Адам өмірінен қымбат не бар? Бірақ соның қадіріне жете алмай жүргендер саны жыл санап көбеймесе, азаяр түрі жоқ. Әсіресе, жасөспірімдер арасында мына дүниені еш шімірікпестен тәрк етушілер көп-ақ. Қоғамдағы осындай үлкен проблема әл-Фараби мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен өткен республикалық шарада әңгіме арқауына айналды. Білім ордасының директоры Күлімкөз Қайырбайқызы онлайн режімде ұйымдастырылған жиынға танымал мамандарды да шақырды.
Қазақстандағы тең құқық және тең мүмкіндік институтының, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының атсалысуымен өткен шараға өңірімізден мыңға жуық жас қатысты. Атап айтар болсақ, М. Қозыбаев атындағы СҚУ, Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледж, Есіл ауданындағы Асқар Игібаев атындағы орта мектептің, Аяған Шәжімбаев атындағы білім беру мекемесінің, Назарбаев зияткерлік мектебінің және тағы басқа да оқу орындарының жеткіншектеріне мамандар ақыл-кеңестерін айтты. Адамға бір рет қана берілетін өмірдің қадіріне жете білу қажеттігін түсіндірді.
“Мен өмірді таңдаймын!” республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған шарада Ирина Якимова, Павел Моисеев, Сергей Мартемьянов, Сәлімхан Сәбитов, Евгений Соловьев қиындықсыз өмір жоқ екенін, бірақ тығырықтан шығудың әрқашан да жолы бар екенін діттеді. “Барлық адамда қиындықтар болады, бірақ рухани жағынан әлсіздер мұны суицидпен шешемін деп ойлайды. Бұл – қате түсінік”, – деді олар. Тағдыр, тәубе, сабыр туралы, рухани құндылықтар жайында орынды әңгіме қозғаған қонақтар жастарға ой сала білді деген үміттеміз.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
Әл-Фараби мектеп-лицейінің мұғалімі.