Құшағы кең қазақ елі көптеген этнос өкілдерін бауырына тартты. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі этностардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі болса, олардың қазақ тілін меңгеруге ден қоюы – басты жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Осындай қазақ тілін жетік меңгерген өзге этнос өкілдерінің бірі – Марина Писаренко.
Бүгінгі таңда Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығында қызмет етіп жүрген полиция лейтенанты Марина Владимировна – Есіл ауданындағы Заградовка ауылының тумасы. Он бір жыл бойы мектепте орысша білім алған бойжеткеннің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлнәр Бейсенова оятқан екен. “Қазақ тілін меңгерсем” деген бала кездегі қызығушылығы әлі де толастамаған. Орта мектепті тамамдап, Алматыдағы ішкі істер академиясына оқуға түскен кезде қазақ тілін жетілдіре түскен. Себебі, академияда қазақ тілінде білім алғандардың саны басым болыпты.
– Мен сол кезде тілдік орта пайда болғанына қуандым. Курстастарымның дені Оңтүстік Қазақстан облыстарының тумалары еді. Олармен аралас-құралас жүріп, төрт жыл білім алған кезде тілдік қорымды біршама байыттым. Түрлі байқауларға қатысып, академияның намысын қорғап жүрдім. Қазір де қазақ тілін білетіндігім жұмысымды сапалы атқаруға септігін тигізіп отыр. Себебі, елімізде қазақтілділердің саны артып келеді, – дейді ол.
Марина отбасында қазақша сөйлейтін жалғыз жан емес. Әпкесі Татьяна мен сіңлісі Ольга да қазақ тілінде ойларын жеткізе алады. Ал ата-анасы Владимир Иванович пен Нина Алексеевна қыздарының қазақ тіліне деген қызығушылығын құптап, қолдау танытқан. Себебі, олар қазақ жерін мәңгілік Отаны деп есептейді.
– Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі қажет. Сол себепті қазақша сөйлейтін өзге этнос өкілдеріне таңырқаудың қажеті шамалы, – деген Марина Владимировна қазақ тілін кітап оқу арқылы игеремін дейтін жандарға күмәнмен қарайды. Өйткені, қазақтың көркем әрі бай тілін тек кітап оқып меңгеру мүмкін емес. Ол үшін қазақ тілінде еркін сөйлейтін қазақы орта керек екендігін айтады. Айналасындағылармен тек қазақ тілінде қарым-қатынас орнатқанда ғана меңгеруге болады дейтін тәртіп сақшысы мемлекеттік тілде сөйлесуге ниет танытқандармен Абайдың тілінде қуана-қуана әңгімелеседі.
– Өзге елдерде мемлекеттік тіл мәселесі деген мүлде жоқ. Ал бізде бұл әлі де өзектілігін жойған жоқ. Десек те, қазір жағдай біршама өзгерген сияқты. Телеарналар мен радиоларда қазақ тіліндегі бағдарламалар көбейіп келеді. Ісқағаздарды жүргізу де мемлекеттік тілге көшірілуде. Өзге этнос өкілдері балаларын қазақ мектептеріне беріп жатыр. Бұл көп жайтты аңғартады”, – дейді Марина Писаренко. Оның ендігі арманы – қызметін абыроймен атқарып, қазақ тілін толық меңгеру. Себебі, сөздік қоры бай қазақ тілінің майын тамызып сөйлеу бала кезде көңілге ұялаған арманы екен.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.