«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР Академик Жабайхан Әбділдинмен сұхбат

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы Жабайхан Әбділдин – ойтаным, дүниеауи толғамдар мен ақыл-пайымдар әлеміндегі дүниежүзілік деңгейдегі ірі тұлға. Бүгін назарларыңызға ұсынылып отырылған журналист-жазушы Жарасбай Сүлейменовтің танымал ойшыл, ғибратты ұстазбен сұхбатында Жабайхан Мүбаракұлының Қазақстанда философия ғылымының қалыптасып, дамуы, қазақ ғылымы мен мәдениетінің дара тұлғалары Мұхтар Әуезовпен, Сәбит Мұқановпен, Әлкей Марғұланмен, Ермахан Бекмахановпен жүздесулері, Ұлы Даланың Мәңгілік Ел болуға ұмтылысы туралы ой-толғамдары, Тәуелсіздік ризығы, сол арқылы еліміздің көксеген болашағы жайында тағылымды ой түйіндеулері аса тартымды әңгімелердің желісін тартады.

– Аға, өткен сұхбаттарымызда (“Солтүстік Қазақстан”, 05.12.2014 ж.) біраз жайдың басын шалған сияқтымыз. Соның өзінде қоғамда болып жатқан құбылыстар, өзіңіздің өміріңіздің арқауына айналған ғылым төңірегінде біраз әңгіме өрбітуге болар еді. Ретіне қарай ол мәселелерге де соғармыз. Дегенмен, осы әңгімемізді оқып отырғандардың сіздің өмір жолыңызға, азамат ретінде қалыптасу кезеңдеріңізге қызығушылық танытары анық. Сондықтан балалық шаққа оралсақ қалай болар еді? Сіздің жадыңыздың мықты екеніне көзім жетіп отыр. Қайталанбас сол бір сәттерді тағы бір жаңғыртуға қалай қарайсыз?

– Дұрыс айтасың, адамның жадынан көп нәрселер өшуі мүмкін, бірақ балалық шақ, сол кездің оқиғалары ұмытылмайды. Мен 1933 жылы, ашаршылықтан кейін туыппын. Ол уақытта Әбділда атам тірі. Біздің ата-тегіміз қазақтың Арғын тайпасындағы Бәсентиіннің Андас руынан тарайды. Оның ішінде “Мәмбет”, “Жақсы ат” деген тарауынан шыққан. Әбділда “Аралбай құмы” деген малын жаятын құмы бар атақты Аралбайдың бір шешеден туған, тоғыз ұлының үшіншісі болатын. Қазіргі Павлодар өңіріндегі Ертістен бөлінген көп аралдардың бірі – Ақтоғайды мекендедік. Елде “кәмпеске” деген дүрбелең басталған шақта атамды мыңғырған малы болмаса да, үш жүз елу жылқысы болған “орташа бай” деп бірден түрмеге жаппай, 150-200 шақырым жердегі Бестауға жер аударыпты.

Жоғарыда айтқанымдай, ауылдық кеңестің төрағасы болып Балта деген сауатсыз адам сайланады да, Семейден оқу бітіріп келген әкем оның хатшысы болады.

– Сонда, әкесін жер аударып, баласына тимеген бе?

– Кезінде отау тігіп, жеке бөлініп шыққандықтан ба екен, әлде сол кездегі Сталиннің “бала әкесіне жауапты емес” деп баланы әкесіне қарсы қойған қағидасынан ба, бұл дүрбелеңнен әкем, әйтеуір, аман-есен қалады. Әкемнің бес қараға сатып алған бурыл аты болған екен. Ол кісі жасынан жылқы малына үйір болыпты. Аңға да шығып тұрады екен. Ауылдық кеңесте қызмет істеп жүргенде соны сылтау етіп, Бестауға түн жамылып жасырын барып, әкесімен кездесіп, оған бар жағдайды айтып тұрыпты. Өмірдің ыңғайын ерте сезген әкесі бір келгенде баласына: “Ресейдің бір қаласынан елге мақта, мата, жіп әкелуге бара жатыр” деген құжат дайында!” – деп тапсырма береді. Сөйтіп, біздің отбасымыз бір түнде тік қотарылып, Ресейге көшіп кетеді.

Әжемнің шын аты Зылиха, бірақ жұрттың бәрі Сары-апа дейтін. Жұқалтаң келген, көзі көк, атжақты, жүзі аппақ, қашанда өз орнын білетін кісі еді. Ертіс бойындағы Кеңтүбек болысына қарасты, Арғын тайпасының, Бәсентиін – Ырысағынан шыққан Мұқатай деген байдың жалғыз қызы болатын. Ол кісі бүкіл мұсылман дүниесіндегі барлық қисса, дастан, әңгімелерді жатқа білетін және соны балаларының зердесіне құйып, ылғи да мәнерлеп, бар реңкін жоғалтпай айтып отыратын оқыған, көзі ашық адам болды.

Менің әкем мен шешем 1928-ші жылы үйленген. 1917-ші жылы патша құлап, орнына кеңес өкіметі келгенімен, бұл кезеңде қазақ даласында әлі де болса басқарудың бұрынғы билік жүйесі жалғасып келе жатты. Билік деген бір ұстасаң, қолыңды ала алмай қалатын “тұтқасы” алтын дүние ғой. Оның үстіне атақ, даңқ, мәртебе, мерей, әсіресе, Тоқымбайды – Тоқа, Қақабайды Қақа дегізген жалпақ құрмет – ол да бір өзінше бөлек несібе секілді. Сондықтан да болар, халқымыз “семіздікті қой ғана көтереді” деп тегін айтпаған ғой. Әрине, болыс болып, елге билік айтып, сыйлы болғанға не жетсін?! Сондықтан да болар, ру тартысы қыза түсті, билікке ұмтылған байлар дау шығынын көптеп көтере берді. Бірақ бұл тартыстың негізгі нәтижесін күткен байлар өзіндік саясатпен: “бар дауысты бір адамға жинайық” деген ниетпен әр рупартияларға бірігуге айналды. Алайда, халық бәрібір дауысты, “шардың тасын” іскер, білікті, алғыр, шешен әрі барынша әділетті және сол елге танымал адамға ғана беретін. Міне, осы кезде менің атам да өзіне бұрыннан таныс әрі араласып жүрген көршісі Есенкелді руынан шыққан Мәйемірдің Қапашымен бірігеді. Бірінші болыстықты соған бермекші болады. Ол да бұған келіседі. Алайда, Қапаштың әкесі Мәйемір ақсақал: “Даудың көп шығынын біз көтеріп жатырмыз, егер ертең тастың көбін сен алып кетсең, біз не істейміз? – деп сенімсіздік білдіреді. – Сендердің серттеріңнің беріктігі ретінде, біреуіңде – қыз, біреуіңде ұл бар, достықтарың құйрық-бауыр жескен мыңжылдық құдалыққа айналсын”, – деген екен. Расында, сайлау барысында “шардың” көп тасын Әбділда алады, алайда ол уәдесінде тұрып, бірінші болыстықты Қапашқа береді. Сөйтіп, екі адамның келіскен уәделері, берген серттері, ахиреттік нағыз достыққа айналады.

Атам келінін жанындай жақсы көрген. Оның бір көрінісі ретінде мынаны айтуға болады. Мүкеңнің әкесі Әбділда мойны алыс бір жаққа барып келгенінде, бәйбішесінің көзінше келініне арнап әкелген сыйлығын бір береді екен де, айнала бере: “Бағытай, бері келші”, – деп жасырып тағы да береді екен. Бұл, әрине, “жат жұрттық” екенін ойламасын деген аталық қамқорлығы болар. Сөйткен келіні бес-алты жыл бала көтермейді. Уайымға толы бес-алты жылдан кейін құдайым сәтін салып, келіні жүкті болып, босанады. Бірақ Әлихан деген ұл бала екі айдан кейін шетінеп кетеді.

Осылай бір үйлі жан сәби иісін аңсап жүргенде өмірге мен келіппін. Әсіресе, атам мен әжемнің қуанышында шек болмапты. Атам қайтыс болғаннан кейін “басқа түссе – баспақшыл” дегендей, Мүкей (әжемнің бауырында өскендіктен, әкемді осылай атаушы едім) отбасының тірегі болып, әкесінің орнын басып қалады.

Әжем: “Тұңғыш немеремді өзім тәрбиелеймін”, – деп мені бауырына салыпты. Қатты еркелетсе керек, тиышсыздау болыппын. Мектепке де әжемнің жетелеп апарғаны есімде. Мұғаліміміз жас келіншек еді, маңайымдағы балаларды мазалап, тиісіп, мұғалімді тыңдай қоймасам керек, апай әжемді жиі-жиі мектепке шақырып, менің тәртібіме шағымданатын болды. Әжем мұғалиманың алдында кішірейіп, үйге барған соң менімен дұрыстап сөйлесемін десе де, былай шыққан соң құлынымдап, бәрін ұмытып кететін.

Сабақты жақсы оқыдым. Тентек болсам да мұғалима сол үшін жақсы көрді білем, бірде әртүрлі бояу қарындаштарға толы, темір қобдишаны сыйға тартты. Содан мен сол қыста кілең беске оқып, енді мектептен сыйлық алдым. Пенал, түрлі бояулар берді. Ал енді мен сізге айтайын, талай сыйлықтар алдым өмірімде, сол сыйлықтардың менің отбасыма, әсіресе, менің әжеме әсері сондай керемет болды. Бірінші, екінші сыныпты грамотамен бітірдім. Бұл енді әжем үшін үкіметтің берген сыйлығынан кем болған жоқ, төбесі көкке бір елі жетпей қалды. Бір жапырақ қағазды келген кісілердің бәріне көрсетіп, мәз-мейрам болып қуанып, мақтанумен болды.

– Сіз әжеңізді аузыңыздан тастамайсыз!

– Ол рас. Өйткені, мен ең алдымен сол кісіге қарыздармын. Әжем хазіреттің жиені еді. Ол кісі рухани әңгімелерді көп білетін, ертегілерді, неше түрлі аңыздарды, халықтың өлеңдерін жақсы көретін. Соның арқасында батырлар жыры сияқты қазақтың нағыз құндылықтары менің де қолымнан түспейтін болды. Сол менің өмірімдегі ең бір керемет жағдай, 2-сыныпта оқып жүргенде әжем маған тоғыз батыр жинағын, ол үлкен қалың кітап болатын, сатып алып берді.

Біздің үйге келіп-кетіп жататын кісілер көп болатын. Көбі әжеммен әңгімелесуге, ақылдасуға келеді. Әсіресе, қариялар жағы ұзағырақ отырып, дастарқан басында әңгіме-дүкен құратын. Сондай кездерде әжем көңіл-күйі жақсы болса, батырлардың жинағын алдырып, маған оқытатын. Осылай күнде оқи бергеннен кейін мен олардың көбін, тіпті, жаттап алдым. Оны маған еліктеп мектепке баратын Нұртай деген інім де жаттап алатын болды.

Жаңа атам жайлы айттым ғой, оның әкесі Аралбай да өз заманында лауазымды қызмет атқарған, би болған, тілге шешен, білікті, бірбеткей, алғыр, сауатты, ел ағасы әрі елінің бақ қонған дәулетті, айтулы азаматы болыпты. Ол кезде дәулетті адамдар балаларын бір жағы ертерек көзге түссін, бір жағы ысылып үйренсін, жер көріп, елге танылсын деген ниетпен ел ағасы, би, атақты, айтулы азаматтарға қосып жібереді екен. Аралбай ақсақал да осы дәстүрді ұстап, Семейге, Қарқаралы, Қоянды жәрмеңкесіне бара жатқан атақты адамдардың кіре шығынын өз мойнына алып, кейде оларға Әбділдасын қосып жібереді екен.

Әбділда жас кезінен пысық, алғыр әрі жаңалыққа ұмтылған, жаңашыл болыпты. Өстіп жүріп, ауыл өміріне көңілі толмаған балаң жігіт небір арман-қиялдарға беріліп, ерекше бір кәсіппен шұғылдануды ойластыра бастайды. Осы кезде ел ішінен ересек жігіттер жиналып, итарқасы қияндағы Омбы қаласына кәсіп іздеп кетуге бел байлағанын Әбділда да естиді. Ақыры, бір күні сол жаққа кіре тартқан ауыл жігіттері келісіп, он төрт жасар Әбділда да алыс сапарға аттанып кете барады. Омбы қаласына жеткен ел жігіттері теміржол салып жатқан бір ірі кәсіпкер орыс байына жалданады. Алайда, буыны қатпаған балғын жасөспірім баланы ешкім жұмысқа алмайды. Сонда да болса, ол өзінің ауылынан келген бір жағы таныс, бір жағы туыс жігіттерді айналшықтап, оларға көмектесіп жүре береді.

Бірде жұмыс жағдайымен танысып, жол құрылысын аралап жүрген байдың көзі әл-жуаз балаң жігітке түседі. Баланың қара жұмысқа қыры жоқ екенін байқаған бай оны өзіне ат күтуші боласың деп алып кетеді. Жылқы малын аңсап жүрген Әбділдаға ат күтудің қиынға түспегені белгілі. Жұмысын тиянақты атқарған қазақ баласы орыстың отбасына жағып, үй-ішіндегілердің бәрі оған жылы ұшырай бастайды. Келе-келе байдың баласымен бірге ойнайтын болады.

Кәсіпкер байдың мұғалім жалдап оқытқан баласымен бірге Әбділда да сауат ашуға талпынып, оның жазу-сызуына үңіліп, үйрене бастайды. Ауылда молдадан арабша оқып барған оның қолы жазу-сызуға икемді болып, орыс әріптерін әлгі қожайынның баласынан да бұрын үйреніп алады. Бертін келе, тіпті, мұғалім берген тапсырманы орындауға, есепті шығаруға бай баласы қиналып қалғанда Әбділда оған көмектесіп жіберетін болады. Осыны байқап қалған қожайын мұғалімге: “Мына баланы да қоса оқыт”, – дейді.

Осыдан бастап Әбділда орысша оқып, сауатын ашады. Келе-келе әлгі кәсіпкер қожайын жұмысшыларды аралап, жұмыстың мән-жайын біліп келуге Әбділданы жұмсайтын болады. Жіберген жігітінің жұмысқа тиянақтылығына әбден сенген ол оны бақылаушы етіп, соңынан теміржол шебері қызметін сеніп тапсырады. Сөйтіп, атам кәсіпкер орыстың қол астында еңбек ете жүріп, теміржол маманы болып алады.

Орыс байының қол астында бес жылдай еңбек еткен ол есейіп, оңы мен солын танып, сауатты азамат атанып, ата-анасына аман-сау оралады. Бес жылда тапқан табысын, бір сөмке ақшаны ата-анасына әкеліп береді. Ұшты-күйлі, хабар-ошарсыз жоғалып кеткен ұлдарының аман-есен оралғанына естері шыға қуанған ата-анасы ендігі жерде оны көзден таса қылмауға тырысады. Жан-жағын таныған сауатты Әбділда саудамен айналысып, Омбы, Алтай өлкелерін аралап, дүние әкеліп, ел ішін былай қойғанда, сонау Қарқаралыдағы Қаракесек елін де керек-жарақ заттарға қарық қылады. Осылай әулетінің дәулетін құрауға үлес қосып жүрген атам бірде кіре тартып жүріп, Мәдимен де кездеседі.

– Атақты “Атыңнан айналайын Қарқаралы” деп шырқайтын Мәдиді айтып отырсыз ба?

– Иә. Өзінің айтуынша, бірде сапарлап келе жатқанда күн аяқастынан бұзылып кетеді. Жел тұрып, алай-дүлей боран соғады. Түйемен шана тартқан кірешілер бағыттарын өзгертпей, жол ортасындағы бір жалғыз үйді бетке алып, жүре береді. Бір мезетте ұйтқып соққан боран сәл толастаған сәтте алыстан жер үйдің қарасы да көзге шалынады. Атамдар жақындап келгенде, жалғыз үйдің жанындағы белдеуде байлаулы тұрған жиырма шақты атты көреді.

Мынадай жынды боранда әбден шаршап құр сүлдерлері келе жатқан жандар паналайтын басқа орын болмағандықтан, “Ассалаумағалейкүм!” – деп табалдырықтан аттайды. Алайда, алдарынан шыққан үй иесі бұлардың сәлеміне ернін ғана жыбырлатып, жылы қабақ таныта қоймайды. “Үйде орын жоқ, кісілер бар”, – дейді бірден. Атам жалынғандай болып, көліктің болдырғанын, жігіттердің де қалжырап келе жатқанын айта бастайды. “Мына жынды боранда үсіп өлмесін десең, бір жақсылық жаса”, – дейді. “Мен айттым ғой, үйде орын жоқ!” – деп үй иесі енді дауысын көтере сөйлейді.

Осы уақытта төрде жатқан дәу кісі құс жастықтан басын көтеріп: “Мына боранда қайда жібересің оларды, жиырма адам жатқан жерге, тағы да жиырма адам сыймай ма?! Не болды соншама тарылып, кірсін”, – деп үй иесінің бетін қайтарып тастайды.

Осыдан кейін үй иесі: “Мен сіз қысылмай, еркін жатсын дегенім ғой”, – деп ақталғандай болып кірешілерге: “Үйге кіріңдер”, – дейді. Атамның қасына ерген жігіттер түйелерін шөгеріп, жүктерін түсіріп, арсыл-гүрсіл үйге кіреді.

Танертең жолға шығарда атам кешегі төрде жатқан кісімен танысады. Ол кісі атына сырттай қанық атақты ақын, әнші Мәди Бәпиұлы болып шығады. Сол жерде атам Мәдидің кісілігіне риза болып, азғантай сыйлығым деп ұн, қант, шай тастап кетеді.

Осылай жүріп жаттық. Бір күні біздің үйде аяқастынан қарбалас басталды да кетті. Әкемнің қабағы қатулы. Шешемнің де көңіл-күйі жоқ сияқты. Оның себебі кейін белгілі болды. Әкемнің шешеме үкіметтің інісі мен екеуін “майданға аламыз” деген шақырту қағаз бергенін айтып жатқанын құлағым шалып қалды. Бұл хабарды әжем де естісе керек, үhілей береді. “Мүбәрак, не ойлағаның бар, ел не деп жатыр?” – деп сұрады әжем бірде шай үстінде. “Мұндағы жағдай қиындап кеткенін өзің де көріп отырсың ғой, Ресей жаққа жылжимыз ба деп жүр едім, енді ол болмайтын болды. Ол жақта бізді күтіп отырған кім бар?! Майданға кеткенше сіздерді ауылға апарып тастайын, не көрсеңіздер де, елмен бірге көріңіздер”, – деді әкем. “Ол жақта да күніміз не болар екен? Ата-бабамыздың түтін түтеткен жері демесек, ауылдан түн жамылып қашып кеткен жоқ па едік?! Қанша дегенмен ағайын арасы ғой… Дұрыс айтасың, балам, дайындалайық, ел ішіндегі өзіміздің ағайынның арасына барайық, не болса да басқа түскенді солармен бірге көрейік”.

Бұл кезде біз Павлодар қаласында тұратынбыз. Әкем Ресей жақтан көшіп келісімен малын сатып, осы жерден үй салып алған. Көшеміз деп бір тоқтамға келгеннен кейін сол үйді сатты да ақшасына бір бұзаулаған қызыл құнажын мен төрт бұзаулаған қызыл сиыр және ат-арбасымен қара бие сатып алды. Шілденің басында қозғалдық. Қара биені арбаға жегіп, азғантай дүние-мүлікті соған артты, екі сиыр жетекте, ата-бабамыздың мекені – Май ауданына қарайтын Қызылеңбекке бет алдық.

– Павлодар облысы ғой…

– Иә, қазірде Павлодар облысына қарайды, заманында Кеңтүбек деп аталған, кейін Майтүбек, Қызылеңбек болды. Ол кезде Ертістің маңайында тұратындар ар жақбер жаққа пароммен өтетін. Паром дегендері кеменің үстін алып тастап, табанын ғана қалдырып, айналасын темірмен құрсап қойған жалпақ салға ұқсайды екен. Өзіне біраз дүние сиятын сияқты. Мал-мүлкімен шұбырған біз сияқтылар кіріп жатыр, кіріп жатыр. Кәдімгі ертегідегі аузын ашса, бәрін жұтып қоятын айдаhар сияқты. Мынаның бәрін қалай көтереді деп балалар жағы таңғалып тұрмыз. Дәу паромға бәрі орналасып, жайғасып болғасын, трос тартқан ақсары орыс алдағы буксирге қолын көтеріп, “Қозғал” деп белгі берді.

Паромнан түскен соң Ертісті жағалап көп жүрдік. Ұшықиыры жоқ жазық дала. Анда-санда ғана алыстан қарауытып төбелер көрінеді. Өзенді жағалай өскен тоғайдың арасындағы көк майса шөп кей жерлерде аттылы кісіні жасырады екен. Өзі қалың. Исі бұрқырап тұр, мұрынды жарады. Әжем жол бойы тіс жарған жоқ, тек межелі жерге жақындадық-ау дегенде, ұлына ат басын “Серке құдығындағы” Молдажанның үйіне тірегісі келетінін айтты. Молдажан – атамның немере ағасы.

Біз көздеген жерге күн еңкейе жеттік. Сірә, ауыл тұрғындары ілбіп келе жатқан көшті алыстан байқаған болулары керек, иіріліп тұр екен. Жақындай бере бізді танып, шуылдасып қоя берді. Туыстар бір-бірімен құшақтасып, әйелдер жағы кәдімгідей дауыс шығарып, көрісіп жатты. Біреулері бізді бетімізден сүйіп жатыр. Біраздан кейін бізге балалар да жақындай бастады. Сөйтіп, олармен тез тіл табысып, ойнап кеттік.

Қой фермасының бастығы Қожаның 5-сыныпта оқитын інісі Әбзелбек ақсақ қойларды бағады екен. Далада жападан жалғыз жүргісі келмей ме, бірде маған: “Менімен бірге жүр, қой бағайық”, – деді. Мен қарсылық білдірген жоқпын. Далада рақат қой! Ақсақ қойлар алысқа ұзамайды, қайырып шаршамайсың, Әбзелбек сөзқұмар екен, әйтеуір, мені әңгімеге тойдырады. Маған бәрі қызық, көк майсаның үстінде көсіліп жатып тыңдай беремін. Кейде көзім жұмылып, қалғып та кетемін. Ондай кезде Әбзелбек байқап қалса, бүйірімнен түртіп, еріксіз тыңдатады.

Ал кешкі асты ішкеннен кейін ауылдың бар баласы Бықия деген қойшының ауласына жиналамыз. Оның Аскеп есімді әдеміше келген келіншегі түнде қой күзетеді. Ол да жалғызсырайтын болуы керек, түннің бір уағына дейін бізді жібермейді. Өлең айтады, балаларға неше түрлі ойын ойнатады. Өзінің екі баласы да бізбен бірге ойнайды. Бала болсақ та, күнұзақ ойын шаршатады ғой, біраздан кейін қой қамаған шалының іргесіне киіз төсеп, жата-жата кетеміз. Сосын аспандағы “Ақбозат”, “Көкбозат”, “Үркер”, “Жеті қарақшы” деген сияқты жұлдыздарды санаймыз. Кейбіреуіміз сол жерде ұйықтап қаламыз.

“Үркер” жұлдызын “Жеті қарақшы” ұрлайын деп жүр” деген аңызды да алғаш рет осында естідім. Ашық аспан астында, жалпақ, қалың киіздің үстінде жатып, жұлдыздарға қарасаң, олар өзіңе көздерін қысып, жымыңдап тұрғандай әсер етеді. Жымыңдап, жыбырлап жатқан тірі жұлдыздар. “Ал әне бір қолдағы шамның жарығындай, ауға түскен балықтай, жыпырлаған жұлдыздар шоғыры – “Құс жолы”, – деп Аскеп тәте сұқ саусағын созып көрсетеді, – Ал енді анау, – “Темірқазыққа” байланған “Ақбозат”, “Көкбозат” деген жұлдыздар. Ол “Үркерді” үздіксіз айналып жүреді де, “Жеті қарақшыға” бермейді. Аскеп осылайша аспан туралы өзінің бар білгенін айтады.

Егін орағы басталатын уақытта “2-ші бригада” деп аталатын қос басына көшіп келдік. Қырманшылар мұнда, негізінен, жерден қазылған жеркепе үйлер мен шымнан немесе саман кірпіштен қаланған барақтарда тұрады екен.

Әжемді күнде бір үй қонаққа шақырады. Барымен базар деген емес пе, сол кезде ауыл адамдары дастарқанға, негізінен, тарының талқаны мен бидайдың бөтірін қояды. Кейбір ауқаттылау үйлер ғана қой сояды.

Бірде қырман басында Ерсайын деген баламен таныстым. Кейін білдім, ол бізге ағайын болып келетін Дүйсенбайдың баласы екен, жасы менен кіші. Екеуміз жас талды иіп, садақ жасаймыз. Шидің басына қара май жағып, кім алысқа атады деп өзара жарысқа түсеміз.

Қаладан келгенде екі қармағым бар еді. Біреуін өзім сындырып алдым, біреуін шортан алып кетті. Бұл жақта да балық көп екен. Аулайық десек, қармағымыз жоқ. Ақыры не керек, Ерсайын екеуміз қармақты қолдан жасап алдық. Ақсудың жағасындағы қай жерді қазсаң да, жауын құрттары қаптап жатыр, ирелеңдеп шыға келеді. Оларды темір қалбырға балшық араластырып саламыз. Әйтпесе, өліп қалады. Қармақтың имегіне құртты тірідей сұғып кіргізу керек, сонда балық тез қабады, себебі қимылдамайтын өлген құртқа қанша аш болса да балық жоламайды. Балық та қу, құртты бірден тістемей, қармақтың ұшынан шығарып қойған, қозғалып, қимылдап жатқан құртты құйрығынан тартып көреді де, сөйтіп кейде қармаққа түспей, құртты тартып алып кетеді. Сол үшін сақ отыру керек, балықтың қармақты түрткені, су бетіндегі қалытқы батқанда немесе қармақтың ағаш сабы арқылы дірілдеп білінгенде бірден тартып қалу керек, сонда имиген үшкір сымнан не үшкір шегеден жасалған қармақтың тілшесі балықтың таңдайына кіріп, қадалып қалады.

Кейде күні бойы жағада отырып, ыстықтап кеткенде суға сүңгіп, шомылып та аламыз. Малтуды да тез үйреніп алдым. Тіпті, кейін ауылдың балаларынан озып кететін болдым.

Қыркүйектің басында мектепте оқу басталды. Әжем қолдан сөмке тігіп берген, соған оқулықтарымды, қалам-қарындашымды салып алып, Қызылеңбектің орталығындағы орта мектептің 3-сыныбына бардым. Орталық пен біз тұратын “2-ші бригада” – егін қосының арасы жеті-сегіз шақырымдай жер. Мектепке не өгіз арбамен, не Смағұл деген ақсақалдың түйесімен барамыз. Ал қайтарда уақыт көп, асықпаймыз, арбаның екі жақ жақтауына жайғасқан балалар екі топқа бөлініп алып, ауылға жеткенше айтысады. Айтысқанда құрғақ сөзбен емес, өлең, жаңылтпаш, жұмбақ айтады. Жұмбақтың шешуін таппағандар, болмаса өлеңге өлеңмен немесе жаңылтпашқа жаңылтпашпен жауап бере алмағандар жеңілген болып саналады. Ауыл балаларының өлең, жұмбақ, жаңылтпаш білмейтіндері жоқ екен. Бәрі сайрап тұр. Менің де айтысқым келеді. Бірақ олар мені қатыстырмайды. Топқа кіру үшін не өлеңмен, не жұмбақпен айтысып, не жұмбақтың шешуін айтып отыру керек, ал менде ондай өнер жоқ. Бірде ызам келгені соншалық, көз жасыма ерік бердім. Үйде менің мектептен келуімді күтіп отыратын әжем көзімнің қызарып кеткенін байқап қалса керек: “Біреу тиісті ме, жылағасың ба?”– деді.

Әжеме болған жайды жасырмай айттым. Сонда әжем: “Сен де олардың өлеңін, жұмбағын жаттап ал”, – деп ақылын айтты.

Көп ұзамай балалардың айтып жүрген өлең, жұмбақтарын жатпай-тұрмай жаттап алдым. Жаңағы өлеңдерді күнде айту керек, ол таусылған кезде жалғасын тауып, шумақ қосасың, мен оған әжемді әуре қылатынмын, маған өлең жазып бер деп. Әжем маған ескі, ешкім білмейтін өлеңдерді үйретеді. Содан екі топ жарысып, өлеңдері біткен кезде мен өлеңімді айтып, біздің жақ ұтатын болды. Сондағы сол ауылдың балалары халықтың өлеңдеріне, тақпақ жаттауға өте бір қызығушылықпен қараушы еді. Сөйтіп жүріп, жұмбақ айтқыштардың тобына қосылдым. Әжем бұған кәдімгідей қуанып, өзі айтып отырып, күнде бір ескі өлеңді жаттататын болды.

Ауылдың балалары тек өлеңмен, жұмбақпен ғана айтыса бермейтін, сонымен бірге олар аңыз, әңгіме, ертегіні де майын тамызып айтатын. Осының бәрі бұрын мұндай өнер жарысын көрмеген маған үлкен бір әлемнің есігі ашылғандай әсер етті.

Ол кездегі өмір қызық еді ғой. Ауылда ара-тұра болса да тойлар болады. Бірақ оған ешкім де шақыру күтпейді, естісе болды бара береді. Ол кезде арақ деген мүлдем жоқ. Той тек қана ойын-сауықпен өтеді. “Алты бақан”, “Ақ сүйек”, “Көрші-көрші”, “Хан қалай?” сияқты ұлттық ойындар ойналады.

Күн суыта бастаған қазан айының орта кезі болуы керек, қос басынан Айырық пен Ертістің арасындағы тоғайға көштік. Бұл жердегі үйлер саман кірпіш пен шымнан салыныпты. Мектепке біршама жақындадық деп қуанып қалдық, бәрібір үш шақырымдай жаяу жүреміз. Оның жартысы тоғайдың арасымен өтеді. Тоғайдың ішінде қарағаш, тал-терекке қоса, ұп-ұзын, тіп-тік болып, қолға ұстары жоқ, сидиған үйеңкі ағашы да өседі. Ағаштың жапырақтары әлі түспегендіктен бе, әрі ағаштар жиі, қалың өскендіктен бе, тоғай іші ала көлеңке, бір жағы қорқынышты. Жан-жақтан гуілдеген бимәлім үндер естілгендей, жапырақтар бір-бірімен кейде сыбырласып, кейде уласып-шуласып жатқандай болады. Оның үстіне торғай, сауысқан, тоқылдақтардың ұшқаны, қонғаны, шиқылы мен қиқуы үздіксіз шығып, әсіресе, кешке жақын бойыңды үрей билейді.

– Ол кездері ауылда жоғары білімді мұғалімдер бола да қоймаған шығар, сіздерді кім оқытты?

– 3-сыныпта бізді Қайролла деген мұғалім оқытты. Өте бір мейірімді адам еді. 1942 жылдың мамыр айында көппен бірге әскерге алынып, майданға аттанды да содан оралған жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, 3-сыныпты үздік тамамдап, мақтау грамотасын алдым. Оған қоса мұғаліміміз “Ағайынды Гриммдердің” ертегілер кітабын сыйлады. Бұл мен үшін керемет оқиға болды. Тез оқып шықтым. Бұрын оқыған кітаптарыма қарағанда өзгешелеу көрінді. Мәселен, орыс ертегісінде мұжық бір шортанды ұстап алады да, сол арқылы мұратына, бақытқа жетеді. “Бақ құсын” ұстап алған қазақ та сол сияқты, рақатқа бөлену үшін көп қиналмайды. Сонда бақ деген маған ешбір еңбексіз, кездейсоқ, кенеттен тап болатын нәрсе секілді көрінуші еді. Ал әлгі ағайынды Гриммдер жазған неміс ертегілері сен мұратыңа өзіңнің өнерің, еңбегің арқылы жетесің деген ғажайып уағызды айтып, еріксіз иландырады екен. Сол кітапты жаттап алдым деуіме болады. Бұл кітаптың маңызы мен үшін керемет болды. Қазір ойлап қарасам, халықтың, қазақтың эпостары тамаша ғой, олардың да айтары аз емес, ерлік, әділдік, махаббатты өзек етеді. Бұл махаббат дегеннің өзі сондай керемет нәрсе екенін ұғынасың. Мысалға “Қозы Көрпеш – Баян сұлуды”, “Қыз Жібекті” алайық. Соларды оқи отырып, зұлымдықтың не екенін, жақсылықтың, жамандықтың не екенін түсінесің. Осының өзі жақсы ғой. “Ер Тарғын” эпосы, “Қобыланды батыр” қандай керемет! Солардың ерлігіне тәнті боласың. Шіркін, солардай батыр болсам ғой, мен де елімді, жерімді қорғасам ғой деген ойға берілесің. Сөз жоқ, мұндай дүниелер балаларды елін сүюге тәрбиелейді. “Едігені”, “Қобыландыны” немесе “Ер Тарғынды” оқып отырып, қазақ қандай мықты болған деп ойлайсың, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Мен үшін қазақ – ұлы халық. Мұндай сезім менің бойыма бала кезімде осындай дастандар арқылы дарыған. Дей тұрғанмен, әлгі “Ағайынды Гриммдер” тағы бір жайға көзімді ашты. Бұл кітап нағыз немістің көзқарасын көрсетеді екен. Өзі кішкентай-ақ. Ал айтар ойы терең. Ол кітапты алып қарасаңыз, адам әрбір жетістікке жетуі үшін еңбек етіп, талап қылуы керек. Егер ол талап қылып, еңбек ететін болса, барлығын да жеңеді, қызық-қуанышқа толы бақытты өмір сүреді. Бір мысал келтірейін, жұмыс істеп отырған бір етікшіні шыбындар мазалай береді. Етікші жай отырмайды ғой, қағып қалады. Ол бір қараса, жеті шыбынды өлтірген екен. Содан кейін өзінен-өзі көңілі көтеріліп, белбеуіне “Мен ашулансам, бірден жетеуін өлтіремін” деп жазып алады. Содан жаңағы етікші саяхатқа шығып, талай кереметтер жасайды. Ондай еңбектердің талайы бар. Содан шығаратын түйін, адам еңбектеніп талап қылса, алға қойған мақсаттарына сөзсіз жетеді.

– Ондай сөздерді қазақтың Абайы да айтты ғой.

– Мен де әңгімемді осыған бұрып келе жатырмын. 7-сыныпта Абайдың бір жинағы қолыма түсті. Оның алдында мұғалімдерге “Ғылым таппай мақтанба”, тағы басқа өлеңдерін жатқа айтып беретінмін. Сабаққа керектерін айтып жүріппін, бірақ оның сөздерінің мағынасына терең бойламаппын, түсінбей жүріппін. Әлгі кітапты оқып отырсам, тұнып тұрған ой, ақыл, адамшылықтың өлшемдері – не іздесең соның бәрін табасың. Осыдан кейін маған барлық дүние басқаша көріне бастады.

Кітапқа деген құмарлығым тіпті артты. Оқыған кітаптарымның саны көбейді. Сәбит Мұқановтың 4-сыныпта оқыған “Жұмбақ жалауына”, “Менің мектептеріме”, Н.Островскийдің “Құрыш қалай шынықты” романына, М.Горькийдің әңгімелеріне, “Робинзон Крузо” мен “Граф Монте-Кристоға” Ә.Әбішевтің “Жас түлектер” романы, Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты”, тағы басқа шығармалар қосылды. Әсіресе, маған осы кітаптардың романтикалық жақтары өте ұнайтын.

Сол кездері ауыл ақсақалдары да әңгімеге үйір еді. Әжем де арабтың неше алуан тамаша ертегілерін айтып отыратын. Қазір ойлап отырсам, кітап мені сол кезде үлкен ой-таным дүниесіне қарай жетелеген екен.

1942 жылы мамыр айының басында жаппай әскерге алу басталды. Еркек атаулының бәрі майданға кетті. “Бронь”-ы бар колхоз бастығы Тынышбек секілділермен бірге ауылда бірліжарым мүгедек адамдар ғана қалды. Отбасындағы тірлікке бала-шаға, кемпір мен шал иелік етіп, дала жұмысына кілең әйелдер жегілді. Барлық ауыртпалық әйелдерге түсті. Соқамен жер жыртатын да – әйелдер, егін егетін де, шөп шабатын да, жүк таситын да – әйелдер! Шыны сол, олар аянған жоқ, жағдай қанша ауыр болса да, білектерін сыбанып, ерлерше еңбек етті. Жеңіске әйелдердің қосқан үлесі өлшеусіз. Ол кезде аштықта, соғысқа керекті барлық нәрсені ауылдағы әйелдер жасады. Солардың патриоттығына, адамшылығына, тазалығына әлі күнге таңғаламын. Бірақ сол ерлік тиісті бағасын алмады ғой деймін.

Мұғалімдерді де майданға алғандықтан, мамыр айының басында мектептегі оқу тоқтады.

Әкем де соғысқа кетті. Бұл кезде біз Қызылеңбектің орталығында – әкемнің Дүйсенбай деген ауылдас ағасының үйінде тұрып жаттық. Дүйсенбай да мамыр айының басында майданға алынғанды.

Ауыл қайта көшіп, тоғайға түсті. Әрлі-берлі жүретіндер Ақсудан енді қайықпен өтеді. Тоғайға келген соң шешем мен Ерсайынның шешесі Сәлиман екеуіне мая үю тапсырылды. Анам Бағытай көксоқпен жұмысы жоқ, қанағатшыл, біреуді жамандауды, өсек-аяңды білмейтін, еңбекқор жан еді. Қысы-жазы суды иінағашпен Ертістен өзі таситын. Кейін студент болған балалары оқудан, қызметтегілері жаздыгүні демалыс алып қыдырып келгенде төбесі көкке жеткендей қуанып, көрші-қолаңды шақырып, бауырсағын пісіріп, етін асып, бір мәз болып қалатын. Бауырсақ, құрт, талқанын жақын-жуықтары мен ауыл балаларына да үлестіріп беретін. Әжем үйде немерелерге қарайды.

– Соғыс елімізге зор ауыртпалықтар әкелгенін қазіргі жастар білмейді. Осы арада сол кездегі ауыл тұрмысы, өздеріңіз бастан кешкен жайларға кеңірек тоқталсаңыз.

– Айтып отырмын ғой, менің балалық шағым соғыспен тұспа-тұс келді. Бала болып ойнамадық десем де болады. Қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан заман. Киімді былай қойғанда, тойынып тамақ та ішкен жоқпыз. Жалғыз біз ғана емес, жұрттың бәрі сондай күй кешті.

Соғыс бізді ерте есейтті, бала болсақ та, бәрін түсінеміз, жағдай қиын, аналарымыз бел шешіп, тізе бүкпейді. Таңертеңнен қара кешке дейін жұмыс, жұмыс. Бірақ оларға еңбекақы төленбейтін, тек колхоз бір айда бір рет өгіз сояды. Содан әр үйге үш килограмнан ет таратып береді, сонда жас сорпаға бір тоямыз. Ал қалған уақытта күнделікті тамағымыз: талқан, бәтір, құрт, шаймен жүрек жалғап жүре береміз.

Аналарымыздың үйге бұрылуға, бізге қарауға шамалары жоқ. Өз еркіміз өзімізде, содан балалар Ертіс тасығанда, ойпаң суда қайырлап қалған жас шортан-шорағайларды ұстайтын болдық. Сөйтіп, ауыл балыққа қарық болды. Шелектеп тасыған соң шорағай қала ма, жарты ай шамасында ол да бітті. Енді не істеу керек? Тағы да қармаққа көштік. Ара-арасында тоғайдың ішінде тұнып тұрған мойыл, қарақат, бүлдіргендерді жеп, қарын тойдырып аламыз. Ол кезде інім Мейірхан төрт жаста, ол да томпаңдап бізден қалғысы келмейді.

Балалардан күні бойы қайда жүрсіңдер деп сұрап, іздеп жатқан бір жан жоқ. Керісінше, қайта балалар тамақ бер деп сұрамаса екен дейтін секілді. Сондықтан ауыл балалары өз тамақтарын өздері тауып, таңертең кеткеннен үйлеріне кешке жақын бір-ақ келеді. Соғыс кезінде әке – майданда, шеше – қара жұмыста, ал балалар болса күн көрудің “өмір мектептерінен” осылайша өтіп жатты.

Біз ауылдың шетінде, тоғайдың жанында тұрдық. Ағаштар үйдің дәл іргесінен басталатын. Оқудан келісімен тамағымды ішемін де, тоғайға кетемін. Ондағы бар жұмысым – қоянға тұзақ құрамын. Бір күні тұзағыма түлкі түсіп қалыпты. Жонында арагідік қара қылшықтары бар, нағыз қырдың қызыл түлкісі. Сол түлкінің терісін шешем: “Жабайханның тұзақпен ұстаған түлкісі”, – деп абдырасының бір бұрышына тығып қойып, бертінге дейін сақтап келді.

Абай өлеңдерінің әсері болуы керек, 7-сыныптан бастап ақындыққа бет бұрдым. Содан орта мектепті бітіргенше дүрілдетіп өлең жазумен болдым. Тіпті, өзімнен үлкен жігіттердің сұрауы бойынша қыздарына өлең жазып беріп жүрдім.

Сол кездің адамдары өзгеше еді-ау! Адам болғанда соғыстан жараланып келген мүгедектер, жесір әйелдер, таяққа сүйенген шалдар ғой негізінен. Солардың көңілінде бір кіршік болмады десем, өтірік емес. Өте мейірімді, қажет болса бір үзім нанын бөліп береді. Әйтеуір, құдайға қараған жандар көбейді. Қазір сол кезде жауды солардың ниеті түзу болғандықтан жеңдік деп ойлаймын. Менің өмірде дұрыс жолды таңдауыма осындай ортада өскендігімнің көп пайдасы тигені сөзсіз. Алтын-күмістің тас екенін, арпа-бидайдың ас екенін үлкен де, кіші де қатты сезінген кез болды ғой. Әскерге керек дегенде қолдарындағы алтын білезіктерін, сақиналарын, құлағындағы сырғаларын шешіп бергендерді көзіміз көрді. Ол кезде бір ғана мақсат болды – қайткенде де жауды жеңу. Қыздар жігіттеріне хат жазса да жаудың белін үзіп келіңдер деп жазатын еді. Ал жігіттер мен бәлен жасадым, түген істедім, командир мені мақтады дейтін болса, сол отбасында үлкен қуаныш болатын. Менің балам солай істепті деп көңілдері көтеріліп жүретін. Мен ойлаймын, сол соғыста жауды жеңуде, мүмкін, техниканың да, саясаттың да көмегі болған шығар. Бірақ менің ойымша, ең басты күш жауға деген кек болды. Былай ойлап қарасаң, Гитлер әрбір кеңес адамының ата жауы болды. Тіпті, үйден ұзап шықпайтын кемпірлердің өздері сол Гитлерді жеке жауы санайтын, қарғап-сілеп отыратын.

Мейірхан екеуміз әжемнің қойнында жатамыз. Екі баласы әскерде. Сонда әлгі кісі ұлдарының тілеуін тілеп, түн баласына көз ілмейді. “О, Алла, Гитлердің желкесін қия гөр!” – деп күбірлеп жатады. Соғыста қанша адамның туыстары мерт болды. “Қарақағаз” біздің үйді де орап өткен жоқ. Бірде есік алдында ойнап жүргем, ауылдың бір топ ақсақалдары біздің үйге қарай беттеп келе жатыр екен. Бала болсам да, олардың неге келе жатқанын ішім сезе қойды. Жүгіріп үйге кіріп кеттім. Себебі, осы ауылдың беделді ақсақалдары “қарақағаздың” жаманатын естірту үшін ғана осылай жиналып баратын. Әжем де кіріп келе жатқан адамдарды көрген сәтте көзі жасаурап: “Мұқаметжаным аман ба екен?!” – деп еңіреп қоя берді. Сонда бастап келген ақсақал: “Алланың жазғанына не шара?” – деп Мұқаметжанның қаза тапқанын естіртті. Әжем үйді басына көтере жоқтау айтты. Зарлы дауысы сай-сүйекті сырқыратады, шыдай алмай далаға шығып кеттім.

Әңгімелескен

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.

(Жалғасы бар).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp