Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканың нақты секторын қаржыландыру мәселесі қаралды. Онда экономикалық өсудің қарқынын барынша арттыру мақсатымен Үкімет нақты секторды қаржыландыруды едәуір ұлғайтып жатқаны айтылды.
Кепілдік беру қоры құрылады
Биыл Үкімет «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн. теңгеге ұлғайтады. Бұл шара холдингке 8 трлн. теңгеге тең жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Бұл инвестиция елдегі жаңа жобаларды жасауға бағытталады. Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің өндіріс қуаты ұлғайып, өнімділігі жоғары жаңа жұмыс орындары құрылады. Бизнесті қолдауға «Бәйтерек» тарапынан қаржыландыру көлемін ұлғайтумен қатар қаржыландырудың жаңа құралдары енгізіледі. «Бизнес үшін несиеге кепілдік беру елде де, басқа елдерде де тиімді тәжірибе ретінде танылды. Сондықтан 2 кепілдік беру қоры құрылады. Бірі шағын және орта бизнеске кепілдік береді. Сондай-ақ несиеге кепілдік беру мен пайыздық мөлшерді субсидиялау көлемі ұлғаяды. Биылдың өзінде 1,7 трлн. теңгеге 30 мыңға жуық ШОБ жобасына қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар ірі бизнестің кредитіне кепілдік беруге де жаңа қор құрылады», – деді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, ірі бизнеске арналған кепілдік беру қоры ірі және стратегиялық маңызды жобаларды қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Бұл ірі бизнес санының көбеюіне әсер етеді. Оған қоса Үкімет елдің көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін қарыз алуға да мемлекеттік кепілдік береді.
«Бәйтерекке» жыл сайын 1 трлн. теңге қажет
Үкімет биыл ішкі жалпы өнімді 7 пайызға дейін ұлғайту міндетін іске асыруға «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның 2027 жылға қарай қаржыландыру көлемін 10 трлн. теңгеге дейін арттырып, кәсіпкерлікті қолдауға, негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыруға шамамен 8 трлн. теңге бағыттауды жоспарлаған. Осы мақсат үшін холдингті жыл сайын 1 трлн. теңгеге капиталдандыру қажет. Түпкі қарыз алушыларға сыйақы мөлшерін 12,6 пайыз деңгейінде теңестіру жолымен бизнесті ынталандыру жүзеге асырылмақ. Бүгінде холдингтің келешегі зор жобаларының құны 25 трлн. теңгеден асып отыр. Сұралған қаржыландыру сомасы – 10 трлн. теңге.
Жол саласындағы жобалар қаржыландырылады
Биыл 13 мың шақырым жол жөнделеді. 9 мың 500 км.-ге арналған жобаларға қаржы бар. Қалған 3 мың 600 шақырымды қаржыландыру мәселесі халықаралық қаржы институттарымен пысықталып жатыр. Бұл – «Жезқазған – Қарағанды», «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Атырау – Доссор» жаңа жобалары, Сарыағаш, Рудный және Қызылорда қалаларының айналма жолдары, оған қоса жалпы ұзындығы 3 мың 600 шақырымды қамтитын жөндеу жұмыстары. «Қазір Халықаралық қаржы институттарымен осы жобаларды қаржыландыру туралы келісімге қол жетті. Әрбір жобаға Координациялық кеңес шешімімен қаржыландыру көздері анықталды. Техникалық-экномикалық негіздемелер әзірленді. Халықаралық қаржы институттарының шарттарына сәйкес, мердігер ұйымдарды анықтауға байқау рәсімдері жүргізілуде. Құрылыс жұмысына отандық мердігер компанияларды тарту мақсатында Халықаралық қаржы институттары тендерлік талаптарды қайта қарап, біздің компанияларға қатысу барысында преференциялар беруді қарастырды», – деді Көлік министрі Марат Қарабаев.
Өңдеу өнеркәсібіне – 1,1 трлн. теңге
Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібінің өсу үрдісін «бекітуді» тапсырды. Өңдеу өнеркәсібін дамытуға осы жылы 1,5 трлн. теңгеге 190 жоба енгізіледі. Сонымен қатар жалпы құны 15,3 трлн. теңге болатын 417 жоба бойынша жұмыс басталды. Оны қаржыландыру жеке инвестиция, екінші деңгейлі банк және даму институттары есебінен көзделіп отыр. «Қазір 1,1 трлн. теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру пысықталуда. Қазақстан Даму банкінде ірі жобаларды іске асыруға қажеттілік 183 млрд. теңгеден астам соманы құрайды. «Өнеркәсіпті дамыту қорына» – орта және шағын жобаларды іске асыруға 800 млрд. теңге қажет. Соның ішінде биыл шағын бизнес тарапынан ерекше сұранысқа ие шағын өнеркәсіптік аймақтарды қаржыландыруға шамамен 100 млрд. теңгеге қажеттілік қалыптасты», – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағасбаев. Жеңіл несиенің мүмкіндігі мол.
Былтыр жылдық 5 пайызбен жеңіл кредиттің енгізілуі – шаруаларға алғаш рет қажетті тауарлық-материалдық құндылықтарды толық көлемде сатып алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 5,8 млн. га немесе жалпы егіс алқабының 25 пайызы қамтылды, 4300 отандық ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Жеңіл лизинг бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында өткен жылы ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту 5,5 пайызды құрады. Көктемгі егіс жұмысына арналған қарыз сомасының 85 пайызын кепілдендіру бағдарламасын енгізу есебінен – кепілдік базасы жеткіліксіз фермерлерге жеңіл кредит алуға қолжетімдік кеңейді. «Көктемгі егіс жұмысына жеңіл несие көлемі 700 млрд. теңгені құрайды. Фермерлер субсидиясыз таза 5 пайызбен жеңіл кредиттер алуда. Бүгінде 206 млрд. теңгеге 1,8 мыңнан астам шаруашылық қаржыландырылды», – деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
(«Egemen Qazaqstan», 5 наурыз 2025 жыл).