Аурухана бөлмесінің іші жым-жырт. Медбикенің әкеліп берген дәрі-дәрмегін қабылдап, түнгі ұйқыға дайындала бастағаным сол еді, жанымда жатқан Мәриаш апа ауыр күрсінді де: “…Менің бұл өмірге еш өкпем жоқ. Жеті жыл бойы өгей шешемен тұруға мәжбүрлеген әкемді де кешірдім. Мені дүниеге әкеліп, үш жасымда өзгенің шаңырағына қиып кеткен марқұм анамды да сөкпеймін. Жаратқанның маңдайға жазған тағдыры болар. Өмірде көп қиындық көрсем де, мұны Алланың бойымдағы қайратымды, төзімімді арттыру үшін берген сынағы деп қабылдадым. Шүкір, шүкір…”, – деп орнынан қозғалғандай болды. Сырқатының салдарынан көңілі жабырқаулы екен ғой деген оймен бір ауыз сөзбен жұбатқаным сол еді: “Әке-шешем соғыстың бел ортасында жүргенде майдан даласында дүниеге келіппін. Ол кез ешкімге де оңай болған жоқ қой. Мен осы қос батырдың перзенті емеспін бе, кез келген өмір сынында мықты болуым керек”, – деп әңгімесін жалғады. Жанына жақындай түсіп, қарияға әңгімеге ықыласты екенімді сездірдім.
Мәриаш ТӘШІМОВА,
75 жаста.
“Әке-шешем соғысқа ерте жасынан аттанған. Олар Отан алдындағы борышын 1941-1945 жылдары екінші Украина майданының құрамында бірге атқарыпты. Әкем – пойыз машинисі, анам санитар ретінде Кеңес одағының біраз жерін аралап, Германияға дейін жеткен. Шешем марқұм туған жерден жыраққа аттанған сәттерін көзіне жас алып айтып отыратын. “Таңертең сабаққа келгенім сол еді. Ізінше түрі өрт сөндіргендей түнеріп кеткен мектеп директоры кіріп келіп, бізге соғыстың басталғанын айтты. Көңіл су сепкендей басылды. Сынып жетекшіміз мектепте өткен митингіден соң “курсқа жылдам жиналыңдар” деген бұйрық берді. Жиналдық. Сол жерде ол “жауды жеңгеннен кейін кездесеміз” деген сыңайда бізбен қоштасып, оқуымыздың аяқталғанын хабарлады. Сөйтіп, бір сағат бұрын сабаққа аттанған мен үйге қайта оралдым. Келсем, үй ішіндегілер де соғыстың басталғанын естіп, абдырап қалған екен. Ағам соғысқа алғашқы лекпен аттанды, сол кеткеннен мол кетті. Қостанайдағы саяси-ағарту курсында 20 күндей оқығаным бар. Дала қосынындағы санитарлық жұмыспен бірге клуб меңгерушілігін де қатар атқарамын. Клубта әр кеш сайын газеттерді, майданнан келген хаттарды дауыстап оқу шараларын өткіземін. Кейде сауаты аздау ата-аналардың атынан әскерге аттанғандарға хат жазуыма да тура келді. Хаттар бір мазмұнда-“жауды талқандаңдар, аман-есен елге оралыңдар” деген сыңайда жазылатын”, – деген анамның сол кездегі хаттары әлі күнге дейін сандығымда сақтаулы тұр.
Анам майдан шебінде жүргенде шайқас кезінде мерт болған жауынгерлердің мүрделерін жинауға жауапты болыпты. Етегі жасқа толы ауыр жылдарды былай деп еске алатын: “18 жастағы өрімдей қызбын. Еңгезердей ер-азаматтардың жансыз мүрделерін өзім жалғыз 2-3 шақырым жерге дейін сүйреп, немістікін – бір бөлек, өзіміздің жауынгерлерді екінші жерге жинайтынмын. Қара терге малынып, жауын-шашынның астында қалған кездерім де аз болған жоқ. Бірақ күндіз-түні оқ атылып, от шарпыған заманда кімге оңай болды дейсің? Жаудың қолына түсіп қалмас үшін түнделетіп шығып, соғыс алаңын тазалаймын. Тірі қалған жауынгерлердің өмірін сақтап қалу үшін оларды жақын маңдағы санитарлық бөлімшеге жеткізіп саламын. Ауруынан айығып, аяғынан тік тұрып, қатарымызға қосылғандары да болды, оларға қайта өмір сыйлағаныма іштей мәз-мейрам болып қалатынмын. Таң атқанша жападан-жалғыз мәйіт жинаймын, қатты суықтарда жылына алмай керемет қиналатынмын. Алайда, жауды жеңеміз деген үміттің арқасында бар қиындықты ұмытып, міндетімізге адал болушы едік”.
Анам Әнел осындай қиын жұмысты атқарып жүрген күндердің бірінде әкем Ескен Салықұлын кездестіреді. Ол – Көкшетау өңірінің тумасы еді. Соғысқа қатарластарымен бірге аттанып, жеңісті күнге дейін екінші Украина майданының құрамында неміс жерінде барлаушы қызметін атқарған. 1945 жылы кеңес жауынгерлері Рейхстагқа ту тіккенге дейін жаудың орналасқан жерін, алған бағытын дереу жеткізіп отырыпты. Жеңісті жақындатуға жан-тәнімен атсалысқан ол сол жылдары тапсырмаларды сәтті орындаған жауынгерлердің алғы шебінде болды. Жаудың төрінде жүріп, құпия мәліметтерді алу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық.
Мен 1945 жылы 11 тамызда Берлин түбіндегі Заган елді мекенінде дүниеге келіппін. Әке-шешем маған Мария есімін беріп, соғыс жылдарындағы жоқшылыққа қарамастан, бар жағдайды жасауға тырысыпты. Бірақ біз бұл елде көп тұрған жоқпыз. Әке-шешем сол жылы қарашаның 2-сінде, яғни менің үш айлығымда Ақмола облысының Қызыл таң ауылына көшіп келеді. Үш жасыма дейін бақытты сәбидің бірі мен болдым десем, артық айтқандығым емес. Ең жақын адамдарым көңілімді аулап, қалағанымды істеп, өмірдің бар жақсылығын сыйлауға тырысты ғой. Соғыстан кейінгі жылдар ешкімге оңай тиген жоқ. Тағдырдың тәлкегіне түсіп, дүниенің ойраны шығып жатса да, әке-шешем қиындыққа мойынсұнбады. Өйткені, майдан көрген олар үшін бейбітшіліктен артық бақыт жоқ еді. Аш-жалаңаш, қақаған қыстың суығына тоңу, жаздың аптап ыстығына күю сол кезеңнің адамдарының маңдайына жазылып қойғандай. Әсіресе, әкем тағдыры берген тіршілікті тілдеп, сөгу дегенді білмеді. Жауды жеңіп, болашақтан зор үміт күткен жандар өзгелермен қатар шыдамдылық танытып, өмір сүре берді. Аштықтан ішегі шұрылдап, күнделікті жейтін бір тілім нанға зәру болса да, тұрмыс тауқыметі жайында ешкімге тіс жармады.
Осындай бал шақта өмір сүріп жатқан кезде Қостанай өңірінде тұратын нағашы әжем науқастанып қалады. Анам мені өзімен бірге алып, төркініне аттанбақ болады. Отбасымызда бұдан да басқа жайттар орын алған сыңайлы. Бірақ менің бар білетінім осы. Бізді шығарып салуға темір жол вокзалына әкеммен бірге қарындасы Мәруа да келген екен. Дәл сол сәтте анамның құшағынан мәңгілікке айырылатынымды кім білген?! О кезде пойызға билет бойынша отыру деген жоқ. Әкемнің қарындасы адам ығы-жығы болып жатқан вагон ішінде мені анамның қолынан жұлып алып, жылжи бастаған пойыздан секіріп түсіп қалады. Анам не істерін білмей, жылдамдығы үдей түскен пойызды тоқтатуды сұрап жылағанымен, мұнысынан түк шықпапты. Екінші жағынан ауыр халде жатқан анасының жағдайын ойлап, түсіп қалуға батпаған. Бауыр еті баласынан қимастықпен қол үзген менің шешем жүрегі өксікке толы сол күйі Қостанайға аттанады. Неге екені белгісіз, әкем мен шешем сол күннен бері бір-бірімен мәңгі бақи көріспей кетті.
Әкемнің күндіз-түні жұмыстан қолы босамайды, сондықтан қарындасы тірідей анадан айырылған мені өз бауырына басты. Үш жастағы бала нені есте сақтар дейсің? Әкемнің қарындасын туған шешемдей көрдім. Алайда, ес тоқтата бастаған кезде бұл үйден де кетуіме тура келді. 1965 жылға дейін, яғни 20 жыл бойы туған анамның өзге адам екенін, оның жырақта жүргенін білмей өстім. Әкем өте қатал, аз сөйлейтін жан еді. Өмірінің соңына дейін неліктен мені алып қалып, анамды төркініне жалғыз аттандырғаны туралы тіс жармай өтті. Бірақ мен бірде-бір рет асқар тауым – әкемді де, артынынан іздеп келмеген анамды еш кінәлаған жоқпын. Бүгінде о дүниеге аттанған асылдарымның аруағына тіл тигізгім келмейді. Осындай оқиғаның орын алуына бір себеп болған шығар деп топшылаймын. Мен 11 жасқа келгенде әкем әмеңгерлік салтымен қайтыс болған ағасының келіншегі Нұржәмиламен отау құрды. Әкем: “Қызым, енді сен бізбен тұрасың”, – деп мені қазіргі Тайынша қаласындағы өз отбасына алып кетті. Алайда, өгей шешенің тәрбиесінде болу оңайға соқпады. Өзге құрсақтан шыққан баланы бәрі бірдей бауырына баса бермейді ғой. Бірі өз балаларынан кем көріп, шеттетіп өсіреді, енді бірі туғанынан бөліп-жармай, бар мейірін төгіп жетілдіреді. Мен 18 жасқа толғанша өгей шешемнің бойынан өзіме деген жылулықты аса сезе қойған жоқпын. Әрбір істің бір жақсылығы болады, маған өмірде Нұржәмила шешемнің кездескеніне тәубе деймін. Өйткені, оның тәрбиесі маған пайдасын көп тигізді. Өжет, шыдамды болуға, күрмеуі қиын мәселелерді сабырлықпен шешуге дағдыландым. Жастайымнан еңбекке араластым. Бос отырған күнім жоқ. Сиыр сауысып, шұлық, қолғап тоқысып, қой бағыстым.
Кәмелеттік жасқа толған кезде болашақ жарым, бес баламның әкесі Әшім Сүлейменұлын жолықтырдым. 1963 жылы шаңырақ құрып, арғы өмірім Ақжар ауданындағы Киевское ауылында жалғасты. Бір қызығы, келесі жылдың 9 мамыры – Жеңіс күнінде тұңғышымыз дүние есігін ашты. Кеңес өкіметі кезінде кооператив құрғандарға көп жеңілдік жасалды ғой. Біз де жұбайым екеуміз азын-аулақ ірі қара сатып алып, мал шаруашылығымен айналысуға бел будық. Ісіміз оңға басып, ауылымыздағы беткеұстар отбасылардың біріне айналдық. Әкем менің бағым ашылғанына іштей қуанып, кездескен сайын ақ батасын жаудыратын. Өте қатал, сөзге сараң адам екенін айттым ғой. Бірақ көңіліндегісін сыртқа шығара қоймаса да, ішкі жан тебіренісі жүзінен-ақ байқалып тұратын.
Әкем о дүниеге аттанар алдында мені шақыртып алып, бар шындықты жайып салды. Оның сол сәттегі айтқан сөздері әлі күнге дейін санамда сайрап тұр. “Менің көп ұзамай о дүниеге аттанарым хақ. Мәриашым, мені кешір. Сенің туған анаң бар. Ол бүгінде Қостанай өңірінде тұрады. Өте жақсы адам. Сен оны тауып алуың керек. Міне, мекенжайы”, – бір парақ қағазын қолыма ұстатқан кезде аспан қақ айырылып, жер дірілдеп кеткендей болды. “Бұл қалай болғаны?” – деп әкеме қайта-қайта жалтақтаймын. Мөлтілдеп келіп қалған жасын жең ұшымен білдіртпей сүрткен ол сөзін одан әрі жалғай түсті: “Анаң бүкшеңдеп майдан даласында жүргенде, сен іште жатып соғыс күйін тыңдаған сәбидің бірі едің. Дүниеге келіп, көзіңді ашқанда, түнде жылағаныңда, ол түн ұйқысын төрт бөліп, көзін талдырып, бесік жырын айтып, сені шын көңілімен жақсы көрді, сен үшін бәрін істеуге дайын болды. Бөбегім мазасызданбасын деп, түні бойы ұйықтамаушы еді байғұс. Тілің енді шығып, алғаш рет “ана” дегеніңе қатты қуанып еді. Жол жүргенде өзіңді екі елі қасынан қалдырмайтын. Шүлдірлеп жаңа ғана сөйлеп келе жатқан тіліңді қызық көріп еркелетті. “Сенің табаныңа қадалған тікен, менің маңдайыма қадалсын” – деп, дұрыс адам болып тәрбиеленуіңе жағдай жасайтын. Сен даладан жүгіріп үйге келгенде “Қайдан келдің, қарағым?” – деп, барын алдыңа ұсынатын. Анаңды іздеп тап. Ол да тұңғышын көруді талай жыл армандаған шығар…”. Әңгіме осымен тамам.
Анам мен әкемнің неліктен ұзақ жылдар бойы бірін-бірі іздемей, өзге жанмен отау құрғанын әлі күнге дейін білмеймін. Батылым жетіп, сұраған да емеспін. Анаммен алғаш рет 1968 жылы кездестім. Әкем қайтыс болғаннан кейін үш жыл бойы хат алысып тұрдық. Ол байғұс 1948 жылы Қостанайға кеткеннен кейін 14 жыл бойы жұбайын тосумен күн кешіпті. Сарғайып күте-күте ешкім іздеп келмейтініне көз жеткен соң, амалсыздан тұрмысқа шыққан екен. Анаммен кездескен сәтті бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Балаларымды ерте барған мені бүкіл ауыл болып қарсы алды. Шешем аяғыма жығылып, кешіріп сұрады. Мен де талай жылдар бойы кеудемдегі сағыныштың құлпын босатып, алғаш рет көз жасыма ерік бердім.
Бұл кездесуден кейін анаммен қарым-қатынасымыз бір сәтке де үзілген жоқ. 40 жылдан астам уақыт бойы үзіліп қалған ана мен бала махаббатын қайта бастан өткергендей күй кештік. Анам 2010 жылы 90 жасында бұл өмірмен қош айтысты. Жарықтық өте биязы адам еді. Төрт жыл бойы майданның бел ортасында жүріп, Жеңісті жақындатуға бар күш-жігерін жұмсаса да, көзі тірісінде соғыс ардагері ретінде ешбір құрметке бөленген жоқ. Анам әрдайым: “Менің ең үлкен наградам – балаларым мен немерелерімнің амандығы. Ұрпақтарымның жаман атқа ілікпей, ұлағатты өмір сүруіне тілекші болып, орталарында ақыл айтып отырсам, бұдан асқан бақыт бар ма?” – деуші еді. Марқұм отбасы тіршілігінде де ынсапты, қанағаты мол жан еді, дүние-мүлікке қызыққан емес. Бір қалыпты байсалды мінезінен айныған емес. Жоққа шыдамды, азға қанағатшыл болды.
Бүгінде жасым жетпістің бел ортасыннан асты. Өзім де – ұрпақ өрбітіп, немере-шөбере тәрбиелеп отырған ақ жаулықты анамын, бақытты әжемін. Адамның қалағаны емес, Алланың дегені болатынына көзім жетті. Жаратқанның әміріне мойынсұнып, өткен өміріме тек тәубемен қараймын. Германияның қақ төрінде Жеңіс туының астында тудым, жауынан тайсалмаған ержүрек жандардың қызы екенімді мақтан тұтамын! Құдайға шүкір, бүгінде ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Ибалы келін, асыл жар, аяулы ана, мейірімді әже атандым. Тағдырыма налымаймын”, – деп Мәриаш апа әңгімесін аяқтағандай кейіп танытты. Мен де ары қарай сұрақ қойып, мазасын алған жоқпын. Өмір – майдан деген рас екен. Бірде жеңесің, тағы бір сәтте жеңілістің кермек дәмін татасың.
Дайындаған
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.