«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗІМІЗГЕ БАЙЛАНЫСТЫ

Бүгінде өңірімізде Жаңа жылға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ересектер мерекені қалай қарсы алу қажеттігін ұйымдастыруды қолға алса, жас буын өкілдері көңілді кештерді, басқосуларды өткізуге барынша күш салуда, балалар жыл сайын сыйлық әкеліп, шадыман шаттыққа бөлейтін Аяз Атаны асыға күтеді.

Мен әлемнің көптеген елдерінде мерекеленетін Жаңа жылды аса мән беріп тойламаймын. Өйткені, исі қазақтың дәстүрлі жаңа жылы Күн мен Түннің теңелген уақыты – 22 наурыз. Кеңес заманы кезінде Наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынып, халқымыз ұлттық мейрамынан айрылып қала жаздады. Кейіннен Тәуелсіздігімізді алып, егемен ел болған соң Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі қайта жаңғырды. Бүгінгі 31 желтоқсанды аста-төк дастарқанмен, ойын-сауықпен қарсы алатын жастардың көбі ұлттық мейрамымыздың тарихына, мағынасына үңілгендері абзал. Алайда, 70 жыл бойы кеңестік идеологияның шеңберінде өмір сүрген қазақ халқының Наурызды Жаңа жыл деп қабылдауы әлі де болсын бір жолға қойылмай келеді. Сондықтан да оны жас ұрпақтың санасына сіңіруді бүгіннен бастап қолға алу қажет деп ойлаймын.  

31 желтоқсанда Жаңа жыл келіп қалды деп дайындалып, сағат тілінің 12-ні көрсетуін асыға күтетіндердің қатарында қазақ жастары біршама. Оны күнделікті өмірде етене араласатын достарымнан, әріптестерімнен де жиі кездестіремін. Олардың дені мерекені мәнді өткізу мақсатында қалтасындағы бар қаражатын жұмсаудың жолын қарастырып үлгерген. Кейбіреулері облыс орталығындағы ең қымбат ойын-сауық орындарына баруды жоспарлап, алдын ала ақшасын төлеп қойыпты.

Соған қарап, ой қорытуға да болады. Жаңа жылды тойлау – қып-қызыл шығын. Мереке қарсаңында көңіл көтеру орындары мен мейрамханаларда бос орын болмайды. Азық-түліктің бағалары шарықтап, отшашулар мен мерекелік торттың да бағасы қымбаттайды. Оны өзім араласып жүрген достарымнан да жиі байқаймын. Қалтасында қаражаты жоқ студенттер де көштен қалмай, қарызданып, қауғаланып осы күнді есте қаларлықтай қарсы алғылары келетініне не дерсің? Тіпті, ел арасында “Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, бүкіл жыл бойына сондай көңіл-күймен жүресің” деген жаңсақ сенім қалыптасқан. Әсіресе, қазіргідей қиын-қыстау кезеңде ысырапшылдыққа жол бермей, етек-жеңімізді жиғанымыз жөн.

Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,

 жас маман.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp