зайберт те бар. Ол Президент Жарлығымен “Ерен еңбегі үшін” медалін омырауына тақты.
Мен Юрий Федоровичті, бері салғанда, отыз жылдай уақыт бойы біледі екенмін. Оның жұртшылыққа танымалдығына бұл да жеткіліксіз сияқты. Өйткені, осы бір алып тұлғалы, соған орай зор дауысты әнші-сырнайшы шықпаса, қандай да болсын сахнаның сәні келмейтіндей әрі білетіндердің қуана қол соқпайтыны болмайтындай көрінеді.
Сөз жоқ, Ю. Зайберт мұндай дәрежені өзінің дарынының, әншілік-сазгерлік өнерінің арқасында иеленді…
… Есіл ауданындағы Николаевка ауылында ұстаздар шаңырағында туып, музыкант әкесі Федор Федоровичтің және бастауыш сыныптарды оқытқан анасы Амалия Петровнаның ұлағатымен өскен ол ағасы, кейін есімі археология ғылымының үлкен тұлғаларына танылған ғылым докторы Виктор Зайберттің жолын қуып, мәдениет пен өнерге бауыр басты.
Ол әншілігіне, сазгерлігіне қоса, тәп-тәуір ақын да. Сондықтан өзінің балалық шақтарындағы әсерімен өлең жазғанын да білемін. Осы балғын кезі туралы балауса жырында бес жасынан баянда ойнағанын өлеңмен өрнектеген.
Петропавлдың музыка училищесінде алған білімін Башқұрттың астанасы – Уфаның мемлекеттік өнер институтында сырттай оқумен жалғастырып, осы бір сиқырлы саз әлемінің биігіне өрледі. Соның арқасында 1999-2005 жылдар аралығында Петропавлдың өнер колледжін басқарды.
Өнерді жан серігіне айналдырып, баянда ойнаудың асқан шебері болуына жас жігіт шағында Калининград облысының Гвардейск қаласында әскери борышын өтеген жылдары оркестр құрамында сахнаға шығуының септігі тигенін Юрий Федоровичтің өзі былайша есіне алады:
– Мен әуелі сержанттар мектебін тамамдадым. Бірде казармада, қайдан келгені белгісіз, қолыма баян тиіп, ойнап отырғанымда дивизия оркестрінің жетекшісі келе қалсын. Ұрсатын шығар деп ойлағам. Олай болмады. Ол мені жауынгерлердің және офицерлердің осы өнер ұжымына қосып алды. Сөйтіп, Петропавлдағы музыка училищесінде алған білімімнің пайдасы тиді, – дейді Юрий Федорович.
Жоғарыда айтқанымдай, өнер колледжіне басшылық еткен жылдарда оның шәкірттері Италияда, Францияда, Молдовада, Испанияда, Ресейде байқауларда сынға түсіп, үшеуі осындай Халықаралық конкурстардың лауреаттары болса, республикалық сайыстарда оннан аса жас өнерпаздың жұлдызы жарқырады.
Юрий Федоровичті қаланың кәсіпорындарының, облысымыздың шаруашылықтарының басшылары өздеріндегі өнер ұжымдарына ұстаздық жасауға үнемі шақырып жүреді. Осылайша, ол қатарынан жеті жыл С.М. Киров атындағы зауыттың бір цехының көркемөнерпаздар ұжымын басқарса, жиырма үш жыл бойы Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылының хорын сахналық өнерге баулыды.
Жеке өзінің шығармашылық жетістіктері айтса, айыз қанарлықтай. Ол Кеңес Одағы тұсында халық шығармашылығының бүкілодақтық фестивальдарының үш дүркін лауреаты атағына ие болды. Сонша мәрте республикалық байқауларда марапатқа бөленді. Патриоттық әндердің авторлық конкурсында жеңіске жетті. Осындай өнерінің жемісі – Қазақстан композиторларының сегізінші съезіне шақырылуы.
Оның композиторлық өнерін жүзден аса әндері айғақтай алады. Олардың ішінде жергілікті орыс ақындарының жырларына шығарған әндері өз алдына бір төбе. Соңғы жылдары қаламызда бірнеше авторлық жеке концерттері қойылып, өнеріне тәнті әнсүйерлердің қошеметіне бөленді.
Бүгінде алпыс үш жасқа толған, жеті өнерге жетік деуге тұрарлық Юрий Федорович өнер колледжіндегі оқытушылық қызметімен шектелмей, Қызылжар ауданындағы Якорь ауылдық округі басшылығының шақыруымен осындағы Мәдениет үйінде «Мелодия» ансамблін құрып, ауыл өнерпаздарын баулып жүр. Жақында аталған өнер ұжымы якорьлықтарға тамаша тарту жасағанын тілге тиек еткен Юрий Федорович ансамбльдің репертуарында аса көп туындыларды қамтығанын айтты. Осы туындылардың ішінде “Дедімай-ай”, “Илигай”, “Шолпан-Шолпан”, “Арыс жағасында”, “Туған жер” сияқты қазақ әндері орындалатынына және Нұрлан Байсейітов, Гауһар Исмагулова, Галина Нахлесткина, Борис Волков сынды дарындар өнер көрсететініне қанықтырды.
Менімен кездесуді асыға тамамдаған сұхбаттасым Якорь ауылына кезекті репетицияға аттанатынын білдірді. Оның 1973 жылдан бері бір арнадан ауыспай, қырық екі жыл бойы өнер саласында ұстаздық етіп келе жатқан өмір жолына іштей тәнті болып отырдым. Ол осы көңілкүйімді сезгендей, маған “Песни Юрия Зайберта” деген әндер жинағын тарту етті.
Әңгімеміздің соңында мен оның әншілігіне, сазгерлігіне қоса, өлең шығаратын ақындық қабілетін білгендіктен, ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаевқа арнаған жырын аударуға ықыласымды сездіріп, ризашылығын алған едім.
Сенің үнің тұла бойды жаңғыртты,
Сенің жырың жанарға жас алдыртты.
Сенің рухың көкке қанат серметіп,
Шеккен қайғың сарыуайымға салдыртты.
Қайран, Мағжан, неткен ғажап, еңселі ең,
Қайсарлықты үйренемін мен сенен.
Сен алыпсың, сен заңғарсың ғажайып,
Биіктікті саған қарап өлшеген.
Арманшылсың, орындалды оның да,
Туған елің заңғарларға қонуда.
Жаның сенің жадырасын, ұлы ақын,
Қазақстан – жасампаздық жолында.
Бәйтеректей зәулім осы қалпыңда,
Бақытты ғой соны көрген халқың да.
Өзің сенген “Мәңгілік Ел” жастары
Мәңгілікке тағзым еткен, нар тұлға!
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.