Қазақстан Тәуелсіз ел атанған 25 жылдың ішінде жоқтықты да, тоқтықты да бірдей көрдік. Елбасымыз осындай қиын кезеңдерде де ел болашағын ойлаудан тайған емес. Әлемді жайлаған дағдарысқа қарамастан, Ұлт жоспарын жасап қана қоймай, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешім қабылдағандығы да осының айғағы. Ал Тұңғыш Президентіне кәміл сенген халқымыздың сайлау кезінде салиқалылық танытып жүргеніне уақыттың өзі куә.
“Ел тағдыры – өз тағдырым” дейтін қазақстандықтардың осы жолы да өздерінің азаматтық парызын орындауда белсенділік танытатындығына сенімдімін. Себебі, сайлауға белсене атсалысу – азаматтардың өздері үшін маңызды. Өйткені, сайлау халықтың биліктен не күтетінін айқындап береді. Тұрғындардың белсенді әрекетінсіз Парламент қоғамдағы барлық әлеуметтік топтардың мүддесін толық қамти алмайды. Демократиялық мемлекет құруда билік тарапынан қабылданған шешімдер ғана маңызды болып қоймайды. Демократия дегеніміз, ең алдымен, халықтың өз игілігі жолындағы амалы. Сондықтан шынайы демократиялық мемлекетті құру үшін саяси үдерістерге сол тұрғындардың өздері араласқаны абзал. Міне, осы арада халықтың мемлекетті басқарудағы басты үлгісі – сайлау алға шығады. Нақ осы сайлау қоғамдық-саяси жариялылықтың жарқын көрінісі болып табылады.
Сондықтан, Қазақстан азаматтарының алдағы 20 наурызда өтетін сайлауға қатысуы мемлекетіміз үшін айрықша маңызды. Сайлау мемлекетіміздің даму деңгейін айқындап, азаматтарға өз көзқарасын білдіруге және мүддесін тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Осы жолы да болашағымызды таңдауға тиіспіз. Сайлауға барып, дауыс беруді парызымыз санай отыра, оның мәні мен маңызын да түсінген дұрыс. Себебі, қиын кезеңдерде шешімдерді бірлесіп қабылдау – өте маңызды іс. Ендеше, мемлекеттің даму жолын бірге таңдайық!
Сәуле ТАХМЕТОВА,
“Бірлік” этномәдени бірлестігінің төрайымы.
Есіл ауданы.