Облыс орталығындағы №23 мектеп пандемияға байланысты онлайн білім алып жатқан балалар арасында “Бірге бақыттымыз!” тақырыбында шара өткізді.
Мектеп оқушылары үйде білім алудың пайдасы жайында баяндап, бір-біріне отбасылық суреттерін жолдады. Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы ауру жұқтырмаудың жолдарын қызу талқылап, бетперде тағу, қолды жиі жуу туралы айтты. Балалардың ата-аналары да бұл бастаманы қолдап, бос уақытты қызықты өткізудің амалдарын жарыса жазды. Мәселен, 5-сынып оқушысы Артур Голубьтың анасы Ольга Влерьевна қоғамдық орындарға бару шектелген уақытта отбасылық ойындардың маңызы артатынын жеткізді. “Мектеп оқушылары қазіргі жағдайда ерекше бақылауды қажет етеді. Олар қасымызда деп, арқаны кеңге салудың қажеті жоқ. Мысалы, мектеп жасындағылар жарты күнін компьютер алдында отырып, көп уақытын сабақ оқуға жұмсайды. Мұндай жағдайда балаларымыздың көру қабілетіне зиян келуі мүмкін. Оның алдын алу үшін аулаға шығып, серуендеп, түрлі ойындар ойнаған жөн”, – деді ол.
Оқушылар сынып сағаттарында ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу сияқты тақырыптар аясында сұрақтарға жауап беріп, “Үйде сабақты қалай оқимыз?” деген шағын бейнежазбалар жасап, өзара сайысқа түсті.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.