Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, Армия генералы, көрнекті мемлекет қайраткері Сағадат Нұрмағамбетовтің 90 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті.
Іс-шараның басында қалың қауым “Сағадаттың 80-ші көктемі” атты деректі фильмді тамашалады.
Еске алуға арналған жиын барысында Қарулы Күштеріміздің дамуына зор үлес қосқан және жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеп жүрген бірқатар азаматтар “Армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетов” мерекелік медалімен марапатталды. Сонымен қатар, осы салада абыроймен еңбек еткен жеті азамат “Құрметті ардагер” медаліне ие болды.
Сағадат Нұрмағамбетов өзінің мол тәжірибесімен жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, Қарулы Күштер жұмысын қайтадан жандандыра түскен азаматтардың бірі болып табылады. Саналы ғұмырын еліміздің әскери саласының құрылуы мен дамуы жолында сарп еткен қолбасшының қызметі бүгінгі ұрпаққа үлгі болары айдан анық. Сағадат Нұрмағамбетов еліміздің қорғаныс саласында көшбастар тұлға болды. Өмірі өнегеге толы абзал адам ғұмырының соңына дейін Қазақстан халқына адал қызмет етіп, адамгершілік пен әділеттілікті қатар алып жүрді. Еліміздің әрбір азаматы тұғырлы тұлғаның есімін есте сақтап, қазақтың қаһарман ұлын мақтан ететіні сөзсіз.
Хас батырды еске алуға арналған салтанатты кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Амангелді ДҮЙСЕКИН,
Солтүстік Қазақстан
облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті
бастығының орынбасары.