Елбасымыз, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, “ХХІ ғасырдың Қарулы Күштері – өз Отанының нағыз патриоты болумен қатар, моральдық-психологиялық дайындығы берік, әскери қызметке біліктілігі жоғары болып қалыптасуы қажет”. Осы мақсатта білімді офицерлерді даярлау үшін институт 17 жылдан бері жұмыс жүргізіп келеді. Оқу орнында 6 әскери мамандық бойынша курсанттарды даярлайтын 7 кафедра жұмыс істейді. Курсанттарға білім беру мен тәрбиелеу саласында маңызды міндет атқаратын “Әскери педагогика және психология” кафедрасы – алдыңғы қатардағылардың бірі. 1997 жылы құрылған болатын. Осы жылдарда кафедраны педагогикалық тәжірибесі мол оқытушылар: Валерий Орлов, Шамиль Алтынбеков, Юрий Лопатин, Жомарт Тәжібаев, Александр Кухарев, Дүйсембек Елжанов, Болат Қожахметов басқарды. Бүгінгі күні кафедраға полковник Ошақбай Сейітбеков басшылық етеді.
Аталмыш кафедрада курсанттар тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс, әскери педагогика және психология, әскери басқару психологиясы, әскери құқық негіздері пәндері бойынша білім алады. Кафедраның басты мақсаты – ішкі әскерімізге білікті “Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс” мамандарын даярлау. Оқытушылар өздерінің ғылыми-шығармашылық ізденістері, жауапкершіліктері, курсанттарды оқыту мен тәрбиелеудегі ынталылығымен білім ордасының оқу-тәрбиелік жүйесін ұйымдастыруда маңызды рөлге ие. Олар білім берумен қатар курсанттардың дүниетанымын кеңейтуге, таңдаған мамандықтарына оң көзқарастарын қалыптастыру мақсатында тақырыптық шараларды жиі өткізіп тұрады.
“Дұрыс қанаттанған түзу ұшар” дегендей, тәрбие саласы бойынша да ұжымда тәжірибесі мол, білікті оқытушылар жұмыс істейді. Олар қазақ халқының қаһарман батыры, даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлының: “Патриотизм – өз еліне, Отанына деген сүйіспеншілік” – деген қанатты сөзін басты қағида етіп, курсанттарды Отанды сүюге, батылдық пен ерлікке тәрбиелеп келеді.
Курсанттар оқу үдерісі барысында оқытушылар дайындаған оқу-әдістемелік құралдарды кеңінен пайдаланады. Оқытушылардың тынымсыз еңбегінің арқасында кафедрадағы оқу құралдарының қоры да жылдан-жылға толықтырылуда. Құрама және бөлім командирлерінің орынбасарлары болған полковниктер О.Сейітбеков, Д.Елжанов, О.Әбдуәлиев және В.Стрижак өз тәжірибелерімен курсанттармен бөліседі.
Жалпы кафедраның жеткен жетістіктері де аз емес. Оқу ордасында “Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс” мамандығы бойынша білім алған офицерлер қазіргі күні ішкі әскерлер мен басқа да әскери құрылымдарда, құрама және бөлім командирлерінің орынбасарлары лауазымдарын атқаруда. Олардың қатарында капитандар Е.Пак, К.Балтабаев, Н.Сартбай, М.Жүсіпбеков, тағы басқалары бар. Кикбоксингтен әлем чемпионы Е.Тінәлин, қоян-қолтық ұрыстан әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, капитан Т.Оразғалиев “Бүркіт” арнайы жасағында қызмет істейді. 2011 жылғы түлек Мақсат Мұқаев “Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін” төсбелгісін иеленсе, биыл Әлішер Серіков оның ізін басып отыр. Курсанттар Д.Тоқтаров пен Н.Жукубаев институтта өткен әскери-ғылыми жұмыс байқауында жеңімпаз атанып, ғылыми жобалары Қазақстан Республикасы ІІМ Жоғары оқу орындарының республикалық ғылыми-конференциясына жіберілді. Сондай-ақ, курсанттарға шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік жасалған. Биылғы түлек – Әліби Молдахан “Сезім” атты өлеңдер жинағын жарыққа шығарды.
Тәлімі мен берері мол ұлағатты ұстаздардан білім алып, әскери қызметтің қыр-сырына үйреніп, шәкірт атанып жүргеніміз біз үшін үлкен мәртебе.
Дастан ТАЙШЫБАЕВ,
Әскери институттың курсанты.