«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРІСІМІЗ КЕҢЕЙІП, ӨРКЕНДЕЙ ТҮСЕМІЗ

Қазақстан Президентінің осыдан 20 жыл бұрын айтылған Еуразиялық одақ туралы идеясы өзінің қажеттілігін уақыт өте келе ақыры дәлелдеді. Бұл да Елбасының көрегендігі деп ойлаймын.

Кеден одағы еркін тауар айналымының көкжиегін кеңейтсе, Бірыңғай экономикалық кеңістік, әсіресе, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларына серпін береді.

Еуразиялық одақ сатылап жүзеге асып келе жатқан интеграциялық әріптестіктің жемісі болып табылады. Ел экономикасында маңызды орын алатын қарышты қадам құтты боларына сеніміміз мол. Бастысы, нарықтың талабы бойынша бәсекелесе алу керек. Яғни, айналымға шығарған тауар сапалы болса ғана, сауда ойдағыдай жүзеге асады. Интеграцияның игілігі де осы. Жалпы, Еуразиялық идеяның тиімді тұстары аз емес. Тұнып тұрған жерасты байлығымыз бар. Осындай қазынамызды технологияны меңгере отыра сыртқа шығаруымыз қажет. Жаңа қадамның арқасында елімізде жұмыс орындары ашылады, нарықтық кеңістік дамиды. Міне, осы жағынан алатын болсақ, Еуразиялық экономикалық одақ жоспарлы жұмысты жүзеге асыру жолында бірден-бір баспалдақ болып табылары сөзсіз. Ал Қазақстан үшін мұндай мүмкіндік өте қажет.

Қазір де ел кәсіпкерлері қолдан келгенше абыроймен еңбек етіп, шетелге дайын өнім шығару үстінде. Осы салада жемісті еңбек етіп, өз ісін дөңгелетіп отырған әйел кәсіпкерлер де аз емес. Мемлекет тарапынан оларға көрсетіліп отырған мүмкіндік те ауыз толтырып айтарлықтай. Кәсіпкерліктің кілтін тауып, ерінбей еңбек еткен осындай адамдарға Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғаны жаңа серпіліс әкеледі.  

Бастысы – нарық кеңейіп, еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Енді Елбасының сенімін ақтап, биік белестен көріну үшін еліміздің әрбір азаматы осы іске өзіндік үлес қосуы керек. Бұл – біздің азаматтық парызымыз.

Бүгінгі таңда еліміз озық отыз елдің қатарына енуді меже етіп қойды. Бұл міндетке жалғыз жету мүмкін емес. Өйткені, біздің нарық шағын, шектеулі. Сондықтан да экономикалық мүдде жолында күш біріктіріп отырғанымыз – оңтайлы шешім.

Бизнесіміз мықты болса, елдің де әлеуеті арта түсері сөзсіз. Бастысы – бағытымыз айқын, таңдауымыз дұрыс.

Бақытжан СӘМИЕВА,

облыстық Іскер әйелдер

қауымдастығының төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp