Ұстаз – шәкірттеріне шуағын төккен ақылдың тозбайтын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншы. Дәл сондай қасиеттерге лайықты Бақытжан Пішенбаева Уәлиханов ауданындағы Көбенсай орта мектебінің түлегі және 40 жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Соның ішінде 20 жыл мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда.
Ұстаздың шәкірттерінің бесеуі мектеп директоры, оны оқу ісінің орынбасары болса, мұғалімін үлгі еткен жиырмадан астам шәкірті ұстаз жолын қуған. Ең алғашқы түлектерінің бірі В.Вовк – доцент, жоғары санатты хирург. Ерсін Әділбаев – Жезқазған қаласындағы қазақ-түрік лицейінде физика пәнін ағылшын тілінде жүргізетін мұғалім. Ерлан Нұрғазин Ақтөбе қаласының Т.Бигелдинов атындағы авиация институтын тамамдап, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет істейді.
Бақытжан Нығметқызы “Оқу сапасын жаңа педагогикалық технологиялар арқылы арттыру және оқушының танымдық қабілетін жоғарылату” мәселесі бойынша тынбай еңбек етіп, кәсіби шеберлігін, білімділігін, іскерлігін, ізденімпаздығын дәлелдеп келеді. Ол қазіргі қоғам талабына сай ақыл-ойы кемел, қабілетті, білімді әрі іскер адамдар тәрбиелеуге зор үлесін қосуда. Соның нәтижесінде ұстаздарымыздың арасында республикалық “Ұлағатты ұстаз” байқауында бірінші орынға ие болған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Дина Мұхамеджанова мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қуаныш Мұхамеджанов, “Менің инновациялық сабағым” атты бірінші халықаралық мұғалімдер сайысында “Ізденген жетер мұратқа” аталымында екінші жүлдегер болған қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Алтын Дүйсенбаева, орыс тілі және орыс әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлнәр Мағауина сынды жеңімпаздарымыз бар.
Республикалық “Үркер – 2015” зияткерлік марафонына қатысқан шағын орталық пен мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілері “Зияткер балабақша” аталымына ие болса, тәрбиешілері Самал Болатова, Сандуғаш Шөкенова, Гүлден Қожназарова Алғыс хатпен марапатталды.
Бақытжан Нығметқызының оқушылары орыс, неміс балалары қазақ тілінде үздік оқиды. 3-сынып оқушылары Ульяна Яшинская және Зарина Щур қазақ тілін жақсы меңгеріп, “Үркер”, “Ақбота” республикалық зияткерлік марафондарында бірінші орынға ие болды.
Ұстаз әр кез ауылдың қоғамдық жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, алдыңғы қатарда жүреді. Оқушы, ата-ана, әріптестері арасында үлкен беделге ие. Өзім де Бақытжан Нығметқызының ақыл-кеңестерін алып, аталмыш білім ошағын үш жылдан бері басқарып келемін.
Дәулет ҚАЖАТОВ,
Көбенсай орта мектебінің
директоры.
Уәлиханов ауданы.