Мен 1966 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін сырттай оқып бітіріп, тамыз айының 26-күні облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетіне (ол кезде газет “Ленин туы” деп аталатын) жұмыс іздеп келдім. Тамыз айының соңында келген себебім ауылда Баян мектебінде мұғалім болып қызмет істегенмін. Ал мұғалімдерді тамыз конференциясы өтпейінше жұмыстан босатпайтын. Мұнда таныс жігіттер бар, әуелі соларға кіріп, ақылдасайын деп шештім. Ең алдымен Дүйсенбі Әуелбековке жолықтым. Ол кісі жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін зайыбы Халима екеуі біздің ауылға, яғни Жамбыл ауданы (ол кезде Преснов ауданы) Баян орта мектебіне келіп, қызметке орналасқан еді. Дүйсенбі – қазақ әдебиетінен, ал Халима орыс тілінен жоғары сыныптарға сабақ берді.
Бөлме өте үлкен екен. Мұнда ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік және құрылыс бөлімдерінің қызметкерлері орналасыпты. Мән-жайды естіп-білген Дүкең бұрынғысынша қасын керіп, дәмдеп сөйлейтін әдетімен:
– Әй, қайдам, штат толық қой, қызметке ала қоя ма екен, – деп күдігін білдірді. Бөлмеде отырған басқа жігіттер жамырай:
– Редакторға кіріп көрсін де, мүмкін алып қалар, – деп маған қолдау білдірді.
Сөйтіп, әрі-сәрі болып отырғанымызда бөлмеге Сабыр Сауытбаев келіп кіреді. Ол маған туыс, аталас болып келеді. Партия тұрмысы бөлімін басқарады екен. Алдымен Дүкеңе кірген себебім, әрі жасы үлкен, бұрынғы ұстазым болғандықтан және әр жақта өсіп-өніп, бұрын араласпаған туысымнан гөрі жақын көргенім еді.
– Ой, Мұрат, қайдан жүрсің? – деп Сабыр маған жабыса кетті.
– Университет бітіріпті, қызмет іздеп келіп отыр, – деп Дүкең мән-жайды түсіндірді және манағы өзі айтқан күдігін де ескертті.
– Жүр, кеттік, редакторға кіреміз, – деп Сабыр мені жетектей жөнелді.
Редакторға кірдік. Редактор еңсегей денелі, ақбурыл сирек шашын жатық етіп желкеге қарай қайырған, беті бұжырлау, көзі өткір, елулер шамасындағы азамат екен. Келген жағдайымды Сабыр баяндап берген соң, ол кісі сәл ойланып қалды. Сонсоң: – Жарайды, қазір жігіттерді жинайық, ақылдасайық, – деді.
Қызметкерлер түгел редактордың бөлмесіне жиналды. Дағарадай бөлме іші әп-сәтте кісілерге толып кетті. Редактор жиналғандарға мені таныстырып, мән-жайды баяндады.
– Бұл жігіттің өзі тұрған “Баян” ауылының озат еңбеккерлері туралы жазған талай мақалалары газетте шыққан. Қызметке алынса үйреніп, қаламы ұшталып кетеді ғой, – деп Дүкең сөз бастады.
– Иә газетке атсалысып жүреді. Соңғы жылдары 5-6 өлеңі жарық көрген, – деп Бақыт Мұстафин қостай жөнелді. Тіпті егер… жазған кездері болған, бірақ алды… деп сөзінің соңын жұтып қойды.
– Ал ендеше сол авторымыз оқу бітіріп, жұмыс сұрап өзі келіп отыр. Өз облысымыздың азаматы екен, штат толық болса да қызметке алайық, кішігірім жалақы тауып берерміз, – деп редактор жиынды қорытындылады.
Коридорға шықтық. Танитын да танымайтын да жігіттер қаумалап, қолымды қысып, құттықтап жатыр. Сөйтіп тұрғанымызда бір бөлмеден Дәмелі шыға келді. Көзіме оттай басылды. Өйткені Дәмеліні жақсы танимын, елуінші жылдардың соңында ағасы Ақпан “Баян” ұжымшарына бас есепші болып қызметке келген. Дәмелі сонда ағасының отбасымен бізге келіп, Баян орта мектебінде оқыған еді. Бірақ бір-екі жылдан соң олар қайтадан көшіп кеткен. “Тағы бір танысым бар екен ғой” деп, қуанып қалдым. Бақсам, Дәмелі мұнда машинистка болып істейді екен. Бақыт екеуі осында жүріп танысып, отау құрыпты.
Сабыр мені өз бөлмесіне алып барды. Мұнда партия тұрмысы және мәдениет бөлімінің қызметкерлері отырады екен. Біраз әңгіме өрбіді. Көбінесе маған газеттің жұмысын түсіндіріп, өзім баратын өнеркәсіп, көлік және құрылыс бөлімінің жұмысы ауыр екенін баса ескертті.
– Біраз өлеңдеріңді газетке жариялағанбыз. Бір-екі өлеңіңді көркемдік дәрежесі жетіспеген соң пайдалана алмадық. Ол жөнінде өзіңе кемшіліктерін атап көрсетіп, хат жазып жібергенмін, алған шығарсың, – деп Бақыт әңгімеге араласты (сол хаттар әлі күнге дейін менде сақтаулы).
– Иә, алғанмын, рақмет, – дедім мен сыпайылық танытып.
– Неғылған рақмет, егер өлеңдеріңді жарияламаса, – деп отырған жұрт ду күлді. Сөйтіп, редакцияның жанға тынымсыз, қым қуыт жұмысы басталып кетті.
Мен қызмет барысында Сабыр мен Бақытқа жақын жүрдім. Өйткені ол кезде редакцияның көптеген қызметкерлерінің жасы елулерді еңсеріп қалған еді. Ал ол екеуі менен 1-2 жас қана үлкен еді. Бақыт менен бір жас төрт айдай ғана үлкен болатын.
Бақыт қыз мінезді, жұмсақ, ұяңдау азамат болатын. Адамдармен биязы, мәдениетті түрде сөйлесетін. Ол жылдары ай сайын газетте “Әдебиет беті” жарық көретін. Онда жергілікті авторлардың әңгімелері мен өлеңдері жарияланатын. Әрине, олардың бәрі бірдей газетке жариялауға келмейтін. Көбісін Бақыт “қырлап сырлап” тап-тұйнақтай әңгіме, өлең қылып газетке жариялайтын.
Шыны керек, мен Бақыт жазған дүниелерді асыға күтіп жүретінмін. Өйткені ол жазған әрбір мақала, очерк тұшымды, көркем, кестелі сөз орамдарымен өрнектелген тамаша дүниелер болатын.
Ол тума очеркист еді. Кезінде Социалистік Еңбек Ерлері тігінші Сәруар Байсарина, құрылысшы Хайни-Жамал Мусина, механизатор Құрманғали Сұрағанов, бригадир Молдай Байтөсев және басқалары туралы жазған очерктерді жұртшылық жылы қабылдаған болатын. Оның әрбір туындысын қайта-қайта оқып, сөз саптау, оқиғаны өрбіту, шығармадағы кейіпкердің болмысын шебер ашып көрсету сияқты қасиеттерінен үлгі алатынмын.
Қай салада болмасын білікті маман қызмет сатысында тез көтеріледі ғой. Бақыт та жауапты хатшы, редактордың бірінші орынбасары, қызметтерін абыроймен атқарып, ақырында редактор болды. Оның редакторлық қызметінің соңғы жылдары тоқсаныншы жылдардың басындағы бұрынғы одақ тарап, шаруаның шатқаяқтанып, ел-жұрттың күйзелген шағына тап келді. Күнкөріс қиындады. Тіпті газетке жазарлықтай дүние қалмағандай еді. Қайда барсаң да қысқарып, немесе жабылып жатқан ұжымдарға кездесесің. Мәселен, сол тұста менің жалақым 6 мың теңге болды. Ондай сомаға отбасын асырауға болатын ба еді. Енді газет бұрынғыдай күн сайын емес, аптасына 3 рет шығатын болды. Ал сол нөмірлердің өзін шығару біздерге қиынға түсті. Өйткені газетке жазатын ештеңе жоқ еді.
Бірде ол бәрімізді жинап алып: “Уақыт болса қиын, жағдайларыңды түсінемін. Олай болса қосымша жұмыс іздеп тауып, ақша табыңдар. Бірақ газеттегі негізгі жұмыстарыңды ақсатпаңдар”, – деді. Осыдан соң қайсыбіріміз қосымша жұмыс іздеп тауып, қиын кездің қысылшаң сәтінен әупірімдеп шығуға тырыстық. Қазір ойлаймын, егер сол кезде Бақыттың орнында басқа біреу редактор болса, қызметкерлеріне мұндай мүмкіндік бермес еді деп.
Уақыт жүйрік. Сөйтіп жүріп, екеуіміз де зейнет демалысына шықтық. Бірақ газет басшылығы зейнеткер болсақ та екеуімізге газетте біраз жыл жұмыс істеуге мүмкіндік жасады. Екеуіміз бір бөлмеде отырып, еңбек еттік. Сырымыз да, мұңымыз да бір болды…
Амал не, тағдырға қарсы тұра алмайсың. Ол жетпіс жылдық мерейтойын өткізуге жиналып жүр еді. Бірақ ол күнге жете алмады. Құдайға да жақсы адамдар керек дейді ғой. Алла енді оған ол дүниенің қызығын берсін деп тілейміз.
Мұрат НҰРМҰҚАНОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.