Безбүйрек ана, тастанды бала жайлы жазылған мақалама арқау болған кейіпкерлермен қайта қауышамын деу өңім түгіл, түсіме енбегені бір Аллаға аян. Қалта телефонға соғылған қоңыраудан кейін осыдан тұп-тура 30 жыл бұрын болған оқиғаны ойға оралтпақ болған әрекетімнен ештеңе өнбеді. Бұлдыраған сағым елесіндей не басы, не аяғы жоқ үздік-создық бірдеңелер көз алдыма көлбеңдеген көбелек құсап тұрып алды. Оның үстіне астанадан ат арытып, өтініш айта келген бейтаныс жанның телефонның арғы жағынан біреу қуып келе жатқандай әр нәрсенің басын бір шалып, үзіп-жұлып айтқан сөзінен мандытып ешнәрсе ұға алмадым. Содан кездесу белгіленген межелі жерге жеткенше асықтым. Бір жағынан, не айтпақ, не білмек болды деген сұрақ мазаласа, екінші жағынан, журналистік әуестік те бойды билеп алған. Елордалық мейманның облыс орталығында тұратын, менімен ертеден таныс жиен ағасын ала келгеніне қуандым. Ортақ әңгіменің шырайы ашылып сала берді. Екеуі де кездесуге “бес қаруын” сайлап келген тәрізді.
– Мынау – сіздің “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетінде жарық көрген мақалаңыз. Оны осы оқиғадан жақсы хабардар газеттің тұрақты оқырманы Қаскен тауып берді, – деген Батырбек алдыма етектей газет көшірмесін жайып салды.
“Мүмкін емес болмауы мені туған анамның” деген тақырып қойылған мақала көзіме оттай басылды.
Кеше әлқиссаны осыдан бастамадың ба? – деп Жәнібекке қарадым. Ол ләм-лим деп тіс жарған жоқ. Етжеңді саусақтарымен үсті-басын сипалап, үндемеген күйі отыра берді. Өзін қанша сабырлы ұстауға тырысқанымен, ішкі толқуы сезілмей қалмады. Соған қарағанда “екі шылбыр, бір тізгінді” жиен ағасына ұстатқан тәрізді. Батырбек менің сұраулы жүзбен қараған ишарамды түсінсе керек.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің ертеңгі санынан оқи аласыздар.