(“Soltústik Qazaqstan” газеті, 5 мамыр, 2020 жыл)
“АСПАННАН ШЕЛПЕК ЖАУМАЙДЫ”
Жаңалықтың жаршысына баланған өңіріміздегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінің әр нөмірін асыға күтіп, ондағы түрлі тақырыпты қамтыған материалдарды сүйсініп оқитындардың бірі менмін. Басылымның үстіміздегі жылдың бесінші мамыры күнгі санында есімі елімізге белгілі журналист, жазушы Жарасбай Сүлейменовтің “Аспаннан шелпек жаумайды” деген мақаласы жарық көрді. Оқып отырып, сүйсіндім, автор көтерген мәселенің мағынасына терең бойлаған кезде іштей ренжігенімді, қазіргі қоғамдағы олқылықтарға күйінгенімді жасырмаймын. Осы мақалаға қатысты өз ойларын ақ параққа түсіріп, оқырман назарына ұсынған жандар аз болмады. Олардың да айтарлары жазушының жүрек түкпіріндегі оймен үндеседі.
Менің ойымша, “Аспаннан шелпек жаумайды” атты мақаланы газеттің барлық оқырманы сүйсіне оқып, жылы қабылдады. Барлық оқырманы деп отырғанымыз ары кетсе алты мыңға жуық адам болар, әрине, бұл өте аз көрсеткіш. Елдік мүдде, қазақтың ертеңі, қазіргі күрделі ахуалдан шығудың жолдары жан-жақты айтылған мақаланы газетті жаздырып оқитын оқырмандар ғана емес күллі Қазақстанның жұртшылығы оқып, ой түйсе артық болмас еді.
Мақаланы бір деммен оқып шыққаннан кейін менің ойыма мына бір оқиға оралды. 2010 жылы Сарыағаш шипажайына бару үшін зайыбым Қапурамен бірге пойызға отырдық. Шымкент қаласына түнде түстік, бізді қарсы алған азамат қонақүйге орналастырып, ертеңіне өз автокөлігімен Сарыағашқа алып шықты. Жас жігіт Шымкент қаласының шет жағынан жер телімін алып, үй салып жатқанын және құрылыс жұмыстарына өзбек азаматтарын жалдағанын айтты. Үй құрылысын жүргізіп жатқан өзбек азаматтарының іскерлігін және үнемшілдігін таңғалып әңгіме қылды. Құрылыс жазғытұрым басталыпты. Жер телімі қоршалып, үйдің іргетасы қаланғаннан кейін бір құрылысшы: “Биыл жеміс-жидек, көкөніс егесіздер ме?” деп сұрақ қойыпты. Ол үй құрылысы аяқталмай ешқандай әрекет болмайтынын айтқан. Сонда өзбек жігіті: “Маған рұқсат етсеңіз, осы жерге көкөніс өсірсем деген ниетім бар еді”, – деп қиылып сұраған көрінеді. Рұқсат алысымен жиырма, отыз шаршы метрдей жерге бірнеше көкөніс түрін еккен екен. Құрылысшылар күнделікті тұтынатын тағамдары үшін дүкенге, базарға жүгірмей, артық қаржы да шығындамай піскен өнімдерді пайдаланыпты. Сөйтіп, құрылыс жұмысы үшін алып отырған ақшалары қалтасында қалды, оны отбасының, бала-шағасының керегіне жаратқан. Өнеге алуға тұрарлық іс емес пе?
Осыдан он шақты жыл бұрын қызым Қытай еліне анасын емдеуге апарып, екі айға жуық уақыт сол жақта болды. Ол елге оралғанда қытайлықтардың тіршіліктерін аузының суы құрып айтып берген еді. Құмырсқаның илеуіндей жерде өмір сүріп жатқан жергілікті халық күн-түн демей дамылсыз еңбек етеді екен, бос жүрген, қол қусырып текке отырған бір адамды кездестіру мүмкін емес. Бос жатқан бір шаршы метр жер табылмайды. Таңғаларлық тағы бір жағдай, Қытайда көпқабатты үйлердің үстіне егін егіледі екен. Көкөніс өсіретіні емхананың жоғары қабаттарынан анық көрінген. Өмірдің өзегін еңбектен тапқан ұлттарға қарап сүйсінесің, көңілің марқаяды.
Иә, мен бұл мысалдарды бекерден-бекер сөз етіп отырған жоқпын. Жарасбай Сүлейменовтің мақаласында көтерілген тақырыпты өзімнің өмірімде кездестірген жағдаяттармен байытып, саралағым келді. Пандемия бізге көп жайтты аңғартты. Осынау қиын кезеңде бар несібенің көзін еңбектен, Жер-Анадан іздеген адам ғана қиындықтың қақпанына ілікпей, одан сытылып шығары анық. Оған өзіміз де куә болудамыз. Бірақ Қазақстан халқының, Қызылжар өңірі жұртшылығының барлығы бірдей мұндай игі қадамға барып отыр деп айта алмаймыз. Ата-бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектін күшімен қорғап, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманат қылып қалдырған кең-байтақ жерін әлі де дұрыс мақсатта пайдалана алмай отырғанымыз жалған емес. Менің жаныма бататыны да осы мәселе. Қазір әлемнің кез келген дамыған мемлекетіне қарасақ, олардың барлығының жерден несібе тауып отырғанын, ғылым мен өндіріске баса мән бергенін аңғарамыз.
Өткен жылдары “Soltústik Qazaqstan” газетінің ұжымы “Рухани жаңғыру” тақырыбымен және газет таралымы жөніндегі үгіт-насихат жұмыстарымен облысымыздың аудандары мен ауылдарында кездесулер ұйымдастырып, елді мекендерді аралағанда көп жағдайларды аңғарғандарын, көңілтолмастықтың жетіп артылатынын басылым арқылы жалпақ жұрта жеткізді. Елді мекендердегі тұрғындардың көпшілігі жер телімдерін шаруашылық серіктестеріне беріп қойып, жайбарақат өмір сүруде. Олар жыл аяғында серіктестік өкілдері не берсе соған риза. Бос тұрған жер телімдері мен саяжайлар жетіп артылады. Арамшөп, қурай өсіп кеткен жерлер жиі көзге түседі. Сондай сәттерде жаның ауырады.
Ауылда отырып, мал, құс ұстамай, шайдың сүтін, тауықтың жұмыртқасын дүкеннен сатып алатындар да баршылық. “Аспаннан шелпек жаумайтынын” және “еріншек бекер мал шашатынын” Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып отыр. Мемлекет басшысы өзінің “Абай және 21 ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласында данышпанның афоризмдерін негізге алып, қазақ халқын биікке адал еңбек, маңдай тер ғана шығаратынын айтты. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Еңбекті барлық өмірлерінің діңгегіне айналдырған адамдар біздің өңірімізде мүлдем жоқ емес, бар. Мысалы Аққайың ауданының орталығы Смирновода бастауыш мектептің ұстазы үш қабатты үйдің жоғары қабатында тұрса да, егде жастағы, күтімі қолға қарап қалған анасын бағып отырса да, сол үйдің жанындағы жер теліміне уақыт тауып, картоп, көкөніс отырғызып, күтіп-баптап жатыр. Бескөл ауылында үш баланың анасы үйдің маңындағы аз ғана бос жерге көкөніс егіп, өсіріп пайдаланып отыр. Өзі жалдамалы жұмыс істейді, екінші топтағы мүгедек жолдасын бағып-қағып отырса да, жұмысына да отбасына да уақыт табады.
Елімізде ұстаздардың мәртебесін көтеруге бағытталған ілкімді істер қолға алынғаны баршаға аян. Олардың жалақылары артуда, ретсіз қоғамдық жұмыстарға тарту да доғарылды. Бұл ұсыныстардың барлығы орынды деп ойлаймын, бірақ ұстаздар қауымының газет-журналдардан ат-тондарын ала қашуы көңілге қонбайды. Олар бірінші кезекте газет оқып, оқығандарын алдындағы шәкірттеріне үйретулері керек қой.
Әрбір интеллигент адам өз көңіл көкжиегін газет журнал арқылы кеңейтпеуші ме еді? Мұғалімдер ғана емес, қызметтегі азаматтар өңірімізде атқарылып жатқан оң өзгерістерден газет арқылы хабардар болса, дұрыс болар еді деп ойлаймын. Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов айтып кеткендей: “Білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін еңбек керек, күшті болу үшін бірлік керек”. Осы өсиетті ескере отырып, әр азамат еліміздің кемел болашағы үшін ерінбей адал еңбектеніп, жерді тиімді пайдалану мүмкіншілігін босқа өткізіп алмаса екен.
“Аспаннан шелпек жаумайды” деп жазған автордын пікіріне қосыла отырып, сөзімнің түйінін “аспаннан құймақ Қожанасырдың ертегісінде ғана жауады” деген нақылмен аяқтағым келеді.
Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,
еңбек ардагері.