«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘН МЕН БИДЕН ШАШУ ШАШТЫ

Облыстық филармонияның кезекті концерттік маусымы жабылды. Салтанатты шара Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өтті.

Концерттік бағдарламаны эстрадалық және джаз музыкасының оркестрі ашты. Геннадий Брюхановтың жетекшілігіндегі оркестр көрермендерге А.Эшпайдың, П.Маккартни мен Д.Кандердің шығармаларын ұсынды. Елена Губанова Джон Кандердің барша ән сүйер қауымға белгілі “Нью-Йорк” әнін шырқады.

Облыстық филармония ән өнерінің бірнеше бағытын алға бастырып келеді. Оларды джаз, этно-рок, эстрадалық әндер мен классикалық ән өнерінің ізін жалғастырушылары деп толық айтуға негіз бар. Өнер ұжымында әр-түрлі жанрды қатар алып жүрген әншілер де жетерлік. Көрерменнің көзайымына айналып үлгерген Бақыт Ілиясов пен Радик Синтиков – классикалық ән өнерінің әртістері. Олар эстрадалық-симфониялық оркестрдің (көркемдік жетекшісі – Сергей Имашбаев) сүйемелдеуімен Лучио Далланың “Памяти Карузо” және Эдуардо Ди Капуаның “О sole mio” атты әндерді орындап берді.  

Нұрлан Серғазинов жетекшілік ететін “Asia sound” вокалды аспапты ансамбль “Хәләулім” халық әні мен Мүтәлләп Қанғожиннің сөзіне жазылған “Қызылжарым” әнін шырқады. Халық әнін қазіргі заман музыка ырғағына салып орындайтын бұл топтың өнері көрерменнің көңілінен шықты. “Әдемі-ау” (көркемдік жетекшісі – Расима Сучкова) қазақ биі мен “Туған жер” халық би ансамбльдері филармонияның 49-ыншы концерттік маусымында бірнеше жаңа би дайындаған. “Әдемі-ау” ансамблі башқұрт халқының ұлттық биі – “Сай булсынды” билеп берді.

Камералық хордың (көркемдік жетекшісі – Юрий Колчин) орындауындағы халық әні “Қараторғай” мен Ақан серінің “Сырымбет” әні көрерменді бейжай қалдырмағаны анық.

Көптеген байқаулардың жеңімпазы “Әлқисса” ансамблі бұл күні көрермендерге халық әні “Долананы” орындады. Жеке орындаушысы (Кенжекей Ақжолова) бар ансамбльді Қызылжар өңіріндегі қазақтың ән-күй өнерін насихаттаушы өнер ұжымы десек артық айтқанымыз емес. Репертуарында халық әндерінен бастап, қазақ сазгерлерінің күйлеріне дейін бар өнер ұжымының алдағы уақытта көрермендерге Үкілі Ыбырайдың әндерімен таныла түссе деген, тілек бар.

Халық аспаптары – домбыра, қыл қобыз бен прима қобызды, сазсырнай мен дауылпазды бетховенше сайрата білетін Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Қайырлы Ғафуровтың музыкалық қабілетіне ғана емес, дирижерлік шеберлігіне тәнті болдық. Олар Махамбеттің “Жұмыр қылыш” күйін орындаған соң, Шарль Гуно мен “Шокинг блю” тобының репертуарынан “Шизгаре” әнін көрерменге ұсынды. Көрермен дирижердің көмегімен Иоганн Штраустың “Радецкий маршын” оркестрмен бірге орындады. Бұл музыкалық шығарманы концерттік бағдарламаның мәйегі болды десем, қателеспеймін.

Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған “Осынау әнге салғайсың” әнін орындаған Дәмеш Құрманкинадан кейін сахнаға “Қызылжар” халық музыкасының ансамблі шықты. Олар орыс, украин халықтарының әндерін орындады.

Филармонияны өңір мәдениетінің шамшырағына теңеп, маусымның жабылуына орай өткізілген концертте облыс әкімі Ерік Сұлтановтың құттықтау сөзін жеткізген облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов мәдениет саласына саналы өмірін сарп еткен бірқатар өнерпаздарды облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.

Филармония ұжымына облыс әкімінің атынан ықылас гүлі ұсынылды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp