«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРДІҢ СЫРЫ — ӨРНЕКТЕ

 

Өңірімізде қазір 28 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олардың қызмет етуі мен жұмыс сапасы – ел экономикасының тірегі екенін ескерсек, кәсібін ашамын дегендерге мемлекет тарапынан қолдаудың болуы құптарлық іс. Себебі, өңіріміздегі кәсіпкерлердің басым бөлігі – “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020”, “Сыбаға” бағдарламалары бойынша кәсібін ашқандар немесе ісін кеңейткендер.

Өңіріміздің экономикалық дамуының өрісін кеңейтуге атсалысып жүрген шағын және орта бизнес өкілдерінің екі мыңға жуығы жас кәсіпкерлер екен. Солардың бірі – Тайынша ауданының тұрғыны Альбина Қайырбекова. Үстіміздегі жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 1,5 млн. теңге несие алып, тігін шеберханасын ашқан жас кәсіпкер бала күнгі арманын жүзеге асырыпты. Альбина Егінбайқызы “Ерінбей еңбек еткен адамға бақыт өзі бас иеді” деген сөзді жиі қайталайды. Себебі, бір кездері нағашы әжесінің ине-жібіне қызығып өскен тігінші бүгінгі жетістігімен тоқтап қалмақ емес.

– Мен жас кезімнен қолыма ине-жіп алып, маталардың қиындысынан киімдер тіге бастадым. Бастапқы кезде жеңіл-желпі нәрселерді тігіп, ермек еттім. Бірақ уақыт өте келе тігіншілікке ынтам оянды. Бір кездері нағашы әжемнің айтқан ақыл-кеңестері бүгін менің жаңа қырымнан танылуыма мүмкіндік берді, – дейді Альбина Егінбайқызы.

Көкшетау қаласында арнайы білім алған жас маман ұлттық ою-өрнекпен көркемделген заттарды, киімдерді жасауға бет бұрып, оны заман талабына сай сәнді етудің түрлі жолдарын қарастырып жүр.

– Сұлулыққа, әсемдікке, сабырлық пен төзімділікке баулитын ою-өрнектің сырын ашып, оны жаңа үлгіде жандандырғым келеді. Қазақтың ою-өрнегі төр көрпе мен қалтаны ғана безендіруге жарайды деген түсінікті жою қажет. Қазақтың ою-өрнегі халқымыздың тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Әлемнің озық сән түрлерін сарапқа салатын болсақ, қазақтың сән өнері өзіндік ұлттық ерекшелігімен көзге түсері даусыз. Осыдан да болар, бүгінде отандық сәнгерлер өздері жасаған киім үлгілерінде ою-өрнекті кеңінен пайдалануда. Осының барлығын ескере отырып, алдағы уақытта тігін шеберханасының аясын кеңейтуді жоспарлап отырмын. Ал әзірге ашқан кәсібімді нығайтып, тұрақты тұтынушылар қатарын қалыптастырғым келеді, – дейді Альбина Егінбайқызы.

Жас маман күнделікті өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаумен қатар, еңбек ұжымында өзінен басқа бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Өңіріміздің әрбір үшінші тұрғыны еңбек етіп жүрген кәсіпкерлік саласының дамуы – осындай іскер жандардың арқасы. Жас та болса, ұлттық бренд болуға сұранып-ақ тұрған қолөнерімізді дамытуды қолға алған Альбина Қайырбекованың бұл талабы көңілге қуаныш ұялатады.

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp