«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАЙ БАЙГЕНЖИН – МЕДИЦИНА МАРШАЛЫ

Астана қаласындағы “Ұлттық ғылыми медициналық орталық” акционерлік қоғамы денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері үшін Францияның беделді жүлдесі – Наполеон орденіне ие болды, ал оның бас директоры Абай Байгенжинге “Медицина маршалы” атағы берілді.

– Ғылым саласындағы айтулы жетістіктеріміз үшін 2012 жылы біздің орталыққа алтын “Наполеон медалі” берілген болатын. Бұл алғашқы дәреже еді. Енді Франция мемлекеті біздің еңбегімізді жоғары бағалап, Наполеон орденіне ұсынды. Мұндай сыйлықтарды бұған дейін Швейцария мен Ұлыбританиядан алған едік. Еуропа елдерінің еңбегімізді мойындауы, әрине, қуанышты жайт. Жалпы алғанда, бұл – Қазақстанның медицина саласындағы жетістіктерін мойындау деп білемін, – дейді Абай Қабатайұлы.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің сайтында атап көрсетілгеніндей, Наполеон ордені – экономика, білім және медицина салаларына сіңірген ерекше еңбегі үшін берілетін беделді жүлде. Ол 1801 жылы Наполеон Бонапарттың декреті бойынша тағайындалған екен. Бұл орден 1833 жылы Бен Фурнейроға гидравликалық турбинаны ойлап тапқаны үшін, 1886 жылы Густаво Эйфельге өзі аттас мұнара құрылысы үшін, ал 1873 жылы Луи Пастерге өз есімімен аталған ферменттеу үрдісін ойлап тапқаны үшін табыс етіліпті.

Аталмыш жүлдеге бертінде ие болғандардың қатарында “Мишлен”, “Пежо”, “Дассо”, “Матра”, “Рено” сияқты әлемге әйгілі компаниялардың басшылары бар.  

Осы орайда “Медицина маршалы” атанған Абай Байгенжин біздің жерлесіміз екендігін айта кеткен жөн. Ол Айыртау ауданындағы Ботай ауылында 1947 жылғы 27 ақпанда дүниеге келген. 1970 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын бітіргеннен кейін денсаулық сақтау саласында түрлі жауапты қызметтер атқарған. Атақты “Алатау” санаторийінің бас дәрігері, Алматы өңірлік диагностикалық орталығының директоры, Астана қаласындағы республикалық клиникалық аурухананың директоры болған. 2004 жылғы қаңтардан бері Ұлттық ғылыми медициналық орталығын абыроймен басқарып келеді.

Абай Байгенжин – медицина ғылымдарының докторы, профессор, денсаулық сақтау ісінің жоғары санатты ұйымдастырушы-дәрігері. “Халықаралық денсаулық сақтау ісінің шебері”, “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атақтарына ие. Еуропа Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Вена университетінің құрметті профессоры, Еуропаның құрметті ғалымы. 2011 жылы Халықаралық Сократ комитеті оған “Ғылымдағы есім” құрметті атағын беріп, есімін ХХІ ғасырдың аса көрнекті ғалымдарының Дүниежүзілік тізіліміне енгізген және “Әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін” төсбелгісін тапсырған.

Абай Қабатайұлы “Парасат” орденімен, бірнеше халықаралық орденмен және медальмен марапатталған. Төртінші және бесінші шақырылымдардағы Астана қалалық мәслихатының депутаты, “Нұр Отан” партиясы саяси кеңесінің мүшесі әрі Астана қаласындағы Алматы аудандық филиалының төрағасы ретінде қоғамдық қызметпен де белсене айналысып жүр.

Міне, осындай жұлдызы жарқырай жанған жерлесімізді қалай мақтан тұтпасқа?!

Кәрібай МҰСЫРМАН,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp