Арада қанша уақыт өтсе де, үзілмейтін бір желі бар. Ол – ұрпақтар сабақтастығы. Оны өзгелердің нұсқауымен емес, өзім кешіп отырған өмір жолымнан да аңғарамын. Осы орайда мен де алдымда ғұмыр кешкен ағаларымның бейнелерін көз алдыма әкеліп, тұлғаларын оймен есіме түсіремін.
Солардың бірі марқұм Сейпіл Нағашыбайұлы Уақбаев болатын. Мен осы бір асыл азаматпен 1975 жылдан бері таныс едім. “Ленин туының” (қазіргі “Солтүстік Қазақстанның”) табалдырығын сол жылы аттаған жаспын. Сейпіл Нағашыбайұлымен мен бала күнімнен жақсы білетін, бүгінде марқұм болған асыл азамат, өңірімізге әйгілі тұлға Қосыл Омаров таныстырып еді. Бір түсінбейтінім – Уақбаевты жұртшылық, әсіресе, билік басындағылар “Петр Ноянович” дейтін. Мұның мәнісі неде? Астарына бойлай алмаймын. Өзінен сұрауға қымсынамын. Қосекең де тіс жара қоймайды.
Ал облысымыздың мәдени өрлеуінде өзіндік елеулі қолтаңбасы қалған Петр Нояновичтің есіміндегі осы қайшылық аракідік ойға салады. Оның өзі бүгінде өмірден озған. Топырақтан тысқары болса, 93 жасқа келетін нағыз ақсақал, абыз қарт.
Өмірбаяны облыстың сексен жылдық шежіресімен өзектес, оның үстіне атқарған ісі кемел де, қомақты болғандықтан осы оқиға қарсаңында С.Уақбаевтың өмірі мен еңбегін қолға қалам алуға темірқазық еттім.
Жоғарыда айтқанымдай, оның өмірбаянында қатар түскен таспадай екі жол жатыр. Осы екі жолдың қайсысына түскенім жөн? Алдымен осыны айырып алу мақсатында ізденуге тура келді. Анығын айтсам, оны “1923 жылы Тимирязев ауданындағы Жарқын ауылында туды” деген деректің жаңсақтығына осы ізденудің негізінде көзім жетті. Анығына келгенде, туған жері – Қорған облысының Половинский ауданындағы Чулочное селосы.
Ал есімінің орысша Петр, әкесінің Нағашыбай емес, Ноян атануының астары да осы қонысты мекендеуінен екен. 1923 жылы анасы қыркүйек айында егіс басында босанып, нәрестенің кіндігін кескен Дарья Пахарукова деген орыс әйелі: “Сәбидің атын өзім қоямын. Петр болсын!” деген соң, бөбектің ата-анасы уәж айтпаған. Тек, кейін бұл отбасы Қазақстанға шаңырақ аударғанда қосымша “Сейпіл” атанған.
…Жеткіншектің зеректігі назардан тыс қалмағанын, соның арқасында өзі талпынып, білімге құштарлығының қуатымен жоғары оқу орнын тамамдауға ниеттенсе де, осы жастағы талай өрендердің өңменінен түйген тосқауыл – соғыс оның да бұл арманына жетуге мұрсат бермеді. Осылайша, майданға алынды.
Орыс тіліне жетіктігінің арқасында 1943 жылы Свердловскідегі әскери училищеге оқуға жіберілді. 1943 жылғы 8-ші қыркүйектен 2-ші Украин майданының 63-ші механикаландырылған бригадасындағы пулемет ротасының әуелі көздеушісі, кейін командирі болды. Неше мәрте жараланды да, сонша рет – қайтадан сапқа тұрды. Көрер жарығы барын сонда сезген шығар, әйтпесе, сегіз ай бойы төсек тартып жатып емделуі айтуға ғана-оңай
Ол Преснов ауданына қоныс аударғанда мұндағылар құшақ жая қарсы алады. Соншалықты іліп әкетер жоғары білімі болмаса да, іскер, кішіпейіл, көпшілікпен жұмыс істеуге қабілетті және ең бастысы – қазақ, орыс тілдеріне бірдей су жорға. Жасы да нағыз күш-жігердің шағында. Атақты Мәди ақын айтқандай, “Суырып қалың жауға сермегендей” ақсемсердің жүзі. Сондықтан 23 жастағы жігітті аудандық комсомол комитеті жұмысқа ризашылықпен қабылдады.
Аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, ал үш жылдан соң облыстық комитеттің нусқаушысы, сектор меңгеруішісі… Өсу баспалдақтары оны биіктете берді де, бар болғаны 28 жасында Алматыдағы республикалық партия мектебіне оқуға алынды. Осындай қызмет жолдары Сейпіл Нағашыбайұлын ақырсоңында облыстық партия комитетінің ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісіне дейін биіктетті. Бұл қызметті ол 1958-1963 жылдардың аралығында атқарды.
1980 жылы “дербес зейнеткер” атағымен еңбектен түпкілікті қол үзгенше ағамыз облыстық мәдениет басқармасына басшылық етті. Мен өмірдің небір сын кезеңдерінде адами қасиеттері, тапсырылған іске жан-тәнімен берілген жауапкершілігі, жұртшылықпен тіл табыса білуі, бауырмалдығы сыр беріп көрмегенін жолдастарының аузынан жиі естуші едім.
Облыстық мәдениет басқармасына С.Уақбаев басшылық еткен жылдары өңіріміздегі осы сала мекемелерінің жұмыс деңгейі айтарлықтай көтерілді. Кітапханалардың әдебиеттер қоры молайды. 1974 жылы қалалық кітапхана, 1977 жылы көрме залы, 1979 жылы балалар мен жасөспірімдердің облыстық кітапханасы ашылды.
Осы кезеңде облыс орталығында Ленин және Куйбышев атындағы зауыттардың Мәдениет сарайлары пайдалануға берілді. Облыстық филармония ғимараты қайтадан жөнделді, “Қазақстан” кинотеатры шаңырақ көтерді.
Сексенінші жылдары барлық аудан орталықтарында Мәдениет үйлері ірге қалады, тіпті, кеңшарларда осындай ғимараттар бой көтеріп, тұрғындар олардың игілігін көрген күндерді өзім де ұмытпаймын. Өйткені, көркемөнерпаздардың жылма-жыл өткізілетін байқауларын газет тілшісі ретінде баяндау мақсатымен мәдениет қызметкерлерімен бірге іссапарларға шығушы едім.
С.Уақбаевтың ең бір елеулі және елдің есінде қалатын жұмысы облыстық драма театрының жаңа ғимаратының пайдалануға берілуі екенін біреу білсе, біреу білмейді. Театрдың лайықты орындықтары болмағандықтан, Сәкеңнің өзі кеңес одағының біраз жерлерін аралап жүріп, ақыры Латвиядан алдырғаны анық.
1972 жылы Петропавлда С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана пайдалануға берілді. Үш қабатты оқырмандар ордасының бірнеше залдарына көркем, ғылыми әдебиеттер орналастырылды, мерзімді баспасөз басылымдары бұрынғыдан әлдеқайда көбейді. Осылайша, ол облыс пен қаланың мәдени өміріндегі айтарлықтай маңызы бар орталыққа айналды.
Сол жылдары Петропавл қаласы Қазақстанның бихореография орталығына айналғанын ешкім де жоққа шығара алмаса керек. “Арай” халық би ансамблінің, “Движение”, “Карусель” және басқа да көптеген осындай өнер шаңырақтарының жарқырап көрініп, бишілер өнерінің көрермендер жүрегінен орын алуына Сейпіл ағамыз тікелей ықпал етті.
Сейпіл Нағашыбайұлы облысымызда археологиялық жұмыстардың бастау алуына үлкен еңбек сіңірген еді. Ол Б.Зданович, В.Зайберт, А.Плешаков, Т.Даниленко сияқты археологтардың ізденістеріне үнемі қолдау көрсетіп, материалдық жағынан да көтермелегенін білгендер болды. Солардың бірі – Қосыл Омаров мынадай әңгіме айтқаны есімде. Бірде Свердлов университетінің жас маманы Б.Зданович, зайыбымен Петропавл институтына қызметке жіберіледі. Алайда, мұндағылар: “Орын жоқ” деп бетін қайтарады. Жас жұбайлардың бақытына қарай, осы жерде оларға Сейпіл ағай жолығып қалады да басқармада штатта жоқ “Археолог” деген қызмет береді. Оған сол үшін жоғарыдағылар сөгіс жариялаған да екен. Міне, Сейпіл ағаның тұлғасының бір қыры осындай.
Оның жеке тұлғасы қандай ғанибет еді! Биязы, жібектей жұмсақ мінезді, бүкіл қимыл-әрекеті, сөйлеген лебізі адамды баурап тұратын. Жүрісі сәнді, тіпті, сал-серілерге тән паңдық тал бойынан жарасым тауып, сүйсіндіруші еді-ау. Біреуге дауыс көтергенін көрген адам жоқ шығар. Киім киісі қандай! Қылау қонбайтындай кіршіксіз, мұнтаздай таза. Аса мәдениетті сипаты әлі күнге көз алдымда.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.