Қашықтан оқыту өркениетті елдер үшін қалыпты дәстүр, кәдуілгі іс саналады. Еуропада бұл өміршең әдіс өткен ғасырда енгізіле бастаған. Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылады. Қазіргідей жаhандану дәуірінде ғаламтор жүйесінің қарқынды дамуы, интернет пайдаланушылар санының күрт көбеюі, ақпараттық-коммуникативтік құралдардың озық технологияларға негізделуі қашықтан оқыту мүмкіндіктерінің аясын кеңейтіп, ауқымын арттырды. Мектеп бағдарламасын қашықтан оқыту тәжірибесі алғаш рет “Олимп” білім беру орталығында жүзеге асырыла бастады. Оқушылардың қолайлы уақытта, ыңғайлы кесте бойынша оқуына жағдайлар жасалды.
Елімізде осы кезеңге дейін қашықтан оқыту, негізінен, жоғары оқу орындарында, біліктілікті арттыру жүйелерінде қолданылып келсе, пандемия жағдайында білім беру ұйымдары осы форматқа көшірілді. Осыған орай облыстық білім басқармасы 2020-2021 оқу жылында онлайн оқытуды ұйымдастырудың қажетті шараларын белгілеп, түрлі әдіс-тәсілдерін енгізуге басымдық берді. Жалпы білім беретін мектептер үшін оқыту режімі республиканың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен бекітілген. Шешімге сәйкес оқушылар саны – 5-тен 180-ге, ал сыныптардағы балалар саны 15-ке дейінгі мектептерде сабақтың дәстүрлі режімде жүргізілуіне рұқсат етілген. Сондай-ақ, 15 баладан аспайтын сыныптарда мектепалды даярлық, 1-4-сыныптардың оқушылары үшін кезекші сыныптар ұйымдастыруға болады. Өңірдегі 354 шағын жинақталған мектеп штаттық режімде жұмыс істейді. Ауылдық жерлерде орналасқан білім ошақтарындағы оқушылардың саны 21 мыңнан асады. 32 мыңнан астам жеткіншекті қамтитын 123 мектеп қашықтан оқуда. Ата-аналардың жазбаша өтініштері бойынша 20055 балаға арналған 1629 кезекші топ құрылған.
Мұғалімдер мен оқушылардың компьютерлерге деген мұқтаждығы зерттеліп, 11900 компьютер, ноутбук және планшет сатып алуға Үкімет резервінен 1,8 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 6973 техника бірлігі әкелінді, қалғаны осы айда жеткізіледі. Олар бірінші кезекте аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасылардың, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, ерекше қажеттіліктері бар балаларға беріледі. Бұл жүйеде ақпараттық-технологиялық желілердің әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызы зор. Оқушының оқу үлгеріміне, білім сапасына тигізер әсері ұшан-теңіз интернеттің қолжетімділігі мен мектептердің материалдық-техникалық жағынан жарақтандырылуы үлкен рөл атқарады. “Қазақтелеком” АҚ-ы, “Beeline”, “Теlе-2”, “Аltel”, “Kcell” мобильді операторларымен бірлесіп, елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етудің нақты шаралары атқырылуда. Қашықтан оқыту “Күнделік” ақпараттық жүйесі, “Вilimland”, “online mektep”, “Дарын-онлайн” білім беру платформалары арқылы ұйымдастырылады. Интернет жоқ елді мекендерде оқушылар компьютермен, қатты дискілермен және оффлайн жұмысқа арналған “BilimLand” қосымшасымен қамтамасыз етілген. Карантиндік шектеу шаралары кезеңінде жергілікті жерлерде интернет-платформаларға қосылуға қатысты проблемалар туындаса мұғалімнің қалауымен кез келген қолжетімді байланыс құралы арқылы сабақ өткізуге болады. Халықтың сырқаттану деңгейі төмендеген кезде санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектептерді аралас және штаттық оқыту форматтарына біртіндеп көшіру қарастырылған.
Қашықтан білім беру, ең алдымен, балалардың денсаулығы үшін маңызды. Мұндай жүйемен жұмыс істеу білім алудың техникалық, коммуникациялық ерекшеліктерімен қоса жүйкеге салар салмағы да бар. Ұстаздар қауымы қашықтан оқыту үдерісінде ақпараттық, телекоммуникациялық, педагогикалық технологиялардың интеграциялық бағыттары бойынша ізденістерін жетілдіріп отыруды басты мақсат санайды.
Алмагүл ОСПАНОВА,
облыстық білім басқармасы білімнің мазмұны мен сапасы жөніндегі бөлімнің бас маманы.