«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘУЕЖАЙ ӨРТТІҢ АЛДЫН АЛУҒА ӘЗІР МЕ?

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте “Петропавл қалалық халықаралық әуежайы” АҚ басшыларының қатысуымен “дөңгелек үстел” өтті. Онда әуежайдың өртке қарсы жағдайы мен оның нысандарында өрттің алдын алу мәселесі талқыланды.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет полковнигі Нұрлан Атығаев өрт-техникалық зерттеулердің соңғы қорытындысын негізге алып, нысанның өртке қарсы әлсіз қорғалғанын, өздігінен жұмыс істейтін өрт бөлімі жоқ екенін, өрт сөндіру көліктерінің сақадай сай еместігін, өрт сөндіру гидранттары қанағаттандырмайтын жағдайда екенін атап айтты. Департаменттің қызметкерлері көлік прокуратурасы органдарының бастамасымен жүргізілетін әуежайдың комиссиялық тексерістеріне қатысады. Үстіміздегі жылы нысанның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша заң бұзушылық анықталған болатын.

Төтенше жағдай мамандары әуежай басшылығына өртке қарсы қорғау бойынша бірқатар шаралар қолдану, сондай-ақ, өртке қарсы сумен жабдықтау, өртті автоматты анықтау және сөндіру жүйесін тиісті жағдайға келтіру, ведомстволық өртке қарсы құрылымды құрып, оның талапқа жауап беретіндей өрт сөндіру техникасы санымен қамтамасыз ету жайында ұсыныстар жасады.  

“Дөңгелек үстел” барысында департамент қызметкерлері шараға қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамауға байланысты қолданылатын заң жүзіндегі жауапкершілік нормаларын түсіндірді.

Біржан КӘРІМОВ,

өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және алдын алу жұмысы басқармасының бастығы,

өртке қарсы қызмет полковнигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp