«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӘСКЕРДЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ”

“Әскерде сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ” атты акцияға орай облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте “Ашық есік күні” ұйымдастырылды.

Шара барысында сөз алған “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов әскерде құқық бұзушылықтың алдын алудың, “бармақ басты, көз қысты” әрекеттерді болдырмаудың мәнін баса айтып, қазақстандық сарбаздың қызметі жайлы азаматтардың дұрыс ой-пікірін қалыптастыру және аясын кеңейту, әскери қызметтің маңыздылығына қоғамның назарын аударту турасында сөз сабақтады.

Бұл күні аталмыш департаментке әскери қызмет атқарып жүрген жас қызметшілер, жедел қызметтегі жауынгерлер, қазақстандық әскер қатарында борышын өтеген азаматтар, сондай-ақ, облыс тұрғындары келуге мүмкіндік алды. Оларды, негізінен, әскери есепке тұру, міндетті шақырту тізіміне ену, әскери құжаттарды алу, келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасудың тәртібі және бүгінгі әскердегі жағдай жөніндегі мәселелер толғандырды. Көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдағандарға мамандар тарапынан тиісті жауаптар берілді.

“Ашық есік күніне” қатысушылар өздерінің әскери құқықтарының қорғалуы жөнінде де ұсыныстарын жеткізді.

“Әскерде сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ” акциясының келесі жиыны алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің №2032 шекара қызметі бөлімшесінде өтетін болады.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp