«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЫЛАЙДЫ ҚАЗАҚҚА ҚАЙТАРҒАН АДАМ

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихшы­лардың «Енді қазақ тарихы қалай жазылуы керек?» деген сұраққа жауап іздей бастауы заңды еді. Жетпіс жыл бойы басым идеология саналған коммунистік наси­хаттың бұғауына шырмалған кәсіби тарихшылардың өзі сенімсіздеу, аңтарылу кезеңін бастан өткізді. Дәл осы кезде Қазақстан Тәуелсіздігі туралы құжат­тарды қабылдауға Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты ретінде белсене қатысқан, әрі сол кезде Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры қызметіндегі академик Ма­наш Қозыбаевтың сөздерінің құны жоғары болатын.

Манаш Қабашұлының түсінігінше «Тарих – жетістіктерімен ғана емес, ауыр да қатал сабақтарымен зердеде үнемі жатталып, жаңғырып оты­руға тиіс шақтар мен дәуірлердің тізбегі. Тарихи сананы қалып­тастыратын да тарихтың өзі. Еркін, демократиялық қоғам ор­натып, еліміздің қасиетті тари­хы бізді дұрыс құбыланамадан адастырмайтын имантұғыр бо­луға тиіс». Ғалымның өзі айтқан «дұрыс құбыланамадан адастыр­майтын имантұғыр» ретінде Қа­зақстанның тарих ғылымында тарихи зерттеулердің әдістемесі мен жинақталған тарихи білімді қайта бағалау, қазақ халқының этногенезі мен этникалық тари­хы, ұлттық мемлекеттілік пен оның қауіпсіздігі жөнінде көп­теген тарихи мәселелер шешімін тапқанына куәміз.

Қазақ тарихындағы «ақтаң­дақ» аталып, кеңес заманында ғылыми зерттеу тақырыбы ретінде қолға алынбаған есім – ХVІІІ ғасырда өмір сүрген, қа­зақтың ауыз әдебиетінде батыр­лық жырлардың, қызықты аңыз-әфсаналардың кейіпкері ретінде көп сақталған Абылай хан болатын. Абылайдың есімін ауызға алудың өзі ескішілдік, керітартпа, хандық дәуірді, қа­раңғылық дәуірді аңсағандық болып саналатын. Осындай на­сихаттың салдарынан ұлтымыз­дың соңғы бірнеше ұрпағы Абы­лай ханды ұмыта бастаған еді.

1985 жылдың көктемімен бірге келген тарихи жаңалықтар – «қайта құру», «жариялылық», «пікір жарыстыру» үрдістері көзімізді ашып, шындық аңса­ған тілімізді шығара бастаған сәтте Абылай хан есімін ауызға алған қазақ зиялыларының ал­дыңғы легінен Манаш Қозыбаев көрінгенін айтамыз. Ол Қазақстанның ең басты тарих зерттеу орталығы – ғылым академиясы­ның Шоқан Уәлиханов атында­ғы тарих және этнология инсти­тутының директоры ретінде өзі бас болып, 1990 жылы тамыз айының 2-сі күні Көкшетау қа­ласында Абылай ханның туға­нына 280 жыл толуына байла­нысты ғылыми-теориялық кон­ференция өткізді. Конферен­цияда Абылай ханның өмірі мен қызметі туралы өзі баяндама жасады. Баяндама мәтіні кейін ғалымның «Жауды шаптым ту байлап» деген тақырыппен шыққан жинағында басылды. «Ел басына күн туған кезде қазақ елінің ханзадалары тақта емес, ұрыс алаңында сынға түсті. Ха­лықтың ары мен намысын қор­ғар ер, күрес стратегиясын бол­жар көреген, тұрмыс қаракетін, көңіл күйін айтпай білетін қа­жырлы қайраткер ғана сүргелең де дүрбелең, от-жалынды, да­былды да дауылды кезеңнің сы­нынан өте алады», – деді ғалым.

Бұрын ауыз әдебиетінде ғана айтылатын Абылай есімді қазақтың ардақты азама­тының саяси портретін халқына, ұрпағына тұңғыш рет ғылыми тілде, ғылыми ортаға қолмен нұсқап, көзге көрсетіп берген Манаш Қабашұлы болатын. Осыдан бастап «абылайтану» қа­зақ тарих ғылымының айбынды да ардақты саласына айналды. Бірақ Абылай туралы ой қорыту, бағалы еңбектер жазу оңай емес, Ғылым «инемен құдық қазған­дай» қиын екені рас болса, абы­лайтанудың да өз қиындықтары жетеді. Ол туралы Манаш Қа­башұлы былай деді: «Абылай хан тұлғасы жалаң, жадағай идеоло­гияландырылған схемаға сый­майды. Ол – өте алып та, тұң­ғиықтай терең тұлға. Оны ту­дырған оның сол ғажайып қиындықтарға толы заманасы».

Манаш Қабашұлы белгілі ға­лым В.В.Бартольдтың «История турецко-монгольских народов» атты еңбегіндегі Абылай хан ту­ралы «… самым могуществен­ным из ханов ХVІІІ века был хан Средней орды Аблай (1871- 1781», – дегенін келтіре отырып, сонымен қатар бұл зерттеушінің ұлы хан туралы келтірген теріс пікірлеріне өзінің қосылмай­тындығын айтады.

1991 жылдың 2 тамызында «Абылай хан» деген тақырыппен республикамыздың бас басылы­мы – «Егеменді Қазақстан» га­зетінде «Абылай ханның туғаны­на 280 жыл толуына» деген ай­дармен жарық көрген «Абылай хан» атты мақала хат танитын қазақты елең еткізді. Авторы Манаш Қозыбаев еді. Сол күні қазақтың екінші газеті «Ле­ниншіл жас»-тың бетінде де бір бетті толық жапқан «Абылай хан» деген мақала басылды. Бұл мақаланың авторы – Қазақ КСР еңбек сіңірген халық ағарту қыз­меткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанұзақ Қасымбаев. Бір күнде екі газетте жарыса шыққан екі мақала да, қазақ тарихын зерттеудің жаңа дәуірі басталғандығының белгісі деп білдік. М.Қозыбаев пен Ж.Қасымбаевтың мақалалары­нан кейін Абылай туралы, ол билік құрған кездегі батырлар мен билер туралы қазақстандық авторлардың мақалалары шыға бастады.

Мен «Абылай хан» деген кі­табым үшін жинаған материал­дарымның бастапқы қолжазба­сын Манаш Қабашұлына көр­сеткенімде, ол: «Міне абылайта­нуды осылай бастау керек. Ежелгі тас ғасыры емес, бас-ая­ғы 300 жылға толмайтын уақыт ішінде Ресей, Қытай, Иран ар­хивтерінде, тіпті Ауғанстанда Абылай хан туралы деректер бо­луға тиіс, соларды жинастыру керек. Дерекке негізделген ең­бектің құны жоғары болады, із­дене бер, іздей бер», – деп қол­тығымнан демеген болатын.

Өкінішке қарай, Мәкең о дүниелік болып кетті. Мен ұстаздың айтқанын орын­дап, құжаттар іздеуді жалғастыра бердім. Сол тапсырмаға сай қо­лымда бұрыннан жинаған де­ректерімді кітап түрінде дайын­дап, 2005 жылы өз қаражатыма «Астана» баспасынан «Абылай хан» атты 499 бет жинақ шығар­дым. Бұл – Абылай тақырыбына архив құжаттары түрінде, қазақ­шаға аударылып жарық көрген республикадағы тұңғыш еңбек болатын. Кітапқа түрлі пікірлер келіп жатты. «Егемен Қазақстан» газетінде профессор Ақсе­леу Сейдімбековтің «Тарихи шындыққа жаңаша көзқарас» деген мақаласы шықты. Онда менің кітабыма барынша мақтау сипатындағы пікір білдірген ав­тор: «Осылайша З.Тайшыбай тұтас бір ғылыми-зерттеу инсти­тутының жұмысын жалғыз өзі атқарыпты», – деген қорытын­ды жасаған.

Зерттеу жұмыстарын жалғас­тырып, екі рет мемлекеттік грант алып, Мәскеу, Ленинград, Омбы архивтерін зерттедім. Орынбор архивінің қорларын түгелге жуық қарадым. Нәти­жесінде 2012 жылы Алматыдағы «Ел-Шежіре» баспасынан «Қа­зақтың ханы – Абылай» деген атпен екі томдық (әрқайсысы 620 беттен) еңбек шығардым. Президенттік «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарық көрген бұл еңбекте 250 құжат тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізіл­ген. Барлық құжатқа түсінік берілген. Бұрын орыс тілінде жария болған құжаттар тұңғыш рет қазақшаланды.

Қырық жылға тарта созылған абылайтану жолындағы ізденіс­терім одан әрі жалғасуда. 2021 жылы «Северный Казахстан» баспасынан «Абылай хан тари­хы» деген атаумен үш томдық еңбек жарық көрді. Абылай хан­ға қатысты орыс тіліндегі жинақ та дайын. Бұл – ұстазымыз Ма­наш Қабашұлы Қозыбаевтың аманатының орындалғаны деп білемін.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp