Қазақтың ардақты жазушысы, сөз зергері Ғабит Мүсірепов осыдан 45 жыл бұрын: “Енді отыз бір жылдан кейін адам баласы екі мыңыншы жылды қарсы алады. Елдер мен жерлер тағдыры, тілдер тағдыры қақтығысар, қабысар дәуір басталады. Бүгінгі өнер, білім қуған талапты да талантты жастар, техника құлағында ойнаған еңбеккер жастар, әке табысына семірген еркетай жастар, ой қумай, ойын қуатын футбол жанкүйерлері – бәрі де сол дәуірдің аға буыны болмақ. Ал, ағалық ардақтылықтан гөрі жауаптылық болады”, – деген екен. Сол замандағы айтылған осы сөздің ақиқаты өмір бойы жалғаса бермек. Ұрпақтар алмасып жатады, толқынды толқын қуып, ілгері басады. Бұл – Тәңір сыйы. Ұлы Ғабең айтқан еркетай жастар бүгінде еркетотай жасқа айналып барады. Ағалық жасқа жетіп, ақыл беретін үлкендерді тыңдайтындардың қазір қарасы кеміп бара жатқандай көріне ме, қалай?. Себебі, нарық заманы адалдық пен адамдықтан гөрі қалталыны қалайтын секілді. Біздің балалық шағымыз Ғабең айтқандай өнер, білім қуған кезге тап келіп еді. Өсе келе ағалық жасқа да келіп едік. Ұрпақ өсіріп, кемелді кезеңге жеттік-ау деп жүретінбіз. Бірақ, Алла ісінің бұруы болмайды екен. Ерболдай асыл досымыздан айрылып қалдық. Бір тәубе дейтініміз, артында асыл жары, аяулы ұрпағы бар. Олар ер аманатын, әке үмітін ақтап, рухани мұрасын жарқыратып шығарып жатыр. Сол асыл досымыз биыл 60-тың белесіне көтерілді. Жұрт болып жұмылып атап, өмірі мен өнегесін еске түсіру үстінде. Қызылжар – қасиетті мекен! Қазақтың маңдайына біткен ұлылардың кіндік қаны тамған киелі жер. Жыр дүлдүлі Мағжан, қазақ сөзінің туын көтеріп, өткен ғасырдағы ұлт руханиятының алтын діңгегі болған Ғабит, Сәбит, саңлақ Сафуан, арамызда жүрген бетті де беделді, ұлт дегенде, тіл дегенде табан тіреп тұрып тайталасқа түсетін, қасіретті Желтоқсандағы қасиетсіздердің жат қылығын, сатқындық әрекетін айтып келе жатқан Сабыр Қасымов, т.б. ерендер аз емес. Соларды мақтан етіп, ісін құрметтеп, ұқсауға тырысып баққан, сегіз қырлы, бір сырлы Ербол Шаймерденұлының бір белеске көтерілген тұстағы мерейлі тойы басталған сәтте, қанаттас жүрген бауыры болған соң (біз қара жерді қара табанымызбен басып жүрген балдәурен жылдары бір-бірімізді бауыр деп таныдық, білдік, солай жалғастырдық, енді оны ұл-қызымыздың санасына сіңіріп жатырмыз), ол туралы төмендегі мақаланы талантты ұлдың поэзиядағы табысын қызылжарлық жұртшылыққа ұсынуды жөн көрдім.
Біз қаршығадай Ерболмен Алатаудың баурайында, Алматы қаласында, осыдан 42 жыл бұрын бозбала шағымызда танысып, табысып едік. Алматы ол кезде шуы аз, жайнап, көк желегі жайқалып тұратын. Адамдық мейірім, достық, бауырлық – бар жақсылық қасиет бойымыздан табылатын. Рухымыз биік, бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз, қамқорлығымыз, жанашырлығымыз бөлек еді. Дәрісханада қалай топтасып отырсақ, емтихан кезіндегі әзірлікте де дәл солай бір бөлмеге жиналып дайындалатын едік. Бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып жейтін едік. Қулық, сұмдық, арамзалықтан ада едік. Отанымыздың төрт бұрышынан солайша жұмылып келіп, жұдырықтай болып ұстаздарымыздан білім алып едік.
Сол қызық дәурен, бес жыл, шапқан аттай, атқан оқтай өте шығыпты. Бұл аралықта біразымыз шаңырақ көтеріп, ұлды, қызды болдық. Диплом алған соң тірлік басталды, әркім қолындағы жолдама бойынша қызметке аттанды.
Ербол еліне кетті… Біраз жылдан соң Алматыға қайта оралды. Содан бастап жұбымыз жазылмады. Ербол ақын еді. Шын ақынның жүрегі нәзік келеді. Бірауыз жылы сөзге мәз болып, марқайып қалатын. Өзі қыздардың тілін тез табатын. Кейде жымиып, кейде қырандай екі иығын қомдап, бұлақ сылдырындай күлетіні бар еді. Кейде ренішін ақсары өңіндегі елеусіздеу бір сәтімен аңғартатын. Қас-қабағымен де сездіретін. Бірақ ол көпке бармайтын. Бір әдемі әңгіменің шеті шықса, не көңіл көтерер көрініс көзге ілінсе, жадырап: “Е, солай ма? Солай еді-ау!” дейтін. Пендеміз ғой, отырыстарда аз-кем шектен шығып кететініміз болушы еді. Соның өзін ол білдірмейтін. Сылқ-сылқ етіп күліп отырып, шығарып салатын. Қайта бір бас қосқанда: “Ереке, өткен жолы артықтау кетіп қалыппыз-ау” десек, “Жоқ, ештеңе болмаған секілді. Жақсы отырдық қой. Осы қыздар жағы ма, ондай әңгімені қоздырып жүрген” дейтін кең пішілген кейіппен.
Астанамыз Арқа төсіне қоныс аударғанда алдымен Ерекең арамыздан бірінші болып көш көлігін бастады. Сән-салтанатымызбен шығарып салдық. Артынан Ерағаң жетектеп біз де жеттік. Мен екі жылдай салт жүрдім. Сонда Ерекең жиі хабарласатын. Күләшті ертіп үйге келіп тұратын. “Бұл жер Алматыдай емес, суықтау” дейтін. Артынан “Табиғат емес, адамдары көңілге көп қарай бермейді” деп қоятын. “Бәрі қазақтың жері емес пе, Ереке” – десем, “Солай ғой, менің айтып отырғаным қазақы қалып емес пе?” – деп ұлттық ғұрып туралы әңгіме қозғайтын. Қазір Астанамыз қазақыланды, қазақтың өнегесі өркен жайып келеді.
Ендігі естелікті кейінге қалдыра тұрайын. Ерекеңнің “Көңіл суреті” атты жыр кітабы жарық көрген еді. Соған әдемі қолтаңбасын жазып ұсынды. “Оқы, сен баспагерсің ғой, көп ақын-жазушының кітабына редактор болдың, мүмкін, осы жинақ туралы да өз байламыңды айтарсың?”– деді. Мен өз тұжырымымды жан-жақты жаздым (1996 жыл). Бірер басылымға ұсынып көріп едім, жариялай қоймады. Ерекең рецензияны өзіне сұрап алды. Содан осыдан бір-екі жыл бұрын: “Қағаздарымды ақтарып отырсам, арасынан сенің мына пікірің шықты. Кезекті кітабыңа қосарсың”, – деп еді. Есті азаматтың сол сөзі есіме түсіп, естелік кітапқа беруді жөн көріп отырмын. Иә, Ербол ақын еді ғой!
“Ең арғы жағы геометрияға да шабыт керек” (А.Пушкин), “Миллион сөз ойлап, соның тек бірін ғана таңдау қандай азап” (Л.Толстой). Шынында солай. Қолына қалам алған адам мың ойланып, жүз толғанады. Оның төрт керегенің ортасында отырып жазғаны алғашында өз иелігінде болғанмен, жарық көрген соң халық қазынасына айналады. Әрине, бәрі десек, артық айтқандық болар. Тек ойыңа жылу құятыны, көңілің мұңға батып, жаның жабырқаған тұстарда жадырататыны, оқырманы осыны айтсам деп, бірақ тілі күрмеліп жеткізе алмағандарын тап басып құлпыртып айта алғаны, бәрекелді дегізген “Өлең – сөздің патшасы, сөз – сарасы” (Абай), “Бүкіл адам баласы туралы айтқаны” (В.Белинский) ғана өміршең. Біз бұл арада мысалдарды біреуді асырып, біреуді қағытып кету үшін айтып отырғамыз жоқ. Кімнің кім екенін уақыт таразы басына салып екшейді, тарих даралап, саралап, орын-орнына қояды. Оған ешкімнің дауы да, күмәні де жоқ. Күн көру үшін жапақтап, жалтақтап түлкібұлаңға салып, заман сөзін айтпау келешегің кешірмейтін күнә.
Тұлпар екеш тұлпардағы, апыр-ау,
Бас иеді тағдырына бұйрықты.
Көре алмайсың саңлақтар сапынан,
Соңғы тері алынбаған жүйрікті.
Бас-аяғы бүтіндердің күші нық,
Бір опасыз жыға ма деп қорқамын.
Бір ұрттамын іше алмайсың тұншығып,
Бір қайнауы ішіндегі сорпаны.
…Туы қанша желбіресін төскейде,
Өкінішсіз жан болмайды жалғанда.
Жүз жақсылық жасаған дос кешпейді,
Бір тілегі орындалмай қалғанда.
Жоғарыда айтқан заман сөзі дегеніміз осы. Сонда заман сөзін жыр жолына түсіріп, оқырманға ұсынып отырған кім екен деген сұраққа ақын Ербол Шаймерденұлы деп жауап береміз.
Оның “Көңіл суреті” атты жыр кітабы “Өнер” баспасынан жарық көрді. Інісіне қазақтың айтулы жыр дүлдүлдерінің бірі Тұманбай Молдағалиев ағасы сүйсіне отырып, ақ батасын беріпті. Біз де ол кісіге риясыз ниетпен қосылып, жақсының жақсылығын айтуды парыз деп ұқтық. Сол себептен де, Ерболдың өзінен бұрын, оның қасиетті жанрға орта жолдан қосыла салған көк атты емес, табиғатында ақындық бар екенін, жазбауға мүмкіндік болмай қалғанда ғана қолына қалам алатынын аңғарту үшін аз-кем толғаныстан соң өз жырына сөз берген едік.
Жинақ үш бөлімнен тұрады екен. Әсіресе, тәуелсіз Қазақ елінің бет-бейнесін танытатын өлеңдердің орны ерекше.
Байқасын! Білсін!
Бізде де құдірет – пір барын,
Ел барын және Құдайдай сыйлар ұлдарын.
Гомер мен Гете, Шекспир, Пушкин ұрпағы
Жаттасын енді бабамның ойлы жырларын… –
деген жолдар Абайдай алып данамызға арналыпты. Сәтті шыққан. Қалай болса солай бас иіп бағыну жоқ. Ұлылар мен ұлыны теңестіру бар. Теңестіргенде қара дүрсіндікке салынып, инабаттан аттамаған, халқымызға тән қасиет пен ізеттілікті сақтаған. Бұл дегеніңіз мәдениеттіліктің, әдептіліктің төрткүл дүниеге мәлім белгісі. Сол арқылы даурығып, дауыс көтермей-ақ біртіндеп кеуде ұрғандардың санасына ой сәулесін сіңіру бар ниеті. Бұл екінші жағынан, өркениетті елдерден ой-өрісіміздің, инабат иірімдеріміздің кем еместігін де танытары даусыз.
Жер сүймесе табаным,
Жетімсіреп қаламын.
Жусан иісі даланың,
Әтіріндей қаланың.
Қуанамын, күлемін
Қызығына қаланың.
Бірақ менің жүрегім
Бозторғайы даланың.
Алаңдамай далаға
Қалай өмір сүремін.
Мен көшкенмен қалаға,
Көшпеген соң жүрегім, –
деген әр қазақтың жүрек қылын тап басқан мына жолдарды оқығанда тебіренбей, терең ойға батпай, көз алдыңа туған жеріңді, сол жерді мекендеп отырған бауырларыңды елестетпей тұра алмайсың.
…Дала – жайлау, дала – нұр,
Қала – бояу, қала шу.
Екі ортада бала жүр,
Қиын емес адасу.
Бұл төрт жолда көп ой жатыр. Әсіресе, соңғы екі жолы салмақты. Қазір ауылда жұмыс жоқ. Аяғы жеткендер қалаға ағылуда. Бәрінің жолы болып жатса нұр үстіне нұр. Керісінше, кетсе, әсіресе, жастар жолдан тайып, адаспағанда қайтеді.
Ақын көзі қырағы. Бәрін көріп, ой елегінен өткізіп жүреді. Соның мысалы “Темір есік” атты өлеңі болатын. Оқып көрелік:
Кілті көп есік көрдім темір “шекпен”
Ызғары кетер өтіп шеміршектен.
Шынжыр бау,
Шыны көзі тағы да бар,
Барады болып қымбат өмір неткен.
Аз десең арс-арс еткен иті де бар,
Кеудесі алпамсадай, күйі де нар.
Бұл үйге түспек болған ұрыны да
Үрейдің оты қарып, үйтіп алар.
Үй емес, жау алмайтын қамал мынау,
(Табады-ау адам, шіркін, амалды да-ау!)
Құсты емес,
Кісіні ұстар темір торда,
Ғадетің қайдан келген жаман мынау.
Енді мына төрт жолға көңіл аударып көрелікші:
Біле алмадым белгісі екен бұл ненің
Бәрі есепте: сөйлегенің, күлгенің,
Ұнамайды біреулерге, тіпті, жай
Еңсең биік – емін-еркін жүргенің.
Иә, жоғарыда айтқанымыздай, бүгінгі аумалы-төкпелі уақыт әкелген жат қылықтың бірі бұл. Болмаса, жақсылыққа ат шаптырып қуанған, сүйіншіге барын аямай берген халқымыздың дәстүрін кім білмейді. Қалайда іштарлықтан, бақай есеп-бақастықтан, егемен ел атанған тұста құтылғанымыз ләзім. Онсыз, яғни “бірдей ойлау, бірге күлу” болмайды, өркеніміз өсіп, өрісіміз кеңімейді.
Ербол Шаймерденұлы кітабындағы ендігі бір ауқымды тақырып – табиғат-ана туралы. Қазір қазақ топырағында бүлінбеген жер, лайланбаған су жоқтың қасы. Бұл айтып келмейтін апат емес – көрініп, көзіңе шұқып тұрған қасірет. Одан құтылмасақ, ертеңіміз күмәнді, күңгірт.
Саф алтындай тазалығын сақтап тұрған бір жер бар асқақ Алатаудың қойнауында. Ол көргеннің көз алдынан өмір бойы кете қоймайтын, көрмегенге жұмақтай елестейтін, төрт жағын түгел қаулай өскен қарағай көмкерген, ақ сүңгі тау шыңдарымен қоршалған, суы аспан түстес көкпеңбек – Көлсай көлі.
Жерұйық өлке –
Төскейі, төрі тең сұлу.
Осында, тіпті, қыздар да біздің ең сұлу,
Тәнті боп сәнге
Тамсану таңсық емес тым
Көрдің бе екен Көлсайды бірақ сен, сұлу? –
дей келіп:
Көгілдір таулар
Осынау көлді жасырған,
Құйыннан, желден, қулығын қалай асырған?
Табиғат өзі
Оңаша отау тіккен бе,
Алқадан асыл ғасырға барар ғасырдан.
Қарағай, қайың.
Аршаны дерсің оқа ма,
Мөп-мөлдір жанар
Кездесер мұндай ботада.
Ай болып кешке
Ілінер алтын сырғасы.
Күн болып күндіз аймалар келіп от-ана.
Биікте сонау
Жүрегін өртеп қызғаныш.
Ақша бұлт жігіт төнеді жиі жүзтаныс.
Сыңғырлап келіп
Толқынды тербеп ойнайды,
Тәкаппар көлде тереңде жатқан қыз-намыс.
Жаңбыр да құмар
Танылмай жүрген өнері,
Уыстап алып күмістей тамшы төгеді.
Қытығы келіп,
Көлеңке қуған көл ару,
Бұла бір сырды бұрымына қосып өреді, –
деп көл суретін маржандай тізіп, тамшыдай үзіп-үзіп әдемі жыр жолына түсіреді.
Сұлулық деген
Сиқыр ғой және дара ғой
(Алдында – сезім, артынан қуып барады ой)
Көлсайды көрсең
Өртенер едің өзің де,
Әзірше менің сезімімнен бөліп ала ғой –
деп аяқтайды.
Иә, қазаққа тән қаның болса, мұндай тұнып тұрған сұлулықты бағалап, арам сұғыңды қадамай, аяғыңды қия баспай, жат оймен жапалақтай жар жағаламасың анық.
Бір ғажабы осы өлеңге әуесқой сазгер Құдиярбек Ағыбаев замандасымыз әдемі де сыршыл ән жазып, оны әнші Ырымтай Бөдесов түрлі кештерде және радиодан нақышына келтіріп орындап жүр. Бұл дегеніңіз өміршең өлең дүниеге келсе, ән өзінен-өзі туатынын көрсетсе керек.
Ербол Шаймерденұлы – жұртшылыққа едәуір танылған есім. Ол “Егемен Қазақстан”, “Жас алаш” газеттерінде қызмет істеп, ел өмірінен ұшқыр ойлы мақалалар жазғанын білем. Одан кейін мемлекеттік биліктің жоғары буындарында қызмет атқарып, қилы-қилы уақыттарда бағытынан таймай келді. Бұл оның біліктілігінен, білімділігінен болар. Шынтуайтына келгенде, қазір әр мекемеде бір-бір баспасөз хатшысы бар. Ал қазақ топырағындағы алғашқы баспасөз хатшысы – осы Ербол Шаймерденұлы екенін біреу біліп, біреу білмеуі мүмкін.
Сөйтіп:
Құштарлық, мұң мен ізгі арман,
Жалғайды адам арасын.
Ойсоқты осы жырлардан
Іздесең мені табасың, – деп,
өзі айтқандай, ақын мен оқырман арасын жалғаған Ерболдың жыр жинағы жүректерге жол тартқан еді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Астана қаласы.