Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Мағжан Жұмабаев ауданына жұмыс сапары барысында бірнеше өндірістік және әлеуметтік нысанның жұмысымен танысты.
Алдымен өңір басшысы “Ноғайбай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алқаптарына ат басын бұрды. Серіктестік директоры Алтынбек Сапаровтың айтуынша, шаруашылық биыл 20 мың гектарға дәнді, 5,6 мың гектарға майлы дақыл еккен.
– Соңғы жылдары майлы дақылдарға арналған алқаптарды кеңейттік. Үстіміздегі жылы да құрғақшылыққа төзімді және өнімділігі жоғары дәнді дақылдар мен қатар рапс, зығыр ектік. Бүгінгі күні күзгі орақ жұмыстарын толық аяқтадық. Астықтың орташа шығымдылығы 21 центнерден айналды. Жаз бойы бел жазбай еңбектенген диқандар Майлы дақылдардан гектарына 10 центнерден өнім алды, – деді Алтынбек Сейпілұлы.
Серіктестік агрономы Марат Ташметовтың айтуынша, биыл бұршақтан да мол өнім алынуда. Қазір алқапқа аммофос себіліп жатыр. Әр гектарға сіңірілген 105 килограмм тыңайтқыш келесі жылғы орақта өнімділікті 23 центнерге арттырады деп күтілуде.
Құмар Іргебайұлы шаруашылықтың егістік алқабын әртараптандыру және минералды тыңайтқыштарды сіңіру бойынша атқарып жатқан жұмыстарын жоғары бағалады. Бүгіндері майлы дақылдардың бір тоннасы 140-150 мың теңге. Сондықтан өңір басшысы табыс көлемін арттыру үшін тиімділігі зор дақылдар алқабын ұлғайту қажеттігін атап айтты.
Облыс әкімі Булаево қаласында “Еңбек” бағдарламасы аясында ашылған баспахананың жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Валерий Пузиков екінші деңгейлі банктен 4,8 млн. теңгенің несиесін рәсімдеп, бұл қаражатқа “Woter” маркалы құрал-жабдық сатып алған. Ол баннерлер, фотосурет, күнтізбелер және жарнама парақ-шаларын жасаумен айналысады. Ал биыл 240 мың теңгенің қайтарымсыз грантына қол жеткізген іскер азамат қағаз кесетін арнайы құрылғы сатып алуды жоспарлап отыр.
Бұдан кейін облыс әкімі “В.И.Пальчик” жеке кәсіпкерлігінің цехында болды. Бірнеше жыл бұрын аудан орталығында май өндіретін цех ашқан Ростислав Пальчиктің ісі өрге басуда. Бұл цехтың тәулігіне 50,2 тонна өнім шығаратын мүмкіндігі бар. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа жалақылары 90 мың теңгені құрайды. Кәсіпкер былтыр 581 тонна сүт өнімін шығарып, саудаға 118 тонна сұйық май, 211 тонна ірімшік шығарған. Мемлекет тарапынан қолдау көріп отырған кәсіпкер қазіргі уақытта балқытылған ірімшік цехының құрылысын жүргізуде.
Өңір басшысы оңтүстік өңірлерден көшіп келетін азаматтарға арнап салынып жатқан баспаналар құрылысында да болды. Жыл соңына дейін облысымызға екі мың адам келеді деп күтілуде. Қазіргі уақытта аудандағы Булаево, Ноғайбай, Қоскөл, Сулышоқ және Ұзынкөл ауылдарында 36 үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 252,4 млн. теңге бағытталған. Құрылысшылар барлық жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Бүгіндері баспаналардың 9-ы толығымен дайын болса, қалған 27 үйдің құрылысы әлі аяқталмаған.
Қарқынды жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан облыс әкімі мердігерлерге пайдалануға берілетін әр баспананың сапалы салынуы тиіс екенін ескертті.
– Қазіргі уақытта өңірімізде оңтүстіктен келетін қоныс аударушылар үшін 339 үй салынуда. Бұл жұмыстарды 2021 жылғадейін жүргізудің арқасында өңірімізге Оңтүстік Қазақстан мен Нұр-Сұлтан қаласынан ұстаздарды, дәрігерлерді, механизаторлар мен мал дәрігерлерін тартатын боламыз. Олардың облысымызда тұрақтап қалуы үшін сапалы баспана салып, жағдайларын жасауымыз қажет. Сондай-ақ, қоныс аударушылар баспаналардың құрылысына белсене қатысулары қажет. Болашақта тұратын үйлерінің сапалы салынуына жандары ашып тұруы керек деп санаймын, – деді Құмар Іргебайұлы.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі бастаған топ Булаево қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар және жетім балаларға арнап салынып жатқан 18 пәтерлік жатақханада болды. Жоба құны – 233,9 млн. теңгені құрайды. Бас мердігер “Агроспецстрой” ЖШС-нің атқарушы директоры Даниэль Әбілқайыровтың айтуынша, азіргі уақытта жұмысқа тартылған 25 жұмысшы техниканың көмегімен нысанның екінші қабатын көтеруде. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында салынып жатқан нысанның жалпы аумағы 1655 шаршы метрді құрайды. Баспана жыл соңында пайдалануға берілмек.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі аудан активімен кездесті. Жиында аудан әкімі Қайрат Омаров соңғы 8 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Баяндамашының айтуынша, биыл өндіріс саласы 2688,7, ал ауыл шаруашылығы саласы 12329,5 млн. теңгенің өнімін шығарған. Сондай-ақ, 2,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, облыс бюджетіне 5 млрд. теңгенің салығы түскен.
Жергілікті шаруашылықтардың жұмысына талдау жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов бұл саладағы бірқатар кемшіліктерге тоқталып өтті. Басқарма басшының айтуынша, ауданның ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Атап айтқанда, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ет көлемі тек 0,7, сүт 0,4, жұмыртқа 0,1 пайызға ғана өскен. Былтыр облыс әкімі ет экспортының әлеуетін арттыруды тапсырған болатын. Өкінішке қарай, ауданда мал шаруашылығын дамыту көрсеткіші де көңілге кірбің түсіреді. Мәселен, былтырдан бері ауданда ірі қара саны тек 0,9, шошқа 0,1, қой мен ешкі 4, ал құс 2,2 пайызға өскен.
Жиында аудандық шаруашылықтардың топырақ құнарлылығын арттыруды мүлдем ұмытқанын айтты. Тұқым сұрыбын жаңарту бойынша да дұрыс жұмыс атқарылмауда. Нәтижесінде, биылғы күзгі орақ науқанында әр гектардан 9-10 центер өнім алған шаруашылықтар тіркелген.
– Бүгінгі таңда гектардан 10 центнер өнім алу дегенде қалай түсінеміз? Шаруашылықтар бұлай жұмыс істемеуі керек. Жалға алған жердің ризығын көре алмасаңыздар өзіңізді де, ауыл тұрғындарын да қинамай, мемлекетке қайтарып беріңіздер. Жергілікті агроқұрылымдар неге ірі қара сатып алып, мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөлмейді? Бүгін бұл мәселелерді шешу бойынша кешенді шаралардың қолға алынбағанына көз жеткізіп отырмын. Ауданның 8 айдағы жұмысы көңілімнен шыққан жоқ, – деген Құмар Іргебайұлы аудан басшылығына барлық сала бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.
Ауданның егістік алқаптарына дән сіңіріп жүрген инвесторлар жергілікті тұрғындардың мәселесіне көңіл аудармауда. Осыған орай, Құмар Ақсақалов мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп отырған агроқұрылым басшыларына жерді тиімді басқару қажеттігін тағы да ескертті. Атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерді саралай келе, жауапты басшыларға мал шаруашылығын дамыту, жұмысшылардың еңбекақысын көтеру бойынша бірқатар тапсырмаларды жүктеді.
Сапар соңында өңір басшысы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан “Қарақоға” шекаралық кеден бекетінде болды. “Екатеринбург – Челябинск” халықаралық тас жолының бойында орналасқан бекеттің жөндеу жұмыстарына бюджеттен 711,4 млн. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта астаналық “Асар” құрылыс компаниясы бұл қаржының 74,5 пайызын игерді. Бекет басшылығының айтуынша, жүк көлiктерiне арналған арнайы жолақтар салынуда. Сөйтіп, жүк және жеңiл автокөлiктер ағынын реттеу көзделген.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.