“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының бастамасымен Петропавлдағы әскери-техникалық мектепте жасөспірімдерді әскери өмірмен таныстыру мақсатында сабақ-саяхат өтті.
Шараға Петропавл қаласындағы №23, №9 және Қожаберген жырау атындағы №6 мектептердің оқушылары қатысты. Жасөспірімдер саяхат барысында әскери өмірдің қырсырымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Әскери қызметкерлердің төсектен тұруы, 45 секунд уақытта киініп-шешінуі, төсек-орындарын жинап, жуынып-шайынуы, таңертеңгі жаттығулары балалардың қызығушылығын туғызды. Сондай-ақ, ату қару-жарақтарының түрлері мен жаппай қырып-жою қаруларынан қорғану тәсілдері де тәжірибе жүзінде көрсетілді.
Жасөспірімдер әскери-техникалық мектептегі балаларға арналған “Патриот” радио клубында болды. Онда балалар жылдам радиотелеграф, спорттық радио пеленгация, қысқатолқынды радио станса секцияларының жұмыстарымен танысты. Бір айта кетерлігі, “Патриот” радио клубында әскери-техникалық тәрбие беріледі және оған қызығушылығы бар балалар тегін қатыса алады.
Шара барысында балалар назарына әскери алаңқайлардағы оқу-жаттығулар да ұсынылып, шеберлік сыныптары өтті. Жасөспірімдер бойларында отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыруды, балалардың мектеп жасынан бастап әскери қызметке, Отан қорғауға қызығушылықтарын оятуды көздеген сабақ-саяхаты оқушылар көңілінен шықты.
Изгар СЕЙТМУЛЛИН,
Петропавл әскери-техникалық мектебі директорының әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі орынбасары.