«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРМЕН БІРГЕ ӨРКЕНДЕГЕН ЗАУЫТ

Желдей жүйткіген уақытта тоқтау жоқ. Еңбекпен өрілген жылдар бір күндей өтіп жатыр. Бүгінде бәрі өзгерген. Адам да, заманның тыныс-тіршілігі де басқа. Жадымызда сақталар естелік көп. Айтылар ой да аз емес. Тарихы 1936 жылдан басталған облыстың өткені мен бүгіні біздерге жақсы таныс. Ал облыстың қалыптасуы мен даму жолында С.М. Киров зауытының алатын орны ерекше.

Облыс экономикасында біздің кәсіпорынның қандай рөл атқарғанын айтпас бұрын алдымен оның тарихына тоқталғаным жөн болар. С.М. Киров атындағы зауыттың тарихы Мәскеу қаласымен тығыз байланысты. Халық комиссарлар кеңесінің шешімімен 1928 жылдың 20 қарашасында Мәскеуде радиомонтаж шеберханалары құрылды. Біздің зауытымыздың алғашқы қазығы Ресейдің астанасында қағылды десем, артық айтқаным емес. Ең алғаш құрылған радиомонтаж шеберханалары техникалық байланыс құрылғыларын жөндеумен айналысса, кейін жаңа байланыс жүйесін жетілдіруді қолға алды. Ал 1930 жылы алғаш рет “Қазақстан” дейтін радио-хабар тарату құралы жасалып шығарылды. Бұл шеберханалардың жұмысын жандандыру үшін өндірістік базаның қажеттілігі туды. Сондықтан радиомонтаж шеберханалары 1930 жылы Мәскеу түбіндегі Александров қаласына көшірілді. Бұл қаладан орын алған зауыт үшін бос орын да, адамдар саны да, цех ғимараты да жеткілікті болатын. Кадрлармен толығып, жұмысы әжептәуір алға басқан кәсіпорын радиоаппараттар шығара бастады. Біздің мұражайымызда әлі күнге дейін сол кезде жасалып шығарылған алғашқы радиоаппараттардың бірнеше түрі сақтаулы.  

Кеңес өкіметі тұсында біздің зауытымыз алдыңғы орында болғанын да ерекше мақтанышпен айтып өтуге болады. Кейін Ұлы Отан соғысы басталғанда зауыт кеңес өкіметі әскеріне қажетті құралдар шығара бастады. 1941 жылы фашистерден қауіп төнгендіктен, Мәскеудің Қорғаныс комитеті кәсіпорынды Петропавл қаласына көшіру жөнінде шешім қабылдады. Эшелонға артылған барлық құрал-жабдықтармен александрлық 400 тұрғын Қазақстанның солтүстігіне қоныс аударды.

Ол кезде Петропавл шағын ғана қала болатын. Өнеркәсіп саласы да айтарлықтай дамымағандықтан, зауытта жұмыс істейтін мамандар тапшылығы анық сезілді. Тіпті, зауытты қоныстандыруда да қиындықтар туындады. Кәсіпорын ыңғайына қарай кейбір ғимараттар босатылып берілді. Эшелонмен келген 400 маманға үй тауып, оларды орналастыру да оңай болмады. Жергілікті тұрғындардың түсіністігінің арқасында бұл мәселе өз шешімін тапты. Өндіріс алаңдары да болмаған. Электрмен жабдықтау құрылғысының жетіспеушілігінен дизельді генератор орнатылып, станоктар іске қосылды. Екі айдан кейін зауыт ұрыс даласына ең алғашқы өнімін жөнелтті. Сондықтан бұл зауыт облыс экономикасына ғана емес, Ұлы Отан соғысы жылдарында да майдангерлер үшін аз еңбек сіңірген жоқ. Кадр тапшылығына байланысты жас қыздар мен 15-16 жастағы бозбалалар жұмысқа тартылды. Өйткені, ер-азаматтардың дені – әскер қатарында. Жұмысшы мамандықтарынан хабар-ошары жоқ адамдар үшін арнайы курстар ашылып, негізгі мамандықтар оқытылды.

Соғысқа қажетті байланыс құралдары мен снарядтар, автомат бөлшектері шығарылды. Сол тұста зауытта 2 мыңға жуық адам жұмыс істеген екен. Жұмысшылар барлық қиындықтарға төзіп, жеңіс үшін еңбек етті. Қалада өткізілетін қоғамдық жұмыстарға да қатысып, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бір адамдай жұмылды.

Соғыс аяқталған соң зауытқа бұрынғы әскерилер келе бастады. Бүгінгі таңда зауытқа еңбегі сіңген Ұлы Отан соғысының 3 ардагері мен 400 александрлықтың тек үшеуі ғана қалды.

1950-ші жылға қарай өндіріс алаңы жақсы қарқынмен жұмыс істеді. Әрине, соғыстан кейінгі елдің жағдайы қандай болғаны айтпаса да түсінікті. Ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін көтеру мақсатында төгілген тер аз емес. Жұмысшыларға жігер берген Жеңіс зауыт өміріне жаңа леп әкелді. Әсіресе, 1961-1987 жылдар аралығында кәсіпорынға басшылық еткен Митхад Сүтішевтің сіңірген еңбегі көп. Оның басқаруымен С.М.Киров зауытында қосымша ғимараттар салынып, цехтар ашылды. 1979 жылы зауытқа “Құрмет белгісі” ордені берілді. Бұл да облыстың тарихында ерекше орын алатын жарқын оқиғалардың бірі деп білемін. Үздік кәсіпорындардың бірі ретінде жұмысшылар қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысты. Көркемөнерпаздар үйірмесі мен “Арай” ансамблі құрылды. Инфрақұрылым дамып, жаңа технологиялар игеріле бастады. Шығарылған өнімдердің 99 пайызы Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша жасалды. “Қазақстан”, “Ишим” деп аталатын радиоқұрылғылар шығарылды. Зауытта құрылым бюросы жұмыс істеп, өнімдердің жаңа түрлері құрастырыла бастады. Сондай-ақ, “Шторм” радио қабылдау құралы жасалды.

Зауыт үшін ең қиын кезеңдер ел егемендігін алған тұста орнады. 1998-2003 жылдар аралығында кәсіпорынға басшылық еткен Геннадий Лукашевич жұмыстың ыстығына күйіп, суығына төзді десем, артық айтқаным емес. Жұмыс жоқ, қысқартулар көп. Кәсіпорын шығыны да шаш етектен еді. Мен аталмыш зауытқа 1969 жылы жұмысқа орналастым. Сондықтан қандай қиындықтар болғанын жақсы білемін. Үкіметке салық, жұмыскерлерге жалақы төлеуде күрмеуі қиын мәселе туындады. Бірақ бүгінде бәрі артта қалды.

Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан соң зауыт акционерлік қоғам болып құрылды. Нарықтың бейімдеуімен ауыл шаруашылығы, энергетика саласы мен мұнайшылар, теміржолшылар үшін қажет құралдар шығара бастадық. Мұнай, темір жол саласы мамандарымен келіссөздер жүргізіп, зауыттағы конструкторлық бюроның көмегімен сұранысты қамтамасыз ететін заттар жасалды. 2003 жылы Марат Әбілмәжінов зауыттың бас директоры болып тағайындалды. Оның іскерлік қабілетінің, бай тәжірибесінің арқасында кәсіпорын ерекше қарқынмен дамыды. Уақытша туындаған қиындықтарды өзінің қарым-қабілетімен еңсере алған білікті басшы зауыттың экономикалық әлеуетін көтеруге ұмтылды. Бүгінгі күнге дейін жанын сала жұмыс істеп келе жатқан Марат Мұқанұлы кәсіпорынды өз биігіне көтерді. Осы орайда өз ісінің үздіктері де біздің зауыттан шыққанын мақтанышпен айтқым келеді. Еткен еңбек ескерусіз қалмайды. Марат Әбілмәжінов пен зауыттың өндірістік басшысы Виктор Сизиков “Құрмет” орденімен марапатталды. Сондықтан кәсіпорында жылдар бойы үздіксіз қызмет атқарған аға буын өкілдерінің орны ерекше. Олардың барлығы да “С.М. Киров атындағы зауыт” АҚ-ның атын шығарып, облыстың экономикалық әлеуетін көтеруге аянбай еңбек етті.

Кадр тапшылығы болса, кез келген салада қиындық туындайды. Өйткені, жұмыс күші кадрға байланысты. Ұжымда дені аға буын өкілдері жұмыс істейтін еді. Ал кейбір білімді жастардың басқа салаларға ауысып, жұмыстан кетіп қалуы біздерге қиындық келтіргені рас. Сондықтан облыс орталығында техникалық мамандықтарда оқитын М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттерін жұмысқа тарттық. Бүгінде зауыттың бас инженері Евгений Белоусов, сервистік қызметті басқаратын Николай Кожемякин сол кезде жұмысқа тұрған жас мамандардың алғашқы легі болатын. Зауыт директоры Марат Мұқанұлы жас мамандардың тұрақты жұмыс істеуі үшін жалақыны көтеріп, барынша жағдай жасады.

Қазір зауытта 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Орташа жалақы – 129 мың теңге. Бүгінде Ресейдегі Томск, Санкт-Петербург, Мәскеу, Ижев, Воронеж зауыттарымен әріптестік байланысымыз жақсы. Зауыттың экономикалық ахуалы жақсарса, Үкіметке де “сыбаға” молынан тиеді. Өндіріс көлемі артқан сайын, мемлекетке түсетін салық та көп болады. Сондықтан 88 жылдық тарихы бар С. М. Киров зауытының облыс экономикасын жақсартуға қосқан үлесі айтарлықтай.

Соңғы жылдары кәсіпорын темір жол автоматикасына, телемеханикасына және байланысқа қажетті аспаптар мен құрылғылар, Қазақстан Республикасының энергетикасы мен мұнай кешендері үшін жабдықтар мен құралдар шығаруға бағыт ұстап отыр.

Біз қай кезде болса да, өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ерекше назар аударамыз. 2011 жылы өндірістік цехтың бір ғимараты босатылып, баспанасы жоқ зауыт жұмысшылары үшін қайта жабдықталып, жатақхана ретінде пайдалануға берілді. Қазір онда шамамен 180-дей адам тұрады. Республикалық байқауларда “Алтын сапа”, “Қазақстанның үздік тауары” және “Парыз” аталымдары бойынша алған дипломдарымыз да облысымыздың беделін айғақтайды.

Қаржылық мүмкіндіктерімізге орай жыл сайын цехтарды заманауи құралдармен жабдықтауға да ерекше басымдық берілуде. Осы орайда Үкімет тарапынан да нақты қолдау барын да ерекше айтып өткім келеді. 2012 жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 80 миллион теңгеге өндіріске қажетті құралдар сатып алдық. Сондай-ақ, 2015 жылы цехты заманауи техникалармен қамтамасыз ету үшін 206 миллион теңге жұмсалды. Ал біздің зауытымыз үшін 2013 жыл сәтті болды. Бірақ былтыр дағдарыс салдарынан өндіріс көлемі біршама азайды. Әйтсе де, өңірдің беткеұстар кәсіпорындарының бірі ретінде тұғырдан түспей, көтерілген биіктен құлдырамау үшін табысты жұмыс істеуге зауыт еңбеккерлері ынталы. Ол үшін мұнда жұмыс істейтін адамдардың әлеуеті мен бай тәжірибесі жеткілікті.

Виталий БЕСКОРОВАЙНЫЙ,

“С.М. Киров атындағы зауыт” АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp